АҚШ-тың Bloomberg қаржы компаниясы сайтында теңге құлдырағаннан кейінгі жағдай талданған деп жазады Азаттық.
Сарапшылар «теңге бағамын еркіне жіберу – Қытай юаньды девальвациялап, әлем нарығын дүрліктіргеннен кейін дамушы елдер өз валюталарын қорғаудан бас тартатынын білдіретін жаңа белгі» деп атаған.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мұнай экспорттаушы ел. Сондықтан былтыр қарашада Ресей рубль бағамын реттеуден бас тартқаннан бері елдегі шикізат өндірушілер зардап шегіп келеді. Мұнай бағасының былтыр 55 пайызға арзандауы және жуырдағы юань девальвациясының қысымды күшейтуі Ресей және Қытаймен арадағы сауда-саттыққа сүйенетін елдерді бәсекеге қабілеттілік жолдарын іздеуге мәжбүрледі» деп жазады Bloomberg.
Американың Citigroup Inc қаржы компаниясы сарапшылары теңгенің құлдырау қарқыны осы аптадағы бейсенбі – 20 тамыздағы девальвациямен тоқтамайды, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамы 267 теңгеге дейін құнсыздануы мүмкін деген болжам жасайды.
Мақалада Morgan Stanley қаржы компаниясы сарапшыларының юаньды девальвациялау Қытаймен сауда жүргізетін елдердің валюталарына қатер төндіреді деген пікірін келтірген. Сарапшылар валютасы ең осал елдер ретінде Бразилия, Перу, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тайвань, Оңтүстік Американы атаған.Ал теңгенің құлдырауы Орталық Азияның өзге елдерінің де валюталарына әсер етуі ықтимал. Швециядағы SEB AB қаржы тобы сарапшыларының айтуынша, енді құлдырау кезегі қырғыз сомы, түркімен манаты және тәжік соманиіне тимек.
Bloomberg агенттігі SEB AB банкінің дамушы елдер нарығы бойынша бас сарапшысы Пер Хаммарлундтың «Қазір олар алдағы 3-6 ай ішінде немесе тіпті одан да ертерек валютасын 10-20 пайызға құнсыздандыруға мәжбүрлейтін қосымша қысымға тап болды» деген сөздерін келтірген.
Ұлыбританияның Financial Times газетінің қаржы блогында тілші Дэвид Киохейн теңге бағамын еркіне жіберу – «Қазақстан үшін тиімді әрі уақыт ұту үшін жасалған практикалық қадам» деген пікір білдірген. Ол Қазақстанда «жағдайды бақылаудан мүлде шығарып алмауға» көмектесе алатын 100 миллиард доллар көлемінде валюта қоры барын ескертеді.
«Қазақстанның бұл қадамы бүкіл ТМД елдері жұртының назарына ілігіп, көп ұзамай олар да абыржи бастайды. Оның үстіне, аймақтағы геосаясаттағы мұнай және өзге тауар бағасын да ескеру керек» деп жазады Дэвид Киохейн.
Financial Times газетінің тағы бір мақаласы теңгенің құлдырауы Қазақстанның жез өндіретін KAZ Minerals компаниясы акцияларының бағасына қалай әсер еткенін талдап, бейсенбі күні компания акциялары бағасы 20 пайызға қымбаттағанын жазған. Теңгенің құлдырауы KAZ Minerals компаниясына өзіндік құнын азайтуға көмектеседі деп жазады басылым. 2015 жылдың бірінші жартысының нәтижелері бойынша жуырда жарияланған есепке сәйкес, өндірудің өзіндік құны азайып, бір фунт 260-280 АҚШ центі деп бағаланған.Сарапшылардың пікірінше, теңге құлдырағаннан кейін шикізат өндірудің өзіндік құны 11 пайызға дейін тағы қысқаруы мүмкін.
Американың New York Times газеті Қазақстан теңгесінің құлдырауын «елдің негізгі экспорт көзі – мұнайдың арзандауы мен негізгі сауда әріптестері Ресей мен Қытайдағы девальвацияға байланысты қабылданған күтпеген қадам» деп атайды. Мақалада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «соңғы екі жылда теңге бағамын ұстауға 28 миллиардтай доллардай жұмсалды, ал Қытайда юань девальвацияланған тұста оны еркіне жібермеу алтын-валюта қорының азайып кетуіне ұласып, жергілікті өндірушілерге зияны тиеді» деген сөздеріне сілтеме жасаған.
New York Times газеті сарапшылардың «көп ұзамай Қазақстанның Орталық Азиядағы көршілері – 50 миллионнан аса халық тұратын кедей аймақтағы елдердің» валюталары да (қырғыз сомы, түркімен манаты және тәжік соманиі) құлдырауы мүмкін» деген пікірін келтірген.