$ 498.34  519.72  4.85

Балық өсіруге ден қойған

Жаңақала ауданындағы «Дулат» шаруа қожалығы төрт түлікпен бірге балық та өсіруде.

2001 жылы құрылған қожалық 2016 жылдан бастап балық шаруашылығына да ден қоя бастады. Оншақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық Қоғалы көлін бес жылға жалға алған екен. Айта кетейік, бір кезде балығының молдығымен ауызға іліккен Жаңақала ауданының өзен-көлдері соңғы кезде балықсыз қалуға айналды. Құлаш-құлаш сары сазандар көзден бұл-бұл ұшты. Өзендерді жалға алушылар көбейді. Олар табиғатты емес, өз қамдарын көздегендер болды. Ақысын бергендерге балығын аулатты, ауланған балықты арзан бағамен өздері алып, басқаға қымбатқа сатты. Осыны көріп, қоршаған ортаның ертеңіне алаңдаған шаруа жалпы аумағы 680 гектар көлді жалға алды.

Жалға алу шартында көлге жыл сайын су түсіру, аумағына орай үш жыл бойы жылына 680 мың шабақ жіберу көрсетілген. Бастысы – осы шартты адал орындау керек. Басқалар атүсті қарайтын, табиғатты қорғау мақсатындағы бұл талапты аталмыш қожалық жетекшісі Қажымұхан Борашев жауапкершілікпен орындап келеді.

2016 жылы көлге алдымен су түсірді. Сол жылы Пятимар су қоймасынан бір миллион табан шабағын жіберді. 2017 жылы тауарлы балық өсіру мақсатында өзінің екі миллион теңгеге жуық қаржысына Ресей Федерациясының Саратов облысынан 100 мыңнан астам шабақ әкелді. Оның 80 мыңы тұқы (карп), 10 мыңы дөңмаңдай (толстолобик), 10 мыңы ақ амур тұқымды балық еді. Бұл шабақтар әбден жерсініп, күні бүгін тұқылардың салмағы бір келіден асып барады. Биыл 680 мың тұқы шабағын Орал қаласы маңындағы «Марченко» жеке кәсіпкерлігінен сатып алып, өзінің «Камаз» көлігімен әкеліп, жіберіпті. Бәрі де жүзіп кетіпті.

- Ғалымдар (балық өсіру мамандары) келіп, көлді зерттеді. Мұнда балық өсіруге толық жағдай бар, яғни көл түбіндегі өсімдіктер толық сай келеді екен. Оған бір жыл болған тұқылар дәлел,- дейді балық өсіруші жігіт.

Еңбектері еш болмай, тауарлы балығы өсіп кетсе, келешекте аудан орталығынан арнайы дүкен ашып, халықты балықпен қамтымақ ойлары бар. «Осы іске құйған қаржысы қайтпаса да өкінбеймін, - дейді Дулат. - Туған жерінің табиғи байлығына ашкөздік танытпай, оны қорғап, сақтауға үлгі болсақ, мақсатымыздың орындалғаны».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары