$ 519.29  613.28  6.62

Соңғы тамшысына дейін: телефон алаяқтары адамдарды қалай арбайды?

Мұны олар "операция құпия түрде өтуі керек" деп түсіндіреді.

Фото: Kaspi.kz
Фото: Kaspi.kz

Телефон арқылы жасалатын алаяқтық туралы бәрі естіген сияқты, енді оған ешкім алданбайтындай көрінеді. Алайда алаяқтардың өзі де тоқтап тұрған жоқ. Олар алдау тәсілдерін жетілдіріп, адамдарды сендіруге және барын беруге мәжбүрлеуді жалғастыруда. Бұл схемалар қалай жұмыс істейтінін және ақшаңызды қалай қорғауға болатынын айтып береміз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алаяқтар құрбан болуға мүмкін адамға бірнеше рет қоңырау шалады, әр жолы өздерін түрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырады. Алдымен олар адамның ақшасы қауіпте екеніне сендіріп, кейін сеніміне кіріп алады.

Бірінші қоңырау

Алаяқтық схемасындағы алғашқы қоңырау, әдетте, ең қысқа болады. Алаяқтар өздерін кім ретінде таныстырса да ерікті: коммуналдық қызмет қызметкері, ұялы байланыс операторы немесе басқа да қызмет көрсетушілер. Олар "мәліметтерді нақтылау" деген сылтаумен SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Қажетті мәліметті алған соң, әңгімені бірден тоқтатады.

Бұның бәрі — жәбірленушінің жеке деректері ұрланған болуы мүмкін дегенге сендіру үшін қолданылатын психологиялық айла.

Екінші қоңырау

Бұл жолы алаяқтар өздерін ХҚКО (ЦОН) қызметкері ретінде таныстырады. Олар бөгде адамдардың жүйені бұзып, жәбірленушінің жеке деректерін жүктеп алғанын айтады. Алаяқтар мәселені құқық қорғау органдары қарап жатқанын айтып сендіреді. Осылайша олар адамның бойында үрей тудырып, оның салқынқанды ойлау қабілетін әлсіретеді.

Үшінші қоңырау

Енді алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Олар да жеке деректердің бұзылғанын айтып, барлық ақшаны шешіп алып, оларды қауіпсіз "сақтандыру" шоттарына аударуды табандылықпен ұсынады. Сонымен қатар, алаяқтар жәбірленушіге болып жатқан жағдай туралы ешкімге тіс жармауды қатаң түрде ескертеді. Мұны олар "операция құпия түрде өтуі керек" деп түсіндіреді.

Әдетте осы кезеңде адам барлық ақшасынан айырылып қаламын деген үреймен қорқып, өз жинақтарын алаяқтар айтқан "қауіпсіз шоттарға" аударады.

Төртінші қоңырау

Бұл жолы алаяқтар бұрынғыдан да сенімді әрі ресми түрде сөйлейді. Олар өздерін Ұлттық банк, Қаржы мониторингі агенттігі немесе басқа да беделді мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырады. Мақсат — жәбірленушінің сенімін нығайтып, оның соңғы күмәнін сейілту.

Олар алдыңғы "операцияның" сәтті өткенін айтып, енді толық қауіпсіздікке жету үшін тағы бір қадам жасау қажет екенін түсіндіреді. Кей жағдайларда олар жәбірленушіден қосымша шот ашуды, несие рәсімдеуді немесе интернет-банкингке толық қолжетімділік беруді сұрауы мүмкін.

Бұл кезеңде жәбірленуші алаяқтардың айтқанына толық сеніп, олардың барлық нұсқауын орындайды — бұл оның қаржылық шығындарын одан әрі арттырады.

Шешімі қандай?

Айқын нәрсе — бұл "қауіпсіз" немесе "сақтандыру" шоттарының бәрі — ойдан шығарылған. Шын мәнінде, бұл алаяқтардың атына ашылған қарапайым банк шоттары. Жәбірленуші ақша аудару арқылы қылмыскерлерге өз қаражатын, тіпті несиеге алынған ақшасын да, өз еркімен беріп қояды.

Алаяқтар жәбірленушіден ешкімге ештеңе айтпауын талап етіп, оны тек қорқытып қана қоймайды, сонымен қатар оны жақындарымен ақылдасу мүмкіндігінен айырады. Ал дәл осы жақын жандары, мүмкін, алаяқтықты дер кезінде байқап, алдын алатын еді.

Не істеу керек?

Алаяқтарды танып, өзіңізді қорғауға көмектесетін қарапайым ережелер бар:

  • SMS арқылы келген кодтарды ешқашан телефон арқылы ешкімге айтпаңыз. Шынайы коммуналдық қызмет қызметкерлері, ұялы байланыс операторлары немесе басқа қызмет көрсетушілер сізден мұндай мәліметті талап етпейді.

  • Егер сізге "ХҚКО-дан" (ЦОН-нан) қоңырау шалып, жеке деректеріңіздің тарап кеткенін айтса, бұл ақпаратты міндетті түрде тексеріңіз. Трубканы қойып, қысқа нөмір 1414-ке қоңырау шалыңыз. Оператордан деректеріңіздің қауіпсіздігін нақтылаңыз. Егер қауіпсіз десе — сізге алаяқтар хабарласқаны анық. Егер расымен де қауіп болса — қандай әрекет жасау керектігін сұраңыз.

  • Құқық қорғау органдарының шынайы қызметкерлері сізден телефон арқылы ешқандай жеке ақпарат сұрамайды, әрі ешқашан ақшаңызды басқа шоттарға аударуды талап етпейді. Нақты полицейлер сізді бөлімшеге шақырады және қажет болған жағдайда мәліметтеріңізді жазбаша түрде рәсімдеуге көмектеседі.

  • Құқық қорғау органдары сізден ауызша түрде құпияны сақтауды талап ете алмайды. Егер тергеуге тартылған тұлға болсаңыз, құпия сақтайтыныңыз туралы қолхат бөлімшеде жазылады.

  • Алаяқтар айтатын "айна-шоттар" (зеркальные счета) — жалған. Мұндай шоттар мүлдем жоқ. Барлық банк шоттары әуел бастан қауіпсіз, тек сіз өзіңіз үшінші тұлғаларға ақша аудармайынша.

Айтпақшы, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» кампаниясы аясында дәл осындай схемалардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін жаңа бейнеролик жарық көрді. Міндетті түрде көріп шығыңыз.

Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы арнайы бейнероликтер сериясын түсірді. Бұл — адамдарды алданудан сақтау үшін жасалған. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында шығып тұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары