$ 449.58  486.94  4.86

Революцияны «ашыққандар» ғана жасайды

Біздің елде әлемдік және отандық экономика саласынан хабары барлар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына қатысты пікірлері бойынша қаққа жарылды.

Алғашқы топтағылар «ұйымға баяғыда-ақ мүше болуымыз керек еді, кешігуіміз ұтылыс болды» деп шықты. Ал екінші топтағы біздер Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу үшін мықты дайындық қажет дедік. Енді міне, атқарушы билік құрған арнайы жұмысшы тобының соңғы хабарына қарағанда ұйымға мүшелікке қатысты келіссөздер осы көктемде толық аяқталатын көрінеді. Бұл Қазақстан Республикасының ең әрі кеткенде осы жылдың аяғына дейін халықаралық алқалы ұйымға мүше болады дегенді білдіреді. Біз мұны «ДСҰ енді пайдалы» деген тұжырыммен қабылдадық. Сонымен, оқырманға енді еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына осы уақытқа дейін неге қарсы шықтық, неге қазір «бұл енді дұрыс, пайдалы» деген сөзді айтып тұрмыз, соны түсіндірейік.

Бәрі анық-қанық болуы үшін бұл ұйымның тарихына көз жүгіртейік. Ол – өткен ғасырдың 30-жылдарында АҚШ экономикасын «баудай түсірген» «алапат дағдарыс» (Великая депрессия) кезінен бастау алған. Алып ел өз экономикасының мұндай жойқын дағдарысқа тап болуының себебін іздегенде бір ақиқат білімділер көзіне бірден түсті, ол – экспорт-импорт тауарларына салынатын баж салығының шектен тыс өсіп кеткендігі. Осыны мойындаған шақта салықты төмендету экономиканы дамытудың бірден-бір жолы екені анықталды. Осы оқиға түрткі болғандай экономика ғылымына «Лаффер қисық сызығы» деп аталатын теория жаңалық ретінде енгізілді. Онда жаңалықтың авторы салық мөлшері 50 пайыздан асқанда экономиканың дамуына кері әсер ететіні дәлелденген. Бұл – бір.

Екіншіден, ел ішіндегі салық мөлшерлемесін төмендету алып ел болса да тығырықтан шығудың бүтін жолы емес еді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мәселе экспорт-импорт тауарларына салынатын баж салығы туралы болғанда оны жалғыз елдің атқарушы билігі шеше алмасы және белгілі. Сондықтан АҚШ атқарушы билігі өзі экпорт-импорт алмасу бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатқан елдерге бір-бірімен алмасатын тауарларды баж салығынан толық босату немесе жеңілдету жайлы ұсыныспен шықты. Мұндай қадамның екі жаққа да пайдалы екені түсіндірілді. Сөйтіп, көп ұзамай Сауда мен тарифтердің бас актісі (ГАТТ – генеральный акт торговли и тарифов) деп аталатын халықаралық құжат өмірге келді. Ол бойынша бұған қол қойған мемлекеттер бір-бірінің тауарларына экспорт-импорт алмасу кезінде баж салығын салмауға міндеттенді. Жасыратын несі бар, мұндай қадам халықаралық сауданы жеделдетіп, ақыр аяғында құжатқа қол қойған мемлекеттердің экономикасы даму қарқынын жеделдетуге өлшеусіз үлес қосты. Олар, құжатқа қол қойған мемлекеттер өрістерін кеңейту үшін осы қадамның нәтижесін кеңінен насихаттап, ұйымға мүше мемлекеттер санын көбейтуге күш салды. Бұл өсім халықаралық қауымдастықтың атын өзгертіп, оны Дүниежүзілік сауда ұйымы деп атауға дейін жеткізді. Бүгіндері біз мүше болсақ деп отырған халықаралық ұйымымыздың қысқаша тарихы осындай. Қазір ұйымға 200-ге тарта мемлекет мүше болған.

