Мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі байланыс желісіне шаруалардан келіп түскен қоңыраулар саны күрт артты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Қазагромаркетинг» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған мекеменің байланыс орталығына отандық шаруалардан биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында келіп түскен қоңыраулар саны былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 5 есе артты. Ағымдағы жылы шаруаларға арналған желі 1786 қоңырау қабылдаса, 2013 жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл көрсеткіш 349-ға тең болатын.
«Хабарласушылардың сауалдары дәстүрлі болып келеді. Аграрлық саладағы несие беру бағдарламалары туралы ақпарат ең жиі қойылатын сауал болып табылады, қоңыраулардың 60 пайызы осы тақырыпқа арналады», делінген хабарламада.
Өзектілігі жағынан екінші орындағы сауал – бұл агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа қаржылық құралдары, нақты айтқанда, қаржылық сауықтыру үшін АӨК субъектілерінің несие мен лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау, ауылшаруашылық техникасы мен құрал-жабдықтары лизингін субсидиялау, инвестициялық салынымдар кезіндегі шығыстардың бір бөлігін өтеу бағдарламалары (қоңыраулардың шамамен 20 пайызы осы тақырыптарға тиесілі).
Естеріңізге салатын болсақ, байланыс желісіне Қазақстан аумағынан барлық ұялы және стационарлық телефондардан тегін хабарласуға болады. Сall-орталықтың қызметі Астана уақыты бойынша жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін қолжетімді (үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін).
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның байланыс орталығы 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша жұмыс істейді.