«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бірнеше басым бағыты бар. Солардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы екені белгілі. Бұл жоба еліміздегі ауыл-аймақтың әлеуетін көтеріп, ондағы тұрғындардың рухани азық ауын көздейді. Оның аясында бүгінде мектептер мен балабақшалар, жолдар, саябақтар салынып, түрлі концерттер, шығармашылық кештер өткізілуде.
Ал, Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылында тұратын тұрғындар өңірге танымал азаматтармен кездесіп, тәлімге толы әңгіме тыңдады. Өңірге танымал азаматтар деп отырғанымыз – осы ауылда туып өсіп, үлкен белестерге жеткен азаматтар. Бүгінде олар Тәттінің қайта түлеуіне атсалысып жүр.
Тәрбиелік мәні терең іс-шараның қардірлі қонақтары жиналғандар мен жастарды туған жерді сүйіп, әрқашан қамқорлық танытып жүруге шақырды. Айтып қана қоймай, іспен дәлелдеді. Бірі ауыл кітапханасына 100 дана әдеби кітап сыйласа, енді бірі мектеп пен медициналық пунктің айналасын абаттандыруға, жер асты суын тартуға жалпы сомасы 1,5 млн теңге көлемінде көмек көрсетті.
«Балаларға сіздерді мысал етіп айтып отырмын. Өсіп-өнгендер туған жеріне туын тігіп, көмек көрсетіп жатырсыздар. Құдық қазып беріп жатыр. Шырша егіп жатыр. Қолы қысқа жандарға киім алып беріп жатыр. Рахмет дегеннен басқа айтарымыз жоқ», - деді кездесуге келген ауыл тұрғыны Тұрсын Меркібаева.
Кездесу бұдан әрі тәрбиелік сынып сағаттарына ұласты. Онда ауыл түлектерінің еңбегі мен өнегелі өмірі оқушыларға үлгі етілді.
«40 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер бар. Жылда демеушілік жасап тұрады мектебімізге. Кітап, киім, спорттық жабдықтармен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл оқушыларға үлкен өнеге», - дейді Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Лаура Спанбаева.
Мұнан соң аула клубының алдында тұрғындардың құрметіне арналған концерт қойылды. Аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді. Бұл бірлігі мен тірлігі жарасқан берекелі ауылдың бүгінгі көрінісі. Көпке үлгі істің жалғасы осылайша әр елді-мекенде де көрініс табуы тиіс.
«Біз осы ауылда туып өскенбіз. Осы ауылдың түлегіміз. Мектепті 1968 жылы бітірдік. Міне амандық болса 50 жыл болады екен. Бүгінгі іс-шара жастарға үлгі. Енді соны жаңартып, жылды ұйымдастыруымыз керек», - деді «Жылыбұлақ - Меркі» ЖШС директоры Аманжол Әкетаев.
Тағылымға толы іс-шараның соңы ауыл мектебінің айналасына 25 түп тал отырғызу акциясымен қорытындыланды.