Экономика 20.09.2015 сағат 10:18

Бизнес бастау өз қолыңда

Қазіргі таңда тек үлкен қалалар ғана емес, шағын елді мекенде немесе қалашықта тұратын кәсіпкерлерге де қолайлы жағдай жасалған. Олар шалғайдағы елді мекенде тұрса да, мемлекет ұсынған жәрдемнен тыс қалып жатқан жоқ.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қалашығында тұратын Баян Ысқақова өткен жылы «Даму» қорының көмегіне жүгінді. Оның «Рахмет» атты азық-түлік, тұрмыстық химия және халық тұтынатын басқа да тауарлар сататын дүкені бар. Дүкен қаланың дәл ортасында орналасқан. Кәсіпкер тауарларды түрлендіріп, қосымша құрал-жабдық сатып алу үшін «Дельта Банк» банкінен несие алмақ болды. Бірақ оның кепілге қоятын дүние-мүлкі қажетті сома үшін жеткіліксіз еді. Осы тұста оған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры көмекке келді. Қор жетпеген мүлік үшін банкке кепіл болды, сондай-ақ Баян Ысқақова алған несиенің пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайызын субсидиялап берді. Демек, кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның екі тетігі бойынша жеңілдікке ие болды деуге толық негіз бар. Иә, сіз дұрыс түсіндіңіз -  ештеңе өндірмесеңіз де, жай ғана алып-сатумен айналыссаңыз да, мемлекет сізге қол ұшын созуға әрқашан әзір. 

Бұл мәселеде Баян жалғыз емес. Мәселен, Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында тұратын жеке кәсіпкер Раушан Өтебаева өз қаласында кафе ашу үшін «Сбербанктен» несие алды. Оған кафеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Енді ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында несиенің үстіндегі қосымша үстеменің тек 4 пайызын төлейтін болады. Бүгінде Раушанның дәмханасы қызмет көрсетуді бастап кетті.

Теміртау да Қарағанды облысындағы тіршілігі саябырсыған шағын ғана қалашық. Алайда соған қарамастан бизнесін дөңгелетіп отырған батыл адамдар аз емес. Жуырда қала тұрғындары үшін жекеменшік медициналық орталық ашылады. Жоба иесі Мұрат Әжіғалиев бұл кәсіппен бұрыннан айналысып келеді. Бірақ ғимараты тар әрі ескі болатын. Енді Еуразиялық банктен несие алып, оған ғимарат сатып алды. Онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа медициналық орталық ретінде жабдықтап шықты. Мұнда 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұрынғы медорталықта гинеколог және уролог мамандар жоқ еді. Енді осы және басқа да медқызмет түрлері ашылатыны анық. Ал мемлекет оның банктен несие алуы үшін кепіл болды.

 Әрине, осынша адамдар жайлы айтқаннан кейін басқа мысалдың керегі де жоқ болар. Бірақ қаскелеңдік бизнес-леди Зәуре мен Қазалының тумасы Санжар жайлы айтпай кетуге болмады. Зәуре Тілешованың «Вкусный дом» атты кондитерлік цехы 30 түрлі тәттілерді пісіріп сатылымға шығарады. Қазірдің өзінде 8 адамды еңбекпен қамтып отыр. Тағы бір ерекшелігі - тек қостанайлық ұн, тараздық қант, алматылық жұмыртқаны ғанат қолданады. Оның шикізаты 90 % отандық өнім екеніне қуанасың. Ал, Санжар Әділбаев өз кәсібін мемлекет көмегінің арқасында бастады. Стартапер Санжар жоба құнының тек 30 %-ын өзі салды. Қалғанын мемлекет берді. Сөйтіп ол балаларды ҰБТ-ға, басқа да маңызды сынақтарға әзірлейтін, қосымша білім беретін оқу орталығын ашты. «Бизнес-кеңесші» оқу тренингінен өтіп, сертификат алған соң оған «Іскерлік байланыстар» баңдарламасы арқылы Германияға бару мүмкіндігі туды. Ол бизнесінің жаңа басталып, қарқын алып жатқанына қарамастан шетелде 2 апта тәжірибе алмасып қайтты.

