22.11.2024, 19:20

Доллар күн сайын қымбаттауда. Елде қымбатшылық жайламай ма?

Фото: РБК

Оған жеткізбеу үшін мемлекет шара қабылдайды.

Осыдан бірнеше күн бұрын доллар бағамы 500 теңгеге жеткен болатын. Ұлттық банктің 22 қарашаға арналған ресми бағамы 1 доллар үшін 494,87 теңге болып белгіленді. Қор нарығындағы құбылмалы жағдай қазақстандықтардың сатып алу қабілетіне қалай әсер етеді? Қымбатшылық күтіле ме? Ұлттық валюта бағамы одан сайын құлдырауы мүмкін бе? Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі осы тақырып төңірегінде сала мамандарының пікірін біліп көрді.

Қазақстанда бірқатар айырбастау бекеттері доллар саудасын уақытша тоқтатып қойды. Елордалық айырбастау пунктінің менеджері Санжар Төремұрат кейбір әріптестерінің доллар құнының ары қарай шарықтайтынын күтіп отырғанын айтады. Ол арнайы форум, чатта пікір бөлісіп тұратындарын жеткізді.

"Ұлттық валюта бағамының қазіргі әлсіреуіне мұнай бағасының кезекті рет құлдырауы, доллар индексінің әлемде нығаюы, теңгеге тірек болар факторлардың азаюы ықпал етті. Қазіргі кезде бюджетке тоқсандық салық төлеу науқаны шырқау шегіне жетті. Соның өзінде теңге бағамы шамалы ғана нығая алды. 25 қарашадан соң салық төлеушілер легі сұйылады. Сонда доллар қайтадан қымбаттай бастайтын түрі бар", – деді ол.

Еске сала кетейік, 2022 жылы ақпан айының соңында Ресей Украинаға басып кіріп, алғашқы санкциялар келгенде паника басталып, наурыз айында бір доллар 527 теңгеге көтерілген болатын. 2-3 күн осындай курс сақталып тұрған. Рекорд сонда қойылған еді.

Қаржы сарапшысы, журналист Айбар Олжай доллардың бұлай қымбаттауы таңғаларлық дүние емес екенін айтады. Тек мұндай жағдайда қарап отырмай, тиімді әрекеттер қабылдап бастау керек.

«Теңге тағдыры Трамп пен ФРС арасындағы шайқастың нәтижесіне байланып тұр. Трамп ФРС-ты белден басып, инфляцияны одан сайын төмендетемін деп ставканы 6 пайызға шығарып жіберсе, және келесі жылы мұнай бағасы барреліне 70 доллардан аса қоймаса, онда нарық теңгені осы 500 коридорына қысып итере бастамақ. Олай болатын болса, біз ұлттық валютаның жаңа психологиялық дәуіріне аяқ басу алдында тұрмыз», - деді ол.

   Әлемдегі қаржы нарығында тұрақсыздықтар байқалып тұр

Бұған дейін Ресейге салынған санкцияларға қарамастан Ресейдегі шетелдік валюталардың бағамы Мәскеу биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде түзіліп отырды. Өйткені, валюта бағамын нарықтық жолмен қалыптастыратын басқа ресейлік қаржы биржасы жоқ еді. Енді Мәскеу биржасындағы шетелдік валютадағы құнды қағаздардың барлық сауда-саттығы толықтай тоқтап отыр.

«Ресейдің бас Қор биржасы Москва биржасында доллар және евро саудаға шығарылмайтын болды. Өте күрделі ақша мәселесі туындауы мүмкін. Мәскеу қор биржасында юань-рубль бағамы анықтаушы бағам ретінде жариялануы мүмкін. Ресей орталық банкі доллар мен еуроны кросс курсы арқылы,  Пекин мен Шанхай биржасындағы юань-доллар бағамы арқылы анықтаса, рубль айтарлықтай құнсызданбауы да мүмкін. Ресей азаматтары мен кәсіпорындары Ресей  банктерінде рубльді алдымен юаньға, содан кейін Қытай банктері филиалдарында доллар мен еуроға айырбастай алады», - дейді экономист Сапарбай Жубаев.

Сарапшының айтуынша, Ресей өз қаржы нарығын реттеу үшін Қытайдан көмек сұрауы мүмкін. Бірақ АҚШ Қытай банктеріне санкция жариялау арқылы шара қолдануы ықтимал. Ресейдегі жағдай доллар-теңге айырбастау бағамына да әсер етеді.

«Доллардың теңгеге бағамы біраз өседі.  Бірақ, Ұлттық қордан валюта биржада көбірек сатылса баланс сақталуы мүмкін. Қолында 1-2 млн қаражаты барлар 50%-ын теңгеге, 50%-ын доллар немесе еврода ұстауы тиімді. Ал 3-10 млн жинағы барлар ақшаны 4-ке бөліп ұстағаны дұрыс: 25% теңге, 25% доллар, 25% жылжымайтын мүлік, 25% бизнес немесе акциялар», - дейді  Жубаев.

Ұлттық банктің жоғары лауазымды өкілі шетел валютасына деген сұраныстың қарқынды өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуымен байланысты екенін айтты.

Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы септесіп отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді.

"Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізді. Инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына соқтырды. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімді арттыру үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі! Үкіметтің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы әзір. Жақын күндері қабылданады", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Бұған дейін мұндай талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болды. Содан соң макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Үкімет пен Ұлттық банктің нарық табиғатына жат мұндай мәжбүрлеу тетігін қайта іске қосуы көп жайттан хабар береді. Бұл енді тұрақты тетікке айналып кетуі де ғажап емес.

Өйткені Әлия Молдабекова квазимемлекеттік сектор субъектілерін валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сатуға мәжбүр ету талабын "шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал" деп атады. Қазақстанды келесі жылы қаптаған "шоктар" күтіп тұруы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Тек мемлекет қамсыз отырмаса болғаны.