$ 498.55  524.28  4.75

Рухани жаңғырудың басты өзегі

Жаңа әліпбиге көшу үрдісін жалпы қоғам түгелдей түсініп, бірауыздан қолдап отыр. Қазір қала мен далада тұратын халық түгелдей саяси тұрғыда өте сауатты. Мұның бір айғағы латын графикасының нұсқасын бекітудегі қызу, жан-жақты талқылаулардың болуынан айқын көрініс тапты. Жасыратыны жоқ, кейде жастардың осынау үрдістің жалпы еліміз үшін қаншалықты тиімділігі барын білгісі келіп, сұрақтарын қойып жататыны бар. Оларға білгенімше жауап беремін. Алайда осы жай мені түрлі ойларға да қалдырады.

Латын жазу үлгісін қолдану ең алдымен мектептерде үш тілде оқытуды дамытуға, отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашуға, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге де мүмкіндік туғызады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын жандандырады деп ойлаймын. Сондықтан жалпы білім беру жүйелерінде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын жас буын өкілдеріне бұл шараның мән-маңызын ұстаздары жеткілікті деңгейде айтып, түсіндіруге тиіс. Бұл ең алдымен жастарымыз үшін өте-мөте қажет. Олар болашаққа дұрыс қадам басып, отандық ғылымды жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін де осындай түбегейлі өзгерістің қажет болғанын жан-жақты біле жүрсе, артықтық етпейді.

Қазақ тілі мамандары латын графикасына көшу – тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер санын кемітіп, сол арқылы оның табиғи таза қалпын сақтауға ықпал ететінін айтуда. Меніңше, бұл ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде қажеттілік қана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына да септеспек. Бір жағынан аталмыш жоба басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа ретінде де қарастырылып отыр. Сондықтан да жаңа графика еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз.

Біз қазақстандықтардың рухани өзегі болып табылатын қазақ тіліне қатысты бұл мәселенің нақты жүзеге асып, барлық салада пайдаланылуы қажеттігін түсінеміз. Латын әліпбиі қазақ тілінде жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруде қолайлылық туындатады, еліміздегі рухани жаңғыру бағдарламасының өзегіне де айналады деп сенеміз. Сондай-ақ, Қазақстанға инвестиция тартуға, халықаралық бизнесті және туризмді дамытуға да ықпалы артатынына көзіміз жетеді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі 2025 жылы аяқталады. Демек, асығыстық жөнінде ешқандай сөз болмайды. Әрине, алдағы жеті жылда қызу жұмыс жүретіні аян. Сондықтан барлығымыз жаңа графиканы меңгеруге әзірден кірісуіміз керек-ақ.

Қазақстан ендігі жерде халықаралық қоғамдастықтың ортасында өз бет-беделі, өз жолы бар ел ретінде одан тыс қала алмайды. Сол себепті де халықаралық қатынастағы үлес салмағы сексен пайыздан асатын, дүние жүзінде 4,5 миллиард адамға дейін қолданатын латын әліпбиін қабылдау – тарихи шешім деп ұққанымыз дұрыс. Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің басы, қазақ тілінің, қазақ рухының «Мәңгілік Ел» идеясымен бірге жасауының басты кепілі болатынына бек сенімдіміз.

Эльмира МЫРЗАГЕЛДИЕВА,
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Т.Рысқұлов аудандық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары