Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында демалыс орындары салынады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушылардың барлық сұранысын қанағаттандыру күн тәртібіне түсіп отыр. Бүгінде халықаралық жолдың бойынан салынатын ғимараттардың эскиздік жобасы талқылануда.
Ғимараттардың бірі Жаңақорған ауданы тұсынан салынбақ. Онда жолаушыларға қызмет көрсету кешені жоспарланып отыр. Бір айта кетерлігі, жүк көліктеріне арналған автотұрақ күн сәулесімен энергия шығаратын қондырғылармен жабдықталады. Жоба толығымен іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Құрылысты 2016 жылда толықтай аяқтау көзделіп отыр. Жоба құны 720,0 млн. теңге.
Дәл осындай кешен Арал және Шиелі аудандарында салынады. Онда газ құю бекеті, 50 орындық дәмхана, сауда орны, техникалық қызмет көрсету орталықтары болады. Әрқайсысында 10-15 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.