$ 498.55  524.28  4.75

Алматыда ШОБ-пен айналысатын кәсіпкерлер 7,3%-ға артты

Елімізде ұлттық экономикаға, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік үлесін арттыруға басымдық беріліп келеді. Соған сәйкес, 2016 жылы Doing Business рейтингінде Қазақстан Венгрия, Италия, Чили, Израиль, Люксембург елдерін артта қалдырып, 41-орынға көтерілді. Елімізде шағын және орта бизнес (ШОБ) саласының дамуына алматылық кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесі үлкен.

Алматы қаласы әкімдігі жариялаған дерекке сәйкес, жеті айдың қорытындысы бойынша қалада ШОБ субьектілерінің қатары 7,3% -ға өсіп, 172,9 мыңға жетіпті. ШОБ саласында жұмыс істейтіндердің саны 2017 жылдың бірінші тоқсанында 581 мың адамға, яғни, 2,4%-ға артқан. Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай «БЖК – 2020» бағдарламасы аясында 2015 және 2016 жылдары 448 жоба іске асырылған. Осы арқылы 2 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биылғы жылы субсидия мен грант және кепілдікке 4,4 млрд. теңге бөлінген екен. Сол арқылы 1,6 мың жұмыс орны пайда болған. Сонымен қатар, «Жібек жолы» өңірлік бағдарламасына 2015 жылдан бері «Даму» қорымен бірге 175 жобаны қолдау үшін 10,7 млрд. теңге бөлінген. Бағдарламаға қатысушылар 2016-2017 жылдары 1,2 млрд. теңге салық төлеген екен.

«Алматы қаласының Қазақстан экономикасының дамуына қосатын үлесі өте жоғары. Донор қала болғандықтан мемлекеттік бюджетке салықтың 31 пайызы осы Алматы қаласынан түседі. Жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын Алматы құрап отыр. Бұл шикізаттық бағытта дамып отырған қала емес, экономикасы әртараптандырылған қала. Негізгі 86 пайызын сауда мен қызмет көрсету саласы құрайды. Шағын және орта кәсіптің қайнап тұрған жері осы сүйікті қаламыз. Дүниежүзілік банктің Doing Business деп аталатын рейтингісі бойынша Қазақстан жоғары орынға көтерілді. Оған Алматы қаласының қосқан үлесі зор», - дейді экономист Мақсат Халық.

Алматы қаласында кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2020» және Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша төмен пайыздық көрсеткішпен несие ала алады. Кәсібін енді бастап, аяқтан тұрып келе жатқан кәсіпкер үшін бұл маңызды мәселе. Себебі, коммерциялық банктердің барлығы қарыз берер алдында кепілдік сұрайды. Ал шағын кәсіпкердің несие тарихы болмаса, оған қаржы да берілмейді. Берілген күннің өзінде жоғары пайызбен алуға мәжбүр болады. Осы қиындықтардан шығуға кәсіпкерлікті реттеу механизмдері жол ашып берді. Оған 2015 жылдан бері ШОБ-қа берілетін несие көлемінің артқанын дәлел ретінде келтіруімізге болады. Несие өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артық беріліпті.

Айта кету керек, қазіргі уақытта кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға көңіл бөлініп келеді. Банктен несие алуға кепілдік беру мен кеңес беру, әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік тексерістерді азайту, кейбір жағдайларда тексерістен босату сынды кәсіпкерлікті мемлекеттік деңгейде қолдау тетіктері бар.

Алматы қаласында кәсіпкерліктің басым бөлігі саудамен байланысты. Мәселен, елімізде тіркелген 1 миллион 453 мың жеке кәсіпкердің 47 пайызы осы сауда саласында жүр. Ranking.kz сараптама агенттігінің Дүниежүзілік банк деректері негізінде жыл басында жасаған зерттеуін алып қарайық. Ол жерде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 26 пайызын, бизнеспен айналысатын халық республикалық еңбек нарығының 36 пайызын құрайды деп жазылған.

Алматы – үлкен бизнес орталығы. Тұрғындар арасында кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылық артып келеді. Алматы қаласы кәсіпкерлік субъектілерінің ЖІӨ-ге қосатын үлесіне байланысты 29 пайызбен үшінші орында тұр. Одан бөлек, бүгінгі таңда кәсіпкерлікке баулуға арналған курстар бар. Ол «БЖК – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде «Бизнес кеңесші» мен «Бизнес өсім» деп аталатын жобалар бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары