Бүгінгі таңда БҚО-да 227 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Оның 18-і жұмысын биыл бастады.
Облыстың географиялық және климаттық жағдайына байланысты кооперативтердің басым көпшілігі (215 АШК) мал шаруашылығымен айналысады. Бұл құрылымдарға 5 мыңдай адам мүше тіркелген.
Кооперативтерді материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында былтыр мемлекет тарапынан «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қаржылық институттарымен 2602,4 млн. теңге несие берілді.
Ал АШК өткен жылы сүт өндірісін арзандатуға 152 мың теңге, бұқашықтарды бордақылау шығындарын арзандатуға 1,7 млн. теңге, қозы етінің өндірісін арзандатуға 5,9 млн. теңге және салынған инвестициялық шығыстарының бір бөлігін өтеу үшін 65,7 млн. теңге көлемінде субсидия алды. Биыл оларға бұл бағытта 189,3 млн. теңге субсидия төленді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес өткен жылы ауыл шаруашылығы кооперативтерімен 1231 тонна сүт, 503 тонна ет өндірілсе, бұл көрсеткіш биылғы жартыжылдықта 1239 тонна сүт пен 318,5 тонна етке жетті.
-Ағымдағы жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «зәкірлік кооперация» негізінде жұмыс жүргізгісі келетін шаруашылық құрылымдарына жеңілдетілген пайызбен мал сатып алуға несие беру көзделген. Зәкірлік кооперация негізінде жұмыс жасау тауарөндірушілерінің өздерінің өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға тапсыру арқылы тауар өткізу мәселесін шешіп береді. Сәйкесінше өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға ықпал етеді. Облысымызда осы бағытта жұмыс жүргізу үшін «Кублей» мен «Батыс МаркаЛамб» ЖШС-лар ет өңдеу кәсіпорындары ретінде анықталды,-дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Алмат Есполов.