$ 449.58  486.94  4.86

Орал өңірінде 168,3 мың тонна астық бастырылды

Ақ Жайық өңірінде егін жинау науқаны аяқталды. Батысқазақстандық диқандар биыл 240,4 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіп, алқаптан 168,3 мың тонна астық жинады. Орташа өнімділік гектарына 6,9 центнерді құрап отыр.

- Мемлекет басшысы айтып өткендей, біздің елде өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы жоғары, экологиялық жағынан таза. Мұндай азық-түлік тауарларына шетелдерден сұраныс жоғары. Солардың бірі – дәнді дақылдар. Облысымыздың ауа райы күрт континенталды болғандықтан егін бірде жақсы, бірде нашарлау шығады. Мәселен, былтыр батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинады. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы облысымыз қолжеткізген ең жоғары көрсеткіш! Жалпы сол жылы облыс бойынша 360 мың тонна астық бастырылды. Ал биыл ондай жоғары көрсеткіш болмағанымен, жиналған астық көлемі облыс тұрғындарын қамтуға толығымен жетеді. Айта кету керек, батысқазақстандық астықтың сапасы жақсы, клейковинасы жоғары болып келеді. Сол себепті біздің өңірдің бидайына деген сұраныс үлкен, - дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қуанышқали Есімов.

Биыл облыста егін егуге бес аудандағы мен Орал қаласындағы шаруашылықтар қатысты. Олардың ішінде ең ауқымдысы Зеленов ауданына тиесілі. Зеленовтықтар 147,7 мың гектарға дән егіп, 8,4 өнімділікпен 114,3 мың тоннадан астам астық бастырды. Естік алқабының топырағы құнарлы және барлық арготехникалық талаптардың сақталуына байланысты жергілікті диқандар жыл сайын жақсы өнім алады. Егін егетін 200-ден астам шаруашылықтың заманауи техникалармен қамтылуы да бұл іске оң серпін беруде.

Одан кейінгі орын Теректі ауданының еншісінде. Олар 6340 гектарға егін салып, орта есеппен әр гектарынан 4,8 центнерден 3 мың тоннаға жуық өнім алды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Лұқпанованың айтуынша, Теректіде 15 ауылдық округ болса, соның 12-сінде егін егілді. Аудандағы 75 шаруашылық ел ырысын молайтуға өз үлестерін қосты. Қазіргі таңда сондай-ақ 7306 гектарға егілген мақсарыны да жинау аяқталды. Бұл майлы дақыл гектарына 4,3 центернер өнімділікпен 3125 тонна орылды. Көп кешікпей күнбағысты жинау басталмақшы.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары