$ 498.55  524.28  4.75

Алматыда Мәншүк Мәметованың мүсіні ашылды

Алматыда Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер шеңберінде Мәншүк Мәметованың мүсіні орнатылды. Мүсіннің салтанатты ашылу рәсімі батырдың 95 жылдық мерейтойына арналған. Мүсін авторы - Тілеуберді Бинашев.

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова бұл мектепте 1931-38 жылдары білім алған. Дәл осы білім шаңырағынан екінші дүниежүзілік соғысқа мектеп директоры Геннадий Фадеевич Званцев бастаған  120 адам аттанған.

- Мектеп басшылығына ризалығымды білдіргім келеді. Ұжым ешқашан Мәншүк қызды естен шығарған емес. Мұнда музей ашты, ескерткіш тұрғызды, бүгін мүсінін ашып жатыр. Біз 100-бригаданың әскерилері алғыс білдіреміз. Мәншүк майданға 6 рет сұранып, әзер дегенде аттанған. 18 жастағы қаршадай қыз қалың оттың арасына қорықпай барып, жаралы сарбаздарды сүйреп шығатын. Мен ең алғаш жараланғанда ол менің жарамды таңып, санитарлық батальонға салып жіберген. Бәріміз бірге Невель қаласының түбінде шайқастық. Мәншүк 21 жасында жарықшақ тиіп көз жұмды. Қазақстаннан барған 100 адамның тек 37-і ғана тірі оралды, - деді Мәншүк Мәметованың майдандасы Сұлтан Жиенбаев.

Музей демекші, майдан даңқына арналған бұл мзейді Мәншүктік анасы Әмина Сүлейменқызы 1978 жылы ашқан. Аталмыш музей оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мұғалімдер мен оқушылардың өз қолымен жасаған мұражайы - Отан үшін опат болған ұрпақтың алдындағы парызын өтеудің көрінісі іспеттес. Қасық қаны қалғанша жері үшін күрескен батырларымыз біздің санамызда мәңгілік жасайды.

Музейге Ұлы Отан соғысы жылдарындағы үшбұрыш хат, ресми құжаттар, фотосуреттер сияқты әртүрлі құнды экспонаттар қойылған. Бұл жерде қару, снаряд, әртүрлі оқтар, соғыс болған жерден әкелінген топырақ сақтаулы.

Айта кетейік, салтанатты шараға оставкадағы полковник, Алматы қаласының Құрметті азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мәншүк Мәметованың майдандасы Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев, Мәншүк Мәметованың майдандасы, 100-батальонның телефонисі, ҚазКСР Халық ағарту ісінің үздігі, Білім беру мен педагогика саласындағы еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері атанған Бекбосын Исатайұлы Кереев, Мәншүк Мәметованың сіңлісі Айман Мәметова қатысты.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары