Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Халифа Алтай Халықаралық қайырымдылық қоры, «Ер Жәнібек» қоғамдық қоры және РМК «Ғылым Ордасымен» бірлесе отырып түркі әлеміне кеңінен танымал дінтанушы-ғалым, қайраткер Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру және Халифа Алтай мұрасы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға танымал ғалымдар, профессорлар, Халифа Алтай мұрасын зерттеушілер мен «Халифа Алтай Халықаралық қайырымдылық қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшелері қатысты. Конференция аясында Халифа Алтайға арналған кітап көрмесі мен деректі фильм ұсынылды. Сондай-ақ, «Халифа Алтай Ғақыпұлының библиографиялық көрсеткіш» кітабының тұсауы кесілді. Халифа Алтайдың мұрасын зердеу мәселелеріне арналған ғылыми баяндамалар тыңдалды.
Конференция жұмысы барысында мынадай өзекті мәселелер талқыланады:
- Ұлы дала елі және Халифа Алтай: өмірі мен мұрасы, тағлымы;
- Дінтанушы-ғалым және қайраткер Халифа Алтай;
- Рухани жаңғыру және Халифа Алтай мұрасының зерттелу барысы мен бағыттары;
- Халифа Алтай туралы естеліктер.
Конференцияда түркі әлеміне кеңінен танымал дінтанушы-ғалым, қайраткер Халифа Алтай Ғақыпұлының қасиетті «Құран Кәрімді» ана тілімізге аударып, мағынасы мен түсінігін тәуелсіз елімізге дер кезіне таратып кеткен еңбегін сөзге тиек етті. Конференция ғылыми қауымның ақпарат алмасуы мен халықаралық байланыс үшін өзіндік алаң болды. Жетекші ғалымдар ҚР БҒМ ҒК қолдауымен жүргізген өздерінің зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, сонымен қатар өз жұмыстарының нәтижелерін көрсетті.
- Халифа Алтай ағамызға тағзым етіп, ол кісінің еңбектерін зерделеуге шақыра отырып конференция ұйымдастыруды жөн көрдік. Конференцияға ағамыздың жұбайы, бауырлары, балалары қатысып отыр. Халифа Алтай ағамыздың орны бүгінде ойсырап тұр. Ислам дінін белсенді таратушы, ислам дініне байланысты басқа да кітаптарды қазақ тіліне тәржімәлап ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Біз сол мұраны бүгінгі жастарға насихаттап, тәрбиелік маңызын көрсетуіміз міндетті. Алдағы уақытта Тарих және этнология институты тарапынан келесі жылы магистрларға тарихи этнологиялық бағытта тақырып беруді көздеп отырмыз. Мұның бәрі бізді рухани тұрғыда азықтандырады. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай құнды мұраларымызды кеңінен насихаттап, жастарға үлгі ретінде патриот болуға шақыратын шараларды көп ұйымдастыруымыз қажет,-дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.
Конференцияға қатысущылар қазіргі қазақ қоғамының дамуындағы қайраткер мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығын атап өтіп, келесідей қаулы жасалды:
1. Дінтанушы-ғалым, қайраткер Халифа Алтайдың мұрасын зерделеу мақсатында арнайы зерттеулер жүргізу.
2. Осы мақсатта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының магистранттарына магистрлік ғылыми жұмыстарына Халифа Алтай өмірі мен қызметі, шығармашылығын зерттеуге қатысты тақырыпты бекіту.
3. Халифа Алтай халықаралық қайырымдылық қоры атынан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының магистранттарына Халифа Алтай атындағы стипендиялар тағайындау мүмкіндіктерін қарастыру.
4. Жыл сайын өткізіліп тұратын халифа Алтай оқуларын ұйымдастыру.
Айымхан Әмірбекқызы