Биыл сақтандырылған ауылшаруашылық дақылдары алқабының 1 пайызы қолайсыз ауа райы салдарынан жойылды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Қазагромаркетинг» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 15 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, елімізде 11 338 мың га (сақтандырылуға тиісті егіс алқабының 65 пайызы) жаздық егіс дақылдары алқабы сақтандырылған. Жойылған егіс алқабы бүгінгі күні 119 мың га құрайды (өткен кезеңмен салыстыратын болсақ, 2013 жылы жасасқан келісім-шарттардың қорытындылары бойынша жойылған егіс алқаптарының ауданы жыл соңында 168 мың га; 2012 жылы 1 406 мың га; 2011 жылы 121 мың га; 2010 жылы 1 184 мың га; 2009 жылы 591 мың га құраған болатын).
Сақтандыру жағдайлары орын алған егіс алқаптарының шамамен 46% Ақтөбе облысына, 22 % Қостанай облысына, 17 %-ға жуығы Ақмола облысына және 7 % Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бұл ретте Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында егіс алқаптары құрғақшылықтан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұршақтан, Ақмола және Қостанай облыстарында құрғақшылық пен кей жерлерінде бұршақтан зардап шеккен.
Әдеттегідей егіс алқабының басым бөлігі, нақты айтқанда, 81% құрғақшылық, 1,5 % аңызақ жел және 17 % бұршақтың жаууы салдарынан жойылған.
Биылғы келісім-шарттар бойынша сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру қоғамдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 373 497 мың теңге көлеміндегі сақтандыру төлемдерін өтеген. Агент («Қазагромаркетинг» АҚ) сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру қоғамдарына сақтандыру төлемдерінің бір бөлігін өтеу мақсатында 97 191 мың теңге төлеген.
Дегенмен, бұл мәліметтер әлі де өзгереді. Себебі бүгінгі күні республика бойынша сақтандыру жағдайлары орын алған алқаптарды зерттеу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жойылған алқаптардың нақты ауданы жыл соңында, арнайы комиссиялар дақылдардың жойылу жағдайларын растау жұмысын толық аяқтағаннан кейін белгілі болады.