$ 458.87  535.09  5.42

Банктер байып жатыр, халық қарызға батып барады: қаржы жүйесі кімге жұмыс істейді?

Өйткені халықтың банкке жүгіну қарқыны да ойландырады.

Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанның банк секторы үшін биылғы жылдың алғашқы жартысы тағы да мол табыспен аяқталды. Алты айда екінші деңгейлі банктер 1 триллион 196 миллиард теңге таза пайда тапты, деп жазады  Sn.kz ақпарат порталы.

Банк активтері 74,2 триллион теңгеге жетті. Капиталдың рентабельділігі 24,1 пайыз деңгейінде қалып отыр. Қаржы ұйымдарының жағдайы тұрақты. Бірақ осы сандардың екінші жағында қарызы жылдан-жылға өсіп жатқан халық тұр.

2026 жылғы 1 шілдеде қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 25,8 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 4,3 пайызға өскен. Соның 17,3 триллион теңгесі – тұтынушылық несие. Ипотекалық қарыз көлемі 7,4 триллион теңгеге жетті.

Бір қарағанда, несие көлемінің артуы экономикалық белсенділіктің белгісі сияқты көрінуі мүмкін. Адамдар баспана алады, көлік мінеді, тұрмыстық қажеттілігін өтейді. Бірақ тұтынушылық қарыз 17 триллион теңгеден асқанда мәселені тек сұраныстың өсуімен түсіндіру жеткіліксіз.

Өйткені халықтың банкке жүгіну қарқыны да ойландырады.

2026 жылдың екінші тоқсанында кепілсіз тұтынушылық несие алуға 15,9 миллион өтінім түскен. Бұл 15,9 миллион адам несие сұрады деген сөз емес. Бір адам бірнеше рет және бірнеше банкке өтінім бере алады. Бірақ үш айда осынша өтінімнің түсуінің өзі қарызға сұраныстың қандай деңгейге жеткенін аңғартады.

Одан да маңыздысы – сұралатын ақшаның көлемі өсіп келеді. Кепілсіз тұтынушылық несие бойынша бір өтінімнің орташа сомасы бір тоқсанда 10 пайызға ұлғайып, 1 миллион 62 мың теңгеге жеткен.

Банктер мұны жалақы жобаларының көбеюі, қайта қаржыландыру бағдарламалары, маркетингтік акциялар және скоринг талаптарының жеңілдеуімен байланыстырады.

Мәселе де осында.

Банк бір жағынан азаматтың төлем қабілетін тексеретін қаржы институты болса, екінші жағынан жаңа клиент тартуға, несие өнімдерін сатуға және табысын арттыруға мүдделі коммерциялық ұйым. Демек, халықтың қарызға деген сұранысы банк үшін тек әлеуметтік мәселе емес, табыс көзі де болып саналады.

Сондықтан «халық неге көп несие алады?» деген сұрақты қарыз алушыға ғана қою әділетсіз.

Банктердің өзі несие өнімдерін қаншалықты белсенді ұсынып отыр? Маркетинг пен жеңілдетілген рәсімдеу адамдарды жаңа қарыз алуға қаншалықты итермелейді? Бір қарызды екінші қарызбен жабатын клиенттердің үлесі қандай? Қайта қаржыландыру шынымен борышкердің жағдайын жеңілдете ме, әлде оның банк алдындағы міндеттемесін тағы бірнеше жылға соза ма?

Бұл сұрақтардың жауабы халықтың қарыз мәселесін түсіну үшін маңызды.

БАНК ПАЙДАСЫ БАР, БІРАҚ АРЗАН АҚША ЖОҚ

Банк секторының табысы триллион теңгеден асқанымен, несие арзан деп айту қиын.

Маусымда халыққа теңгемен берілген жаңа кредиттердің орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі 19,5 пайыз болды. Тұтынушылық қарыздар бойынша көрсеткіш 21 пайызға жетті.

Кәсіпкерлер үшін жағдай одан да күрделі. Бизнеске теңгемен берілген кредиттердің орташа мөлшерлемесі 21,6 пайыз болса, жеке кәсіпкерлер үшін бұл көрсеткіш 29,9 пайызға дейін жеткен. Ірі бизнеске берілетін қарыздың орташа мөлшерлемесі 19,4 пайыз болды.

Осы жерде банк жүйесіне қатысты маңызды қайшылық көрінеді.

Ақшаға көбірек мұқтаж шағын кәсіпкер үшін несие қымбат. Қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары ірі компания үшін оның бағасы төменірек.

Мұны банктер тәуекелмен түсіндіре алады. Шағын кәсіптің жабылып қалу қаупі жоғары, кепілі аз, айналымы тұрақсыз болуы мүмкін. Банк өз ақшасын қорғауға міндетті.

Бірақ банк жүйесінің экономиканы қаржыландырудағы рөлі тек тәуекелі аз клиентті таңдап, жоғары пайызбен ақша берумен шектеле ме?

Егер кәсіпкер 20-30 пайызға жуық мөлшерлемемен несие алса, сол ақшаны бизнеске салып, өндіріс ашып, жұмысшы жалдап, салық төлеп, үстінен банк пайызын өтеуі керек. Мұндай қаржының қаншалықты қолжетімді екенін кәсіп бастаған кез келген адам жақсы түсінеді.

БАНКТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ХАЛЫҚТАН ӘЛДЕҚАЙДА ЖАҚСЫ

Қазақстан банктерінің өтімділігі жоғары активтері 21,9 триллион теңгеге жеткен. Бұл – банк активтерінің шамамен 30 пайызы. Реттеушінің бағалауынша, мұндай қор банктерге өз міндеттемелерін толық орындауға мүмкіндік береді.

Меншікті капитал көлемі де 11,2 триллион теңгеге дейін өскен.

Яғни бүгінгі мәселе банк жүйесінің әлсіздігінде емес. Керісінше, сектор қаржылық тұрғыдан орнықты.

Бірақ тұрақты банк жүйесі автоматты түрде халық үшін тиімді банк жүйесі дегенді білдірмейді.

Банк қанша пайда тапқаны ғана емес, сол қаржы жүйесінің экономикаға қандай бағамен ақша беріп отырғаны маңызды.

Егер банк капиталының рентабельділігі 24,1 пайыз болып, ал жеке кәсіпкердің несиесі орта есеппен 29,9 пайызға берілсе, қоғамның «бұл жүйеде кімнің жағдайы жақсы?» деп сұрауына негіз бар.

ҚАРЫЗЫН ТӨЛЕЙ АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕР ДЕ АЗ ЕМЕС

Халықтың банк алдындағы берешегінің өсуі тағы бір көрсеткішпен қатар жүреді.

90 күннен астам мерзімі өткен халық несиелерінің көлемі 2026 жылғы 1 шілдеде шамамен 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл халыққа берілген барлық несиенің 4,8 пайызы.

Пайызбен қарағанда 4,8 аса қорқынышты көрінбеуі мүмкін. Бірақ оның артында 1,2 триллион теңге тұр.

Бұл – уақытында қайтарылмай отырған ақша.

Қарыздың кешігуі тек банктің проблемасы емес. Оның артында табысы жетпеген отбасы, жұмысынан айырылған адам, бірнеше несиені қатар төлеп жүрген азамат немесе қаржылық мүмкіндігін дұрыс есептей алмаған борышкер болуы мүмкін.

Сондықтан тұтынушылық несие портфелінің өсуіне банктердің рекордтық көрсеткіші ретінде ғана қарау қауіпті.

ШАҒЫМНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ БАНКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ

Банк жүйесінің жұмысын тек пайдасы мен активі арқылы бағалау тағы бір себеппен жеткіліксіз.

2026 жылғы маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдары мен коллекторлардың қызметіне қатысты 16,4 мың өтініш қараған. Бұл бір ай бұрынғыдан 24,2 пайызға көп.

Соның 47,9 пайызы банк секторына қатысты.

Яғни қаржы нарығына байланысты түскен әр екі өтініштің шамамен біреуі банктердің қызметіне тиесілі.

Өтініштердің 45 пайызы қарыз бойынша берешекті реттеу мәселесіне байланысты болған.

Бұл да жай статистика емес.

Банк секторында клиентпен қарым-қатынас мінсіз болса, қарызды қайта құрылымдау, төлемді кейінге шегеру және берешекті реттеу тетіктері барынша түсінікті әрі тиімді жұмыс істесе, азаматтардың реттеушіге осынша көп жүгінуінің себебі неде?

Маусым айының өзінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша банктерге бір жазбаша нұсқама беріліп, жеті қадағалап ден қою шарасы қолданылған және үш әкімшілік айыппұл салынған.

Сондықтан мәселені тек «қарыз алушы шартты оқымады» деп азаматтың мойнына артып қоюға болмайды. Қаржы ұйымының да жауапкершілігі бар.

БАНК ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҰЙЫМЫ ЕМЕС. БІРАҚ...

Әділдік үшін бір нәрсені нақты айту керек: банк – әлеуметтік мекеме емес.

Ол пайда табу үшін жұмыс істейтін коммерциялық ұйым. Депозитке ақша қабылдайды, оны несиеге береді, тәуекелді бағалайды және табыс табады. Сондықтан банктен тегін немесе өзіндік құнынан төмен несие талап ету нарық заңына қайшы.

Бірақ банк қарапайым дүкен де емес.

Оның қолында халықтың депозиті бар. Банк төлем жүйесінің бір бөлігі. Азаматтың баспана алуынан бастап кәсіпкердің бизнес ашуына дейінгі көптеген экономикалық шешім қаржы ұйымдарына тәуелді.

Сондықтан банк секторын тек акционерлерінің табысы арқылы бағалау жеткіліксіз.

Қазақстандағы банктер алты айда 1 триллион 196 миллиард теңге таза пайда тапты. Халықтың қарызы 25,8 триллион теңгеге жетті. Оның 17,3 триллионы – тұтынушылық несие. Үш айда кепілсіз несиеге 15,9 миллион өтінім түсті. 90 күннен астам кешіктірілген халық қарызы шамамен 1,2 триллион теңге болды. Қаржы нарығына қатысты өтініштердің ең үлкен бөлігі тағы да банктерге тиесілі.

Осының бәрін бір жерге жинағанда бір ғана сұрақ қалады.

Қазақстанның банк жүйесі экономиканың дамуына қызмет етіп отыр ма, әлде халық пен бизнестің қарызға деген тұрақты сұранысын табысты бизнес-модельге айналдырып алды ма?

Банктердің пайда табуы – проблема емес. Проблема – банк табысы артқан сайын халықтың қаржылық жағдайы да жақсарып жатыр ма деген сұраққа нақты жауаптың болмауы.

Қаржы жүйесінің тиімділігі банктердің жыл соңында қанша миллиард теңге тапқанымен ғана өлшенбеуі керек. Оның басты өлшемдерінің бірі – халық пен бизнеске ақшаның қаншалықты қолжетімді болғаны, қарыз алушының құқығы қаншалықты қорғалғаны және азаматтың банкке өмір бойы қарыз болып қалмауына қандай жағдай жасалғаны.

Әзірге ресми сандар басқа көріністі көрсетіп отыр: банктердің қаржылық жағдайы тұрақты, ал халықтың қарызы әлі де өсіп келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0