Осы араға келгенде «біз осы уақытқа дейін мұндай берері мол ұйымға еліміздің мүше болуына неге қарсыластық?», деген сұрақтың жауабы шыққан секілді. Оқырман аса білімді болмаса да мынаны байқаған шығар: 200 мемлекеттің дамығаны жетеуі ғана, ал 20-сы «G-20»деп аталатын ұйымға мүше екінші сатыдағылар, біз болсақ 2050 жылға қарай алдыңғы саптағы 30 елдің қатарында болсақ деп жүрміз. Қалғандары, яғни 170-тен астамы «үшінші сатыда» жүргендер. Бізден кейін 150 мемлекет орналасқан. Солардың қатарында қандас көршіміз Қырғызстан да бар. Олардың жағдайы қандай екені баршаға белгілі. Жақсы болса, үш рет «революция» жасамас еді ғой. «Революцияны» ашыққандар ғана жасайтыны тарихтан белгілі. Осы айтылған нақты деректерден бір ақиқатты анық-қанық көре аламыз, ол – ДСҰ бәрін бірдей жарылқайтындай жедел жәрдем ұйымы емес деген нақты тұжырым. Бұл ұйым бар болғаны тауарды кедергісіз таратушы қызмет атқарады. Осыларды білгендіктен де Кеңестер Одағы ыдырап, оның қирандысынан шаңырақ көтерген егеменді Қазақстанда дайын тауарлы өндірісі бар индустрияның мүлде жоқ екенін, бұрынғы Қазақстан КСРО деп аталатын алып державаның бар болғаны шикізаттық аймағы болғаны, әрі-беріден соң ауылшаруашылығының да азып-тозғандығы өзімізге айқын көрініп тұрғандықтан, мұндай жағдайда ұйымға мүше болу қате деп ойладық. Ол ұстанымымыз дұрыс та еді. Себебі, барлық импорт тауарларға мемлекет баж салығын салу құқынан айырылатындықтан бюджетті толтыру қиынға түсетінін білдік. Ал біздің сыртқа экспорттайтындай ештеңеміз жоқ еді. Қазірдің өзінде Қазақстанның еті, Бразилия, Аргентина секілді тропикалық аймақтардағы мемлекеттерде өндірілетін етпен баға жағынан бәсекелесе алмайды. Өйткені оларда қысқа қора, жем-шөп дайындалмайтындықтан, мал мәңгі жасыл аймақта жыл ұзағына өз қорегін өзі табатындықтан, дайындалған еттің шығыны мүлде аз. Сондықтан ондай ет кез келген елде бәсекелес қана емес, өтімді тауар болып шығады. Егер мал шаруашылығын осылайша бір ақсатып алсақ, оны қайтадан көтеру мүмкін емес. Себебі мемлекет бюджетінде ақша жоқ болады ғой. Ал ауылшаруашылығы біздің ел халқының 46 пайызы күн көрісін айырып отырған сала. Сонымен бірге жеңіл өнеркәсібіміз де тұралап қалған еді. Оның жағдайы қазір де мәз емес. Десек те біз дәл бүгін ДСҰ-ға өту еліміз үшін енді пайдалы дегенді айтамыз. Неліктен?

«Неліктен» деген сұрақтың жауабы дайын. Бүгінгі Қазақстан аз да болса индустриясын жасап алған ел. Басқасын айтпағанда, бұрын уранымызды балшық күйінде Қырғызстан мен Ресейге тасымалдап сататын болсақ, бұл күндері әлемнің әр түкпіріне өзімізде өңделіп, жасалған АЭС реакторларында бірден жанатын ядролық отын дәрежесінде экспорттайтын мемлекет болдық. Сирек кездесетін металдар өндірісін жасаған санаулы елдер қатарына қосылдық. Теміржолға қажеттіні толық өндіретін елге айналдық. Құрастыру жолымен болса да машина жасаушы мемлекет болдық. Сөйтіп, индустриялануды жалғастырып жатырмыз. Бұларға қоса ауылшаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын аз да болса «сауықтырдық». Ал Батыс Қытай-Батыс Еуропа транзиттік тасымал дәлізінің өзегінде жатуымыз және өндірістік шикізат қорына бай, сондай-ақ, халқы жаппай сауатты мемлекеттің іші тыныш, сыртқы саясаты тұрақты ел болуымыз әлемдік өндірістік тікелей инвесторлар назарын аудартып, ел экономикасына сырттан құйылып жатқан валюталық қаражат жылдан-жылға өсе түсуде. Бұлардың бәрі де, анығырақ айтсақ, бюджетті «мұнай долларларынсыз» жасақтайтын ел болуымыз енді біздің әңгіме өзегіне айналған халықаралық ұйымға мүше болуымызға жол ашып тұрғандай.

