Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Мұны Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауларында да, «Қазақстан-2050» Стратегиясында да ерекше атап өткен. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін ең алдымен халықтың әлеуеті арту керек. Ал, халықтың әлеуеті арту үшін жұмыссыздар санын азайту қажет. Әрине, жұмыссыздардың бәріне мемлекеттік, бюджеттік қызметтер үлестіретін ахуал ешбір мемлекетте жоқ. Тек халықтың кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау арқылы ғана оның әлеуетін арттыруға болады.
Қазақстан үкіметі жыл сайын шағын және орта бизнеспен айналысамын деушілерге түрлі жеңілдіктер жасап, төменгі пайызбен несиелер беріп келеді. Одан бөдек, салықтың кейбір түрлерінен де уақытша босатқан. Соның нәтижесінде болар, қазақстандықтар арасында өз кәсібімен айеналысушылар саны жыл сайын артып келеді. Тиісінше, елдің экономикалық ахуалы да жақсарған. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында салық салынғанға дейінгі шағын бизнестің пайдасы 981,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 29,6 пайызға көп. Оның ішінде шағын сауда және шикізат кәсіпорындарының жұмысы қарқын алып отыр. Мамандар шағын сектордың алға жылжуына ұлттық экономиканың өсімі тікелей әсер еткенін айтуда.
Естеріңізге салсақ, биыл еліміздегі экономикалық жағдай бір қалыпқа түсіп, жыл басынан бергі ІЖӨ 4,2 пайызға тұрақтаған еді. Осыған сәйкес, шағын кәсіпорындардың табысы 11,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29,3 пайызға өсті. Айта кетейік, 2010-2015 жылдар аралығында шағын сектордың кірісі 6 трлн теңгеден аспаған. Бұған инфляция әсер еткен болуы да мүмкін дейді мамандар. Бір жағынан, инфляция сектор шығынының артуына да себеп болып отыр. Мысалы, биыл шағын кәсіпорындар 10,6 трлн теңгеге шығындалған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 29,3 пайызға көп. Бірақ мекемелер кіріс көлемінің ұлғаюы арқылы пайдаға шығып отыр. Көп жағдайда кәсіпорындарда банктегі салымдар немесе акционерлердің көмегі арқылы кіріс артады. Бірақ қазіргі жағдайда шағын кәсіпорындар «табиғи» жолмен, яғни мекемеге көрсеткен қызметі арқылы түсім түскен.
Finprom сараптама агенттігі «Егер экономикада аяқ астынан жағымсыз өзгерістер болмаса, онда биыл шағын бизнестің көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары болмақ. 2016 жылы бұл сектордың таза пайдасы корпоративтік табыс салығын төлегенге дейін 1,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғарғы табыс көлемі» деп мәлімдеді. Агенттіктің хабарлауынша, шағын сектордың ішінде ең жоғары пайда тапқан – тау-кен өндіру кәсіпорындары (159,3 млрд теңге) мен көтерме және бөлшектік сауда (141,6 млрд теңге). Биыл қаңтар-маусым аралығында қаржылық қызмет көрсететін шағын кәсіпорындардың түсімі 72,7 млрд теңгеге немесе 23,1 пайызға, өзге де кірістердің көлемі 214,5 млрд теңгеге немесе 18,1 пайызға төмендеген.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан МҰҚЫШБАЕВА:
– Статистиканы алып қарасақ, алғашқы жарты жылда өнімдерді өткізуден және қызмет көрсетуден түскен салық салынғанға дейінгі пайда 981 млрд теңгені құраған, яғни 1 трлн теңгеге жуық. Өңірлер тұрғысынан алатын болсақ, барлық өңірлерде оң түсім байқалған. Тек Маңғыстау облысының кәсіпорындары 57 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Барлық өңірдегі кәсіпорындардың табысының артуына, біріншіден 2016-2017 жылдардағы экономиканың өсуін айтуға болады. Салыстырып айтқанда, 2015 жылы шағын кәсіпорындарда 901 млрд теңге көлемінде шығын байқалған болатын. Ол жылдары, барлығымыз білетіндей, мұнай бағасы төмендеуіне және макроэкономикалық жағдайға сәйкес, экономикада құлдырау байқалды. Биылғы оң өзгеріс экономикадағы өсімге тікелей байланысты. Себебі, бірінші жартыжылдықта экономикалық өсім 4,5 пайыз көлемінде болды. Бұл – халықтың сатып алу қабілетінің жоғарылауына әсер етеді. Ол өз кезегінде шағын кәсіпорындар өндірген өнімге деген сұранысты арттырады, – дейді.
Сарапшының айтуынша, шағын бизнестегі табыс көлемінің артып, тасының өрге домалануына Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да септігін тигізген. Биылдан бастап іске қосылған бағдарлама кәсіпкерлерді оқыту және несие беру жағынан ауыл мен қала тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған. Осыған байланысты сарапшы: – 2017 жылдың тамызында Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,2 пайызға өскен. Бұл бағдарлама арқылы несиелеудің бір көрсеткіші, яғни берілген несиені пайдалану арқылы кәсіпкерлердің саны артқан. Соның ішінде өңірлер арасында кәсіпкерлер санының өсуі жағынан Батыс Қазақстан облысы ең жоғарғы көрсеткішке ие. Онда 12,1 пайызға дейін өскен. Одан кейінгі Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер саны – 9,9 пайызға, Жамбыл облысында 9,3 пайызға артып отыр. Бұл да бір несиелендірудің жетістігі деп білуге болады, – деген пікір айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінге дейін бағдарламаға 340,7 мың адам қатысқан. Оның ішінде, 44,5 мыңы бір кәсіпті меңгеріп шықса, 4,6 мыңы бағдарлама аясында шағын несиеге қол жеткізген.
Көптеген экономист мамандар дамушы елдердің экономикасын алға жетелеуде шағын бизнестің маңызы зор екенін айтады. Айжан Мұқышбаева да шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі өте жоғары деген пікірде. Оның айтуынша, еліміздегі жұмыспен қамту бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36 пайызды құрайды екен. Бұл дамыған елдермен салыстырар болсақ, әлі де төмен.
– Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінде аталған көрсеткіш 70 пайызға дейін жетеді. Яғни, шағын және орта бизнес жалпы экономикадағы халықтың 70 пайызын жұмыспен қамтамасыз етеді. Бізде ол – 36 пайыз. Демек, бізде әлі де болса шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Одан бөлек шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі бізде – 25-26 пайыздың көлемінде. Дамыған елдерде ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің көлемі 55-60 пайызға дейін жетеді, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, сараптама агенттігінің талдауларында шағын сектор 2016 жылы қызмет көрсетуден және тауарларын өткізуден 18,8 трлн теңге табыс тапқаны және оның 2015 жылмен салыстырғанда 5,3 трлн теңгеге көп екендігі айтылған. Сонымен бірге, бизнес иелерінің кәсіпорындарға салған көмек қаражаты 1 трлн теңгені құраған. Шағын кәсіпкерлік бизнесмендер тарапынан болсын, Үкімет қолға алған түрлі бағдарламалар арқылы болсын, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Демек, биыл аталған сектордан үлкен нәтиже күтуге болады.