$ 487.02  552.23  6.51

Орталық Азияның офшоры ма, әлде Қазақстандықтарды қанау ма: Банктердің 2026 жылғы қатаң ережесі кімді құтқарады?

Қазақстандық банктер нақты секторға, зауыт-фабрика тұрғызуға немесе ауыл шаруашылығын көтеруге ақша бергісі келмейді.

Фото: creditsdaily.ru
Фото: creditsdaily.ru

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жуырда 2026 жылға арналған жаңа жоспарын жариялап, елдегі екінші деңгейлі банктердің тамағына сүйек тұрғызды. Отыз жылдан астам уақыт бойы экономикалық журналистиканың қазанында қайнап, қаржылық реформалардың талайын көрген маман ретінде айтарым, бұл жай ғана техникалық құжат емес, бұл отандық банк жүйесінің іріп-шірігенін ресми мойындау болып табылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Агенттік дайындаған 82 жаңа нормативтік құжат банктерді қыспаққа алмақ. Енді қаржы ұйымдары лицензияларын жаппай қайта рәсімдейді, ал цифрлық активтермен жасалатын операциялар тек қатаң бақыланатын арнайы платформалар арқылы ғана өтеді. Базалық лицензиясы барлардың актив өсіруі мен халықтан депозит жинауын шектеу, проблемалық банктерді мемлекет емес, нарықтың өз жарнасымен құтқару, исламдық қаржыландыруға кемі 1 миллиард теңге бөлу және активтердің сапасын бағалауды жасанды интеллектке жүктеу, мұның бәрі сырт көзге заманауи реформа болып көрінгенімен, астарында үлкен дағдарыс жатыр.

Ащы шындық мынау, егер банк жүйесі шынымен тұрақты, ашық және халыққа пайдалы болса, реттеуші органға бір жылда 82 бірдей қатаң шектеу құжатын қабылдаудың қандай қажеттілігі туды? Бұл жүйенің өздігінен өмір сүре алмайтынының айғағы.

Тәбеті шексіз банктердің қазіргі сипаты, классикалық экономикалық теорияларға мүлдем жанаспайтын, тек қана тұтынушылық несиеге негиделген паразит заңдылық. Дамыған елдерде банк, өндірісті, шағын және орта бизнесті, жаңа технологияларды қаржыландыратын қозғалтқыш. Ал бізде ше?

Қазақстандық банктер нақты секторға, зауыт-фабрика тұрғызуға немесе ауыл шаруашылығын көтеруге ақша бергісі келмейді. Оларға тәуекелі жоқ, бірақ пайызы шаш етектен келекін тұтынушылық қарыздар мен микронесиелерді үлестірген әлдеқайда тиімді. Халықты жаппай қарыз батпағына батыру арқылы олар миллиардтаған таза пайда тауып отыр.

Шағын және орта бизнес өкілдері үшін несие пайызының жоғарылығы сондай, кәсіпкерлер даму үшін емес, тек банктің пайызын жабу үшін жұмыс істейтін құлға айналды. Теледидардан бастап, той-томалаққа, тіпті күнделікті азық-түлікке дейін бөліп төлеуге алу әдетке айналды. Банктер халықтың қаржылық сауатсыздығын өз мүддесіне шебер пайдаланып, бөліп төлеу деген алдамшы маркетингпен қоғамды психологиялық тәуелділікте ұстап отыр.

Жаңа реформада егер банк төлем қабілетсіз болса, оны құтқару шығындарын нарық қатысушылары өтейді деген тармақ бар. Бұл тармақтың пайда болуының өзі, өткен күннің ащы сабағы. Осыған дейін қаншама ірі банктер, мәселен БТА, Казкоммерцбанк, Астана Банкі және басқалары басшыларының жымқыруы мен сауатсыз менеджментінің кесірінен құрдымға кетті. Ал оларды кім құтқарды? Әрине, Ұлттық қор мен бюджеттің, яғни сіз бен біздің төлеген салығымыздың есебінен миллиардтаған қаржы құйылып, сауықтырылды.

Енді билік бұл жүгермектілікті тоқтатпақшы. Бірақ бұл жерде де шикілік бар. Егер проблемалық банкті құтқару үшін басқа тұрақты банктер міндетті жарна төлейтін болса, ол банктер өз шығынын қайдан өтейді? Әрине, өз клиенттерінің комиссияларын қымбаттату, несие пайызын өсіру және депозит мөлшерлемесін төмендету арқылы қарапайым халықтың қалтасынан қайтадан сорып алады. Ойыншылар өзгереді, бірақ зардап шегуші баяғы сол қарапайым бұқара.

Агенттіктің активтер сапасын бағалауды жасанды интеллект пен үлкен деректерге тапсырмақ ойы, заманауи үрдіс сияқты көрінгенімен, жауапкершіліктен қашудың бір амалы. Банк секторындағы сыбайлас жемқорлық пен таныс-тамырлықпен миллиондаған қайтарымсыз несие беру үрдісін алгоритм жеңе ала ма? Егер банк ішіндегі қаржылық қулықтар, офшорға ақша шығару схемалары цифрлық платформалардың тасасында жасалса, ешқандай жасанды интеллект оны тауып бере алмайды. Бұл тек қағазбастылықты азайтып, бәрі бақылауда деген алдамшы мақтаныш тудыру үшін жасалып жатқан дүние.

Исламдық қаржыландыру үшін банктердің кемінде 1 миллиард теңге актив бөлуі және арнайы кеңес құруы міндеттелмек. Бүгінде діни наным-сенімді маркетингтік құрал ретінде пайдалану белең алып барады. Көптеген банктер шариғат талаптарына сай деген айдармен өз өнімдерін ұсына бастады. Алайда, ішкі есептерін үңгіп қарасаңыз, сол баяғы жасырын комиссиялар мен үстемеақылар, яғни рибаның бүркемеленген түрі алдыңыздан шығады. 1 миллиард теңге бөлу туралы талап, ірі олигархиялық банктер үшін түкке тұрғысыз сома. Бұл тек діни аудиторияның ақшасын заңды түрде айналымға салудың кезекті айласы емес пе деген заңды күдік туады.

Қорыта айтқанда, 2026 жылғы агенттіктің бұл қадамы, банктердің еркін тайраңдауына тосқауыл қоюдың соңғы талпынысы. Бірақ жүйені тек қағаз жүзіндегі 82 құжатпен өзгерту мүмкін емес. Егер банктер өсімқорлық пен халықты тонау саясатынан бас тартып, нақты өндірісті қаржыландыруға көшпесе, бұл реформалар да кезекті көзбояушылық болып тарихта қала бермек. Тәжірибе көрсеткендей, ереже қаншалықты қатаң болса, банктер оны айналып өтудің соғұрлым қулық жолдарын тез табады. Ендігі кезек, биліктің бұл талаптарды қалай орындайтынында, ал біз бұл процестің әрбір қадамын жіті бақылауда ұстаймыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0