Иә, «енді Дүниежүзілік сауда ұйымына кешікпей кірсек, ол аса пайдалы болар еді» дейміз. Себебі біз Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен кедендік баж салығынсыз алыс-беріс жасайтын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Ресей мен Қырғызстан сол ұйымға мүше екенін айтып кеттік. Жаңа жылдың алғашқы айларындағы қорытынды Қазақстанның саудамен айналысатын бір топ кәсіпкері ұтылысқа шыққанын көрсетіп отыр. Мәселе туындауының себебі, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердегі импорт тауарлардың біздегіден әлдеқайда арзанға түсетіндігі. Сондықтан Қазақстан тұтынушылары сол тауарларды өзіміздің импорт тасымалдаушылардан емес, көрші мемлекеттерден сатып алуға көшкен. Бұл отандық сауда саласы кәсіпкерлерінің кірісін азайтып, тығырыққа тіреген. Егер біз Дүниежүзілік сауда ұйымына неғұрлым жылдамырақ мүше болатын болсақ, осы келеңсіздік жойылады. Мінекей, пайда дегенде бізге көрініп тұрған бір тұс осы.

Екіншіден, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу арқылы Қазақстан отандық базардағы импорт тауарларының бағасын ежептәуір түсіреді. Бұл қарапайым тұтынушы үшін көп жеңілдік. Өйткені біздің отандық базарда импорт тауарлардың бағасы тым жоғары. Ал күнделікті тұтынатын тұрмыстық тауарлардың барлығы, киім-кешек, ыдыс-аяқ тегіс импорт тауарлары десек, қателеспеспіз. Сонда әр қазақстандық кемі жылына 10 мың теңгесін үнемдейді деуге болатын шығар. Енді үнемделетін қаражаттың жалпы сомасын шығару қиын емес. 18 миллионды 10 мыңға көбейтсеңіз, 180 миллиард деген сан шығады. Бұл отандастар қалтасында жыл сайын бір мөлшердегі тауарды сатып алып отырады деп қарастырғанда, ең кемі 180 миллиард теңге немесе 1 миллиард доллар қалады деген сөз. Бұл аз ақша емес.

Үшіншіден, енді қорқуға мүлде негіз жоқ. Оның басты себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, жақсы индустрия жасап алуымыздың нәтижесінде импорт шығыны азайып, экспорт кірісі көбейді. Түсініктірек тілмен айтар болсақ, сыртқа сататын тауарымыздың массасы мен сомасы ұлғайып, бұл үрдіс жыл сайын өсетін жағдай қалыптасты. Керісінше импорт сатып алу массасы мен сомасы азайып, бұл үрдіс төмендей беретін жағдайды және жасадық. Сөйтіп, импорт-экспорт алмасуда Қазақстан үшін тиімді қалдық молайды. Яғни, біз қанша импорт сатып аламыз десек те ол үшін мүмкіндік артығымен бар. Өйткені экспорттық тауарлардан түсетін валюталық кіріс одан әлдеқайда көп.

Ақыр аяғында біз импорт тауарларына баж салығын алып тастауға ұйымға мүше ретінде міндеттенетін болсақ, ұйымға осы уақытқа дейін мүше болып келген мемлекеттер де біздің экспорттық тауарларға баж салығын салудан бас тартады. Бұл біздің тауардың бәсекелестік қабілетін арттырып, ортадағы осы уақытқа дейінгі «май шелпек» иеленіп келген делдалдар жойылады. Оффшор аймақтардағы алып-сатарлардың қызметін пайдалану доғарылады. Бұл да үлкен пайда. Өйткені біздің экспорттық тауарлы өндірісіміз уақыт озған сайын өсе бермек. Ал импорттың өсімі мейлінше аз болады. Өйткені тұтынушы өсімі аз ғой.

Осынау ақиқаттарды ой елегінен өткізе келіп, енді Қазақстан үшін ең пайдалы ұйым – халықаралық Дүниежүзілік сауда ұйымы дегенді батыл айта аламыз. Бұған неғұрлым тезірек мүше болсақ, дамуымыз бен халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы соғұрлым тезірек жақсарады.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН,

Халықаралық  Еуразиялық экономикалық академиясының академигі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары