Бұл туралы бүгін Астанада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің қатысуымен өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат».
– Иранмен өзара тауар айналымы соңғы кезде әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты төмендеген болатын. Алайда, биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналамының өсіп келе жатқандығын байқатып отыр. Осы орайда биыл оның көлемі 1 млрд. доллардан асады деп есептеп отырмыз, – деді Елбасы.
Президент Қазақстан мен Иранның географиялық жақындығы, ортақ теңіздік шекаралар, ежелден жалғасып келе жатқан мәдени-гуманитарлық және тарихи байланыстар, сондай-ақ жоғары экономикалық әлеует екі елдің игілігі үшін екіжақты ынтымақтастыққа бағытталуы тиіс екендігін атап өтті.
Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінгі форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығаратындығына үміт артты.
– Бүгін біз экономиканың, саясаттың және өңірлік қауіпсіздіктің барлық салаларына қатысты проблемаларды көтердік. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары бойынша мақсаттарды айқындадық. Бұл тұрғыда транзиттік-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, өндірістік, сауда және басқа салалардағы байланыстар талқыланды, – деді Президент.
Биыл Қазақстаннан Парсы шығанағына дейінгі темір жол құрылысы аяқталуға жақындағанына тоқталған Мемлекет басшысы, осыған байланысты алдағы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд. долларға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара тауар айналымы 620 млн. долларды құрады.