$ 443.35  475.54  4.82

Биоэлектр стансасының құрылысы басталады

Жезқазған қаласында биоэлектр стансасының құрылысы басталады. Бүгінгі таңда жоспардан нақты іске көшкен жоба авторларымен қала басшысы Қайрат Бегімов кездесті. Кеңгір селосынан 2 шақырым қашықтықта орналасатын биоэлектр стансаның құрылысына 8 242 миллион теңге жұмсалмақ. Бұл соманың 10 пайызы «Kazakhmys Holding» ЖШС есебінен, қалғаны – инвестициялық салымдар.

Тұрмыстық қатты қалдықтардан электр энергиясын өндеу жобасына испандық «Green Solutions» компаниясы қолдау танытуға келіскен. Қала әкімінің және жауапты мамандардың қатысуымен өткен жұмыс кеңесіне сол компанияның бас менеджері Диего Габриель Амандо Гарсиа және стансаның құрылысын жүргізетін мердігер «ААЕngineering group» фирмасының жасыл технология бойынша инженер-электригі Вячеслав Чурносов келді.

– Биоэлектр стансасының құрылысы 2019 жылдың наурызында басталып, сол жылдың аяғында аяқталады деп жоспарлануда. Қуаты 5 Мвт болатын жаңа нысан 70 жұмыс орнын ашады. Бүгінгі отырысқа инвестор да келіп отыр. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе күн электр стансасының құрылысын жоспарлау. Ол үшін Кеңгір селосы аумағынан қажетті 20-25 га жерді бөлу қажет, – деді Қайрат Баяндыұлы.

Ал, «Kazakhmys Holding» ЖШС өкілі Валерий Сибагатуллин жобаны таныстырды.

– Қоқысты қайта өндеу қазіргі таңда өзекті. Сондықтан, 2015 жылдан бері осы сұрақ бойынша жобалау жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде бүгінгі күні энергия өндірудің тиімді технологиясы таңдалды әрі сенімді серіктес те табылды. Сонымен қатар, жасыл энергия өндіруді мақсат еткен біздің компания күн электр стансасының құрылысын 2019 жылы бастамақ. Бұл стансаның қуаты 20МВт дейін болады деп күтілуде, – деді өз сөзінде.

Сондай-ақ, стансаның құрылысы барлық талаптарға сай болатынына сендірді. Өйткені, құрылыс компаниясы бұған дейін Славакия, Түркия, Армения, АҚШ, Оңтүстік Кореяда дәл осындай станса тұрғызған. Қазірдің өзінде аталған елдерде барлығы 38 станса сәтті жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Жезқазған-Сәтбаев қалаларынан күніне жиналатын 300 тонна тұрмыстық қалдық бірінші сұрыпталады. Одан кейін өнделеді. Өндеудің бірінші сатысында газ алынады. Кейін газдан жарық алынады. Бұл технологияны іске асыру үшін құрылыс материалдары, түрлі металдар, ауыл шаруашылық қалдықтары, көлік дөңгелектерінің резеңкесі мен полиэтилен және т.б. қоқыстағы заттар қолданылмақ.

«ААЕngineering group» фирмасының жасыл технология бойынша инженер-электригі Вячеслав Чурносов тіпті биоэлектр стансасына апаратын 1-1,5 шақырымдық жол да тұрмыстық қалдықтардан жасалатынын айтып қалды.

– Дамыған елдерде жолды қоқыстардан жасайтын арнайы ІТ-технология бар. Біз де соны пайдаланбақпыз. Тұрмыстық қалдықтарға пайдалы бактериаларды қосу арқылы жол жасаймыз, – деді.

Жезқазғанға алғаш келген биоэлектр стансаның құрылысын қаржыландыратын инвестор Диего Габриель Амандо Гарсиа жоба сәтті жүзеге асып, әріптестік ұзаққа созылатынына сенім білдірді. Отырыстан соң қала басшысы бастаған топ қоқыс полигоны мен нысан құрылысы басталатын жерге барды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары