«Бәйтерек» ұлттық холдингі елімізде орта бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасын әзірледі. Оны табысты іске асыру нәтижесінде 20-30 бәсекеге қабілетті отандық компания пайда болады деп күтілуде. Олар Қазақстанда еңбек өнімділігін жылына 10 пайызға арттыруға және экспорттық өнімнің үлесін 30 пайызға дейін арттыруға қауқарлы болмақ. Бастапқы кезеңде қанатқақты негізде жұмыс істейтін бағдарламада агроөнеркәсіптік кешен, машина құрылысы және құрылыс материалдарының өндірісі секілді үш салаға екпін қойылады.
Холдингтің басқарушы комитетінің бірінші отырысында жаңа бағдарламаның таныстырылымы болып өтті. Бағдарлама еліміздің шикізаттық емес секторында бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған аймақтық және әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар шоғырын қалыптастыруды көздейді. Жоспарға сай, бағдарламаның алғашқы кезеңі сынақ түрінде жүзеге асырылмақ. Холдингтің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың мәлімдегеніндей, бағдарламаға активтері 2 млрд. теңгеден асатын, соңғы үш жылда тұрақты дамыған, осы уақытта бір рет болсын өнімін экспортқа шығарған және кемінде 200 жұмыс орны бар кәсіпорындар қатыса алады. Ал сапалық талаптарға келсек, менеджмент, стратегия, бизнес үлгінің әлеуеті бағаланады.
Бағдарлама аясында қарастырылған қолдау шаралары үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының құралдарын пайдалану арқылы қаржылық қолдау көрсету – тікелей несиелендіру, банкаралық несиелеу, лизингтік мәмілелерді қаржыландыру, пайыздық үстемелерді субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, экспорттық сақтандыру, экспортқа шығарар алдындағы қаржыландыру мен сауда операцияларын қаржыландыру, инновацияға гранттар бөлу көзделген. Екінші бағыт бойынша консалтингтік көмек көрсетіледі. Бағдарламаға қатысушы компаниялар басқару саласы бойынша әлемдік озық тәжірибелермен танысып, нақты көмектер алу мүмкіндігіне ие болады. Қажет болған жағдайда мамандарды арнайы оқыту да қолға алынады. Үшінші бағыт – мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жолға қою. Бағдарлама аясында компаниялардың жұмысына қатысты мәселелерді шешіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу үшін мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнату жоспарланған. Холдингтің басқарушы комитетінің бірінші отырысында инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов, Үкіметте өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау жоспарының бірінші кезеңі қабылданғанын хабарлады. «Біз қазір өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау жоспарының бірінші кезеңін қабылдадық және Үкіметте жұмыс орындары мен өндірістерді сақтап қалу үшін еліміздің кәсіпорындарын, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған басқа да шараларды талқылап жатырмыз», – деді министр. Сонымен қатар, ол биыл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын және
индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру басталғанын еске салып өтті. «Екінші бесжылдық аясында орта кәсіпорындарды қолдау бойынша жаңа тетік енгізілуде. Ол бизнес жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырмақ. Алғашқы қанатқақты кезең аталған бағдарлама аясында іске асырылады. Ол үш саланы қамтиды, 30-40 компанияға қолдау көрсетіледі. Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге де салалар мен кәсіпорындарға тарайды. «Бәйтерек» осы бағдарламаның үйлестірушісі болады», – деді Ә. Исекешев. Мұнымен қоса ведомство басшысы Үкімет еліміздің жаңа экспорттық стратегиясы бойынша жұмыс істеп жатқандығын, оған қолдау көрсетудің кейбір тетіктері енгізілгенін жеткізді. Жыл басынан бері «Бәйтерек» холдингі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімшілік өкілдері еліміздің тоғыз өңірінде болып, бағдарламаны түсіндіру үшін 1,5 мың кәсіпкермен кездесулер өткізген. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға 200-ден астам кәсіпкер өтініш беріпті. Бағдарламаның тұжырымдамасы АҚШ, Франция, Германия, Сингапур, Малайзия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің тәжірибелері негізге алына отырып дайындалған. Мәселен, Жаңа Зеландияда осындай бағдарламаға қатысушы компаниялардың экспортқа тауар шығаруы 25 пайызға артқан. Ал Малайзияда орта деңгейдегі 50 компания қолдауға ие болып, олардың барлығы дерлік өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығара бастаған. Бұл ел бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 20 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашып, экспорт көлемін 1,7 млрд долларға арттырған. Бағдарлама орта бизнеспен айналысатын отандық кәсіпорындардың өңірлік және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кешенді қолдау көрсетуге бағытталған. Сол арқылы шикізаттық емес экспортты дамыту, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру, жалақысы жоғары жұмыс орындарын құру секілді міндеттерді шешу көзделіп отыр.