$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстауда туризмді дамытуға мүмкіндік көп

Маңғыстау облысында негізгі туристік нысандарды қажетті инфрақұрылым мен көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін электр тасымалдау желілерін, сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерін салу, жолдарды қалпына келтіру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.

Жұмыстар аймақтың туристік нысандарының көліктік қолжетімділігі мен инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы Маңғыстау облысы туризм басқармасының бастығы Гүлжан Байжауынова хабарлады. 

«Бірінші кезекте, коммуникациялық жүйелер Каспий теңізінің Ақтау қаласы жағалауындағы жағажай туризмі және ойын-сауық индустриясын дамыту аудандарында керек», - деп хабарлады Г.Байжауынова. 

Оның айтуынша, облыс әкімі Алик Айдарбаев Ақтау қаласының әкімдігіне Ақтаудағы демалыс базалары, жағалау бойынша қажетті инфрақұрылымды (электрмен қамту, сумен қамту, жол, газбен қамту және кәріз) салуға ТЭН мен ЖСҚ-ны әзірлеуді тапсырған. 

«2015 жылғы жергілікті бюджетті нақтылау кезінде Өмірзақ ауылынан бастап демалыс базаларына дейін 6 млн. теңге сомасына жолдар салу ұсынысы енгізілген. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, бірақ біз жолды одан да жақсы еткіміз келеді. Берген өтініміміз бекітілді», - деп баяндады Маңғыстау облысы туризм басқармасының бастығы.

Каспий теңізі – өзінің жағалауындағы елдер үшін игілік көзі әрі су жолы екені белгілі. Ал оның маңайындағы туристік мүмкіндік зор ықыласқа ие. Бірақ, алдымен ол достық теңізі болуы да тиіс. Тұңғыш рет Ақтауда өткен Каспий маңы өңірінде туризмді дамыту бойынша I халықаралық форум осы жайттарды көтерді.

Еліміздің Инвестициялар жә­не даму министрлігінің өкіл­дері, Иран, Түрікменстан, Түр­кия мемлекеттерінің Ақтау қа­ласындағы бас консулдары, Әзер­байжан Республикасы бас консулының кеңесшісі, Дағыстан Республикасы туризм комитетінің төрағасы, Ресей, Германия елде­рінен туризм саласы бойынша халықаралық сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттары мен өзге де оқу орындары жетекшілері, өңірдегі туристік фирмалардың басшылары мен кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан форумда Каспий маңы елдерінде туристік әлеуетті арттыру жайы сөз болды.

Туризм өзгелерді таңғал­дыратын дүниелеріңе, басқаларда жоқ немесе өзіндік айрықша сипатқа ие ерекшелікке ғана бас иеді. Сондықтан ұйымдастырушы тарап форум қонақтары мен қаты­сушыларды алдымен Маңғыс­таудың қолданбалы өнер түрімен таныстырудан бастады. Мұнда Қазақстан, Франция, Нидерланд шеберлерімен біріккен жұмыстар жұртшылық назарына ұсынылды.

– Маңғыстау облысы еліміздегі табиғи теңіз жағалауы бар бірден-бір өңір. Мұнда тарихи-мәдени ескерткіштер шоғырланған. Таби­ғаттың сұлу көріністерін тама­шалауға жыл сайын көптеген экотуристер келеді. Өңірде туристік әлеуетті дамытудың негізгі ба­ғыттары еліміздің туристік ай­мағын дамыту тұжырымдамасы аясында жасақталған Маңғыстау облысының туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Олар­дың ішінде Ақтау қаласы теңіз жағалауында туристік нысандар үшін инженерлік инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандарға дейін жолдар мен паркингтер салу, Кендірлі курорттық аймағын дамыту мәселелері бар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Кендірліні дамытуға айрықша назар аударылуда. Қазіргі таңда «Rixos» компаниясы инвестор ретінде таңдалды. Техникалық-экономикалық не­гіздеме және жобалау-смета құжаттары жасалып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүруде. Әуежай және жол салу мәселесі назарда тұр. Нақтырақ айтсақ, Кендірлідегі жұмыстар оны республикамыздың осы саладағы жетістігі ретінде көрсетеді деп сенеміз және Кендірлі болашақта алқалы жиындар өтетін тамаша орын болатындығы күмәнсіз. Біздің өңірде инвесторлар үшін туристік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізеді, – деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев.

Екі күн бойы форумға қа­тысушылар ішкі туризмге, балалар туризміне және инвесторлар арқылы жасалатын жобаларға мемлекеттік және қоғамдық қолдауды дамытудың өзекті мә­селелерін талқылап, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық құ­рылымдардың және мемлекеттік мекемелердің көрсетілетін қызмет сапасын, сондай-ақ туристік саланы табысты дамытудың үрдістерін, Каспий маңы аймағында туристік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы өзара қарым-қатынас мәселесін ортаға салды.

Туристік бизнес келтіретін кіріс көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұр. Ал, біздің елімізде әзірге әлсіз даму үстіндегі бұл сала экономиканың 0,3 пайызын ғана қамтиды екен. Осы туралы айтқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Оспанов инфрақұрылымның нашарлығын, көрсетілетін қызмет бағасының жоғарылығы мен сапасын, жол, қарым-қатынас, билет құны мен тапшылығы мәселесін алға тартты.

Қазақстан туристік ассоциа­циясының директоры Р.Шай­кенова археологиялық қазбаларға, тарихи-мәдени мұраларға бай, теңіз жағасында орналасқан Маңғыстау өңірінің туризмді дамытуға мүмкіндігі мол екендігін айтып, аталмыш саланы дамыту үшін заңға өзгерістер енгізіп, әкімшілік кедергілерді алып тастау керек деген ұсынысын жеткізді. Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары жайлы өңірдің бас археологы А.Астафьевтің баяндамасы қызғылықты тың­далды. Жартыаралдың бойына бүккен құпиялары, Қапамсай, Шақпақтысай жергілікті каньондары, Торыш және Түпқарағанның табиғи-ландшафттық аймақтары, Көкаланың алуан түске боялатын топырағы, Шерқала тауы, Самал, Жылшы бұлақтары мен Қаратау табиғи-ландшафттық аймағындағы Айрақты-Шо­манай тау сілемі, Үстірттегі Қарынжарық, Көгесем, Бозжыра қырлары туралы айтты. «Туристік бағытта сауат­ты, мұқият жасалған қадамдар өңірге жаңа экономикалық мәр­тебе сыйлауы мүмкін», деп қо­рытты ойын ол. «Еуразия айма­ғының биоалуантүрлілігі мен та­биғатын қорғау одағы» жұ­мыс­шы тобының жетекшісі, гер­маниялық Т.Дитерих пен ресейлік «Дронт» экоорталығының жетекшісі М.Пестов өздерінің қазақстандық әріптестерімен бірге сараптамалық топ құрып, Үстірт аймағын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында техникалық жұмыстар жүргізіп жатқандығынан хабардар етті. Форумда яхталарда демалу, мерейтойларды атап өту сияқты теңіз туризмін дамыту, туристік салаға инновациялық менеджментті енгізу мәселелері айтылып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы туристерге қолдау көрсету бағытындағы жұ­мыстарын жұртшылық назарына ұсынды.

Каспий маңындағы елдерде туризмді қайтсе дамытуға болады? Маңғыстауда мүмкіндігі орасан, бірақ қай бағытта жұмысты жүргізіп, нендей жаңа, соны бас­тамаларды қолға алу ұтымды? Осы тұрғыда айтылған ой, ортаға тасталған ұсыныс та көп болды. Форум соңында ұйымдастырушы тарап – Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысы Г.Байжауынова форумға келіп тәжірибелерін бөліскен әріптестерге алғысын айтып, Маң­ғыстаудың туристік әлеуетінің зор екендігіне күмән жоқтығын, сондықтан қызығушылық таныт­қандарды өркенді жобаларды бірлесіп қолға алуға шақырды. Басқосу соңында Маңғыстау облысының туризм басқармасы Байқоңыр қалалық әкімшілігі мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасымен балалар туризмін дамыту бойынша, Маңғыстау туризм кол­леджі Болгариядағы Варна туризм колледжімен студенттерді жазғы тәжірибеден өткізуді ұйымдастыру мәселесі бойынша, сондай-ақ Маңғыстау облысының «Турист» ЖШС Батыс Қазақстан облысының балалар-жасөспірімдер турис­тік орталығымен өзара ын­ты­мақтастық меморандумына қол қойды.

Қазақ даласы – қымсынбай көрсетіп, ұялмай жарнамалауға тұратын мұралар мекені, Маң­ғыстау – теңіз жағасындағы сары алтын құмы, жайлы жағалауы бар демалуға қолайлы өңір. Бұл елімізде туризмнің дамуына мүмкіндік бар екендігін аңғар­тады, бірақ бұл салада бізді үлкен жұмыстар, тың бастамалар күтіп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары