«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елімізде тағы бір жаңа темір жол вокзалы салынатын болды. Бұған дейін республика аумағында аталған бағдарлама бойынша жүздеген шақырым рельс төселгенімен, небәрі бір ғана вокзал салынған болатын. Ол - Астанада 2017 жылы пайдалануға берілген жаңа халықаралық вокзал. Нысанға Президенттің өзі «Нұрлы жол» деген атау бергені есте.
Ендігі темір жол вокзалы Шымкенттен салынатын болады. Биыл мұндағы қала халқының саны 1 миллион адамға жетіп, «үшінші мегаполис» статусын алғалы отыр. Яғни, бұл шаһардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жанданады деген сөз. Оның үстіне, Шымкентке келуші туристердің саны да жыл сайын артып келеді. Қаладағы ескі теміржол вокзалы мұншама адамды қабылдауға мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан, жергілікті билік мегаполис статусына лайықты етіп жаңа айналма темір жол вокзалын салуды қолға алып отыр.
Жаңа вокзал күніне 20 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Жоба тұжырымдамасы халықаралық бастамашыл топпен, жоба жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алихан Бижанов пен техника ғылымдарының докторы, профессор, «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Алтайбек Оразбеков, ҚР сәулетшілер одағының ОҚО филиалының төрағасы Асқар Мамырбаев және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдерімен бірлесе әзірленді.
Заманауи үлгіде бой көтеретін қаладағы екінші теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры А.Оразбеков таныстырды.
Олардың айтуынша, бұл жоба зерттеу қорытындысы бойынша Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес екен. Өйткені темір жол желісін салу кезінде көлік салудың және пайдаланудың озық «цифрлық» технологиялары енгізілсе, көлік процесінде инновациялық технологиялар, соның ішінде жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды енгізу көзделген.
Шымкент қаласының бас жоспарына сай «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында салынуы тиіс вокзалдың жобасы аясында «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалы мен жүкті сұрыптау станциясы және үлкен автовокзал салынады деп жоспарлануда. Сонымен бірге жалпы алаңы 16 гектарды құрайтын жобада қонақ үй мен әкімшілік ғимарат, 1000 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған.
Жоба жетекшісі Шымкент қаласының 2020 жылы болатын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай, жобаны іске асырып, пайдалануға беру мүмкіндігін айтты.
Өз кезінде облыс әкімі бұл жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін және жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және туристерді аймаққа тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты ол тиісті ведомство басшыларына жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.
Қазіргі таңда жоба республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау алгоритміне сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарымен жұмыс үйлестіру сатысында тұр.