«Ақниет» бағдарламасы. Аты айтып тұрғандай, қарапайым халықтың тұрмысы түзелсе деген ізгі ниеттен туған батыл шешім. Әлеуметтік әлеует, экономикалық өрлеуге дара бетбұрыс. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша 268 қызылордалық 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Соның ішіндегі 94 кәсіпкерге грант куәліктері табыс етілді. Марапаттау рәсіміне «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры Андрей Кириллов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және аудан әкімдері қатысты.
«Ақниет» бағдарламасы бойынша пайызсыз әрі қайтарымсыз үлестірілген қаражатқа Қармақшы, Жалағаш пен Сырдария ауданының тұрғындары қол жеткізді. Байқауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қатысқан болатын. Аймақ басшысы жеңімпаздарды құттықтап, оларға сертификаттар табыстады.
«Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қайтарымсыз несие - ауылдық жерде кәсіп бастауға үлкен көмек. Сондықтан ауылдың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз. Кәсіпкерлер – елдің тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, елде экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз», - деді облыс әкімі.
Жалпы бағдарламаның түпкі мақсаты – ауылдың тынысын кеңейту, қолынан іс келетін адамға кәсіп көзін тауып беру. Бұл дегеніңіз, марғау ғана бұйығы жатқан ата қоныстың бойына жаңа қырынан серпіліс тудыру. Әсіресе, тұрмысы төмен азаматтардың жұмыспен қамтылуына әрі өндірістік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақ мерзімді оң өзгерістердің қалыптасуына дәнекер болу.
Ол үшін әлеуметтік мәні бар үздік жобаларды қолдау мен оларды анықтау, жаңа жұмыс орындарын құру негізгі шаруа болып табылады. Бұл ретте «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қамқор», «Бастама» және «Игілік» номинациялары белгіленген болатын. Өтініш иелерінің қатары жыл санап артып келеді. «Ақниет» осылай ауылға адым жасай бастады. Кәсіпкерлікке дем беру – бұл ауылға дем берудің игілігі. Халық кәсіппен шұғылданса, уақыттың сарынына ілесудің өзіндік жолы ашыла түседі. Қысқасы, ауыл әлденсе, әлеует жақсара беретін болады.
Бағдарламаның игілігін сезінген ауыл адамдарының да іске деген құлшынысы зор. Айталық, Сырдария ауданы Шіркелі ауылының тұрғыны Гүлнар Асанова жұмыссыз. Енді ол осы бағдарламаның арқасында гүл өсіріп, өз кәсібін бастайтын болады.
– Гүлді бұрыннан жақсы көрем. Үйдің шаруасынан қолым қалт еткенде гүлге қарайтынмын. Ауылдастарым осындай қайтарымсыз гранттың барын айтып, кәсіп бастауды ұсынды. Құжаттарымды жинақтап, мінекей жеңімпаз атандым. Тауарға сұраныс болатынына сенімдімін. Түрлі мерекелерде гүл алу үшін қалаға ағылатындар көп. Енді менім кәсібім дөңгеленетін болады, - дейді грант жеңімпазы Г.Асанова.
Ал Ләззат Есмамбетова Қармақшы ауданы Ақай ауылынан келді. Жарнама агенттігін ашсам деген жоспарын жүзеге асырғалы тұр. Себебі, «Ақниет» бағдарламасының грантын жеңіп алды.
– Бүгін менен асқан бақытты адам жоқ шығар. Осыған дейін әр салада жұмыс жасадым. Кәсіп ашу арманым еді. Соған қол жеткізгелі отырмын. Ақай ауылында жарнама агенттігі жоқ. Бұл қажет дүние екенін дәлелдедім. Енді білекті сыбана іске кірісуім қажет, - дейді грант жеңімпазы Л.Есмамбетова.
Негізі бұл жобаның Сыр өңірінде жүзеге асып жатқанына үшінші жыл. Бұрнағы жылдары кәсіптерін бастаған жобалардың нәтижесін көрмеден көрдік.
– Жобаны бастамасы көрсеткендей, ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары. Жұмыстың нәтижесін көрсететін көрмені аралап көрдік. Конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер көп. Жобалардың елді-мекендерге қажеттілігі ескерілді, - деді «Лукойл Оверсиз Сервис» компаниясының қазақстандық филиал директоры Андрей Кириллов.
Күйбің тірліктің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қашаннан еңбек десе алдына жан салмайтын қазақ деген халықпыз ғой. Әйтеуір қара жерді қопсытып, қара бейнетке қалса да, бала-шағамыз аш қалмасын деп аянбай маңдай терін төгіп жүрген адам жетерлік. Қаржының қол байлау болуынан өз кәсібін бастай алмай жүргендер қанша ма? Сондай жанның бірі Жалағаш аудана Қаракеткен ауылының тұрғыны Мейрамкүл Исаева болатын. Ксәп бастау арманына өткен жылы қол жеткізіп, қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қалған. Қазір күрке тауық өсіреді. Ауылдағы әлеуметтік нысандарды жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр.
– Мен үшін «Ақниет» арманға қол жеткізген бағдарлама болды. Яғни біз секілді ауылдықтар үшін үлкен қолдау болғаны рас. Бұл жерде бір оқпен екі қоян атылды десек артық айтқандық емес. Грант жеңімпаздары өз ісін бастау арқылы ауылдың дамуына да үлес қосудамыз. Мен сол үшінде мақтанамын. Биыл тауықтарымның саны артып отыр. Яғни кәсібім кеңейіп келеді, - дейді Мейрамкүл Исаева.
Жасыратыны жоқ, ауыл халқына жұмыс тауып беру өңір үшін өткір мәселе. Елдің несібесіне бұйырған бағдарлама осы олқылықтың орнын толтыруда.
Айтпасқа болмас, қанатқақты жобаның қолға алынуына Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев тікелей мұрындық болды. Ал «Лукойл» мұнай компаниясы оның орындалуына жетекшілік етеді. Аталмыш компания бұған дейін де бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында «Ақниетке» ұқсас «Арай» бағдарламасы нәтижесін көрсетті. Қайтарымсыз көмек бес жыл ішінде төрт мыңнан астам адамға дем беріп, 500 ден астам кәсіпорынды ашуға септігін тигізген. Сыр өңіріндегі бастама да өз жемісін бере бастады.
Негізі ауылдық жерде алуан түрлі кәсіптің қыр-сырын білетін азаматтар аз емес. Алайда, қолтық жазуға мұрша келтірмейтін қаржының қиындығы талайды тығырыққа тіреп отырғандай еді. Ал енді жөнге келер жоба болса, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар. Шын мәнінде, бұл бастама ауыл үшін тың қозғалыс тудырғандай.