Бұл азаматтардың барлығы шағын ауыл-қалада өмір сүргеніне қарамастан, талмас қажыр-қайраты мен мемлекет көмегінің арқасында жетістікке жетуде. Олар - сіздің ауылдас, жерлестеріңіз. Олардың қолынан келген іс сіздің де қолыңыздан келері анық. 

Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы - ауылдағы мал өсіріп отырған, оның басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік. Ол шаруашылықтардағы, жеке мал иелеріндегі жергілікті малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы мүйізді ірі қара малының ет өнімділігін арттырып, еттің өзіндік құнын арзандатуды, мал басын өсіріп, мал шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді.

«Сыбаға» аясында берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ шарттары бойынша ең жоғары несие сомасы - 18 000 000 теңге, сыйақы ставкасы - жылдық 6%, ең ұзақ мерзімі - 84 ай, 12 айдан 24 айға дейін жеңілдетілген кезеңімен беріледі. Бұл несие тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге берілуде.

Тағы бір басты ерекшелігі, бұл қаржы етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы, аталық бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Кепілдік мүлік ретінде тұрғызылған уақытына қарамастан, ауылдық жердегі құжаттары заңды тіркеуден өткен, жағдайы қанағатанарлық барлық құрылыс нысандарды, автотехникаларды қоюға мүмкіндік бар. Қойылған кепілдік мүліктің құны алынған несиенің 130 пайызын жабуға жеткілікті болуы тиіс. Қарызгерден төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы, салыққа, бюджетке және де басқа міндетті төлемдер бойынша соңғы 3 айда қарызының болмауы (банктерге де берешегі болмасын), малды өсіруге қажетті инфрақұрылым, қора-жайы, суат көзі, мал жайылымы, қорасында бұрыннан бағып, өсіріп отырған малының болуы талап етіледі.

Етті бағыттағы сатып алынатын аналық малға бес, тұқымдық бұқаларға сегіз талап қойылады. Малдың тектілігі, жасы, өнімділігі, яғни олардың асыл тұқымдық куәліктері, мал дәрігерлік құжаттары болуы тиіс. Енді бұрынғыдай өнімділігі төмен мал басын өсіруге бет алды қаржы жұмсауға жол беріле қоймайды. Мал өсіргің келсе, өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал өсір, сонда ғана көл-көсір табысқа кенелесің. Бұл бағдарламаның басты мақсаты да ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейту болып отыр.

Ал мал басы, қора-жайы, жайылымы жоқ жаңадан құрылған шаруа қожалықтарына несие берілмейді. Есесіне, борышкерге қарызды қайтарудың алғашқы екі жылында «каникул» беріледі. Жеті жылға алты пайыздық үстемемен 20 миллион теңгеге дейін ала аласыз. Бізде асыл тұқымды мал басы тым аз. «Сыбағаның» бір міндеті - осы. Сол мақсатта әрбір 25-30 сиырмен бірге бір асыл тұқымды бұқадан сатып алу міндеттелген.

Бағдарламаға қатысқан шаруалар дән риза. Атап айтсақ, жамбылдық «Құтты орда» ШҚ өкілі Нарбек Қожагелдин облыс орталығындағы үйі мен көлігін кепілдікке қойып, несие алған.

«Бағдарламаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Соның арқасында 4 миллион 800 мың теңге несие алып, 25 сиыр, 2 бұқа сатып алдым. Бұрын өзімде 23 сиыр бар еді. Оның сүтін көлігіммен тасып, аудандағы «Бурный ірімшік зауытына» өткізіп жүрдім. Бірақ бұл кәсібім жол шығынын әзер ақтайтын. «Сыбағамен» мал басы көбейген соң ақ та молайды. Енді пайдасын көремін деген үміт бар», - дейді фермер.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Зафар Мұзаффаров «Сыбаға» бағдарламасының арқасында 8 млн теңге несиеге қол жеткізген. Оған 47 бас сиыр сатып алыпты.

«Бүгінде шаруашылығымда 60-қа жуық аналық, шамамен 22 бас бұқа және 40-қа тарта төл бар. Алдағы уақытта малдың санын тағы да көбейтуді көздеп отырмын», - дейді З.Мұзаффаров. 

Батыс Қазақстан облысында «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері 404 шаруашылыққа 4219,5 млн. теңге несие берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, аталған шаруашылықтар осы қаржыға жоспарланған 18300 бастың орнына 21663 бас сиыр және 900 бас асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Бұл республика бойынша озық көрсеткіштердің бірі болып табылады. Бес жылдық жоспар 118,4 пайызға орындалып отыр.

Өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап «Сыбағаға» жылқы және қой малын сатып алу бойынша «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары қосылды. «Құланның» арқасында облыс шаруашылықтары 969,8 млн. теңге несиеге 3019 бас жылқыға қол жеткізді. «Алтын асық» арқылы 269,7 млн. теңгеге 10474 бас қой сатып алынды.

Биыл табынның тұқымдық құрамын түрлендіру (селекция) жұмысымен фермерлік шаруашылықтардағы 110 мыңға жуық сиыр қамтылып, бұл мақсатта 3 мыңға жуық асыл тұқымды бұқа қолданылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша табынның тұқымдық құрамын түрлендіру үлесі 45,5 пайызға жетті (республика бойынша - 22,4 пайыз), бұл - өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар жеке аулалардағы малдарды асылдандыру бағытында облыс аудандарында 160 қолдан ұрықтандыру қосыны жұмыс жасайды. Оларда жыл басынан бері 23035 бас сиыр мен қашар қолдан ұрықтандырылды. Қоғамдық табынға етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалар қосылуда. Биыл осындай 430 бұқа табынға қосылды.

«Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірде малдың басы көбейіп, оның сапалық құрамы арта түсуде», - деді Ж.Халиуллин.

2014 жылы 4 шілде күні «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (ары қарай – «Даму» Қоры) Директорлар кеңесінің отырысында «Даму» Қорының 2014-2023 жылдарға Даму стратегиясы бекітілді.

Қордың миссиясы Қазақстандағы қаржы құралдарының кең спектрі мен біліктілікті дамыту бойынша бағдарламалардан тұратын кешенді қолдау көрсету арқылы Қазақстанның ШОБ сапалы дамытуға себін тигізу болып табылады.

Стратегияның негізгі идеясы Қорды шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыратын тиімді ұлттық институт ретінде қайта құру болып табылады.

«Даму» Қорының стратегиясы келесі дамыту бағыттарын іске асыруды көздейді: (1) ШОБ субъектілеріне қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету; (2) ШОБ субъектілерінің біліктілігін дамыту.

Қордың тиімді ұлттық институтты құру бойынша бірінші кезектегі міндеттері шегінде қызметтің қаржылық және операциялық нәтижелерінің залалсыз деңгейін қамтамасыз ету, қаржы ресурстарымен басқару тиімділігін арттыру, қызметтің айқындылығын және халықтың сенім деңгейін арттыру күтіледі.

«Даму» Қорының ШОБ қаржылық және қаржылық емес қолдау бойынша стратегиялық бағыттары шегінде ШОБ қаржылық қолдау көрсету көлемін арттыру, ынтымақтастық бағыттарын және жеке қаржы институттарымен бірлесіп ШОБ қаржыландыру/ортақ қаржыландыру механизмдерін кеңейту, ШОБ қаржыландыру көлемін арттыру үшін ішкі және сыртқы нарықтарда қосымша қорландыруды тарту, кәсіпкерлер үшін кеңес беру қызметінің инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру, сондай-ақ ШОБ үшін біртұтас ақпараттық алаңды ендіру және қашықтықтағы консалтингті дамыту бойынша оң серпінді қамтамасыз ету күтіледі.

Негізгі қызметтің шегінде барлық шараларды іске асыру қаржылық-экономикалық саясатты, тәуекел-менеджментін жүргізуді, корпоративтік басқаруды жетілдіруді, кадрлық саясатты жетілдіруді, ішкі бақылау жүйесін жетілдіруді, заманауи ақпараттық технологияны ендіруді, қаржы ресурстарын басқару тиімділігін арттыруды, қызметтің айқындылығын және халықтың сенім деңгейін арттыруды және т.б. қоса, «Даму» Қорының қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыспен байланысты.

«Сыбаға» - ауыл  шаруашылығын қолдау  бағдарламасы

Мемлекеттің ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға қомақты көмек көрсететіні белгілі. Қолдау көрсету барысында әр түрлі бағдарламалар қабылданып, іске асырылады. Қабылданған бағдарламалар ішінде «Сыбаға» бағдарламасы ауыл адамдарының үлкен назарына ілікті. Бағдарлама жұмысы 2011 жылы бастау алып, бағдарлама бойынша асыл тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ірі қара малдың сиырларын және тұқымдық бұқа сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алу және жөндеу, айналымдағы қаражатты толықтыру мақсатында 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін 7 жыл мерзі­мінде заңды тұлғаларға, шаруа қожа­лықтарына, жеке кәсіпкерлерге ставкасы – жылдық 6% сыйақы мөлшерінде қарыз беріледі. Қарыз алушыларға төлеу қабілетінің болуы және қаржылық тұрақтылық, өті­ніш берген күннің алдындағы соңғы 3 (үш) айда салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы, соңғы есепті күнге (өтініш беретін айда) ЕДБ және басқа да қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы, жағымсыз несиелік тарихының болмауы, малды ұстау үшін қажетті инфрақұрылымның болуы сияқты және басқа да талаптар қойылады.

Осы бағдарламаны іске асыру барысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ үлкен жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда осы қордың Қарағанды облысындағы филиалына өз бизнесін бастау немесе дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алуға өтінішпен келетін жеке азаматтар мен шаруа қожалықтары аз емес. 

2011 жылы бағдарлама бойынша барлығы 45 шаруа қожалығына 218 млн. теңге сомасында несие бе­ріл­ген. Аталған қаржыға 1388 сиыр және 25 асыл тұқымды бұқа сатылып алынды.

2012 жылдың 1 маусымына облыс бойынша Қорға 39 шаруа қожалығынан 241,1 млн. теңгенің өтініші түсті, соның ішінде 200,20 млн. теңге құрайтын 36 өтініш қарас­тырылып, қаражат берілді. 

Жалпы, несие алған шаруа қо­жалықтары жасаған бастамаларына өкінбейтіндіктерін, «Сыбаға» бағдарламасы көздеген мақсатқа жетудің, дамудың тиімді жолы екен­дігін айтады.

Енді бір айта кететін жай ол осы бағдарламадан 2011-2012 жылдары алған шаруа қожалықтарына ке­лесі бағыттар бойынша субсидия беріледі:

Аналық ірі қара мал үшін: 

етті бағыттағы ірі қара мал басы­ның (сиырлар және құнажындар) сапалық құра­мын жақсартумен айналысатын тауар өн­дiрушiлерге се­­лекциялық және асыл тұқым­дық жұмыстар жүргізумен (ұйым­дас­­тырумен) байланысты шығын­дардың құнын iшiнара (50%-ға дейiн) арзандатуға; 

Норматив бойынша  бір ірі қара малға – 12 мың теңге.

аналық ірі қара мал басы­на күрделі азық дайындау жұмыстарын жүргізумен (ұйымдастырумен) бай­ла­нысты шығындардың құнын iшi­нара (50%-ға дейiн) арзандатуға; Норматив бойынша  бір ірі қара малға – 4,5 мың теңге.

Барлығы әрбір аналыққа - 16,5 мың теңге.

Бұқа үшін:

Еттік бағыттағы асыл тұқымды бұқа сатып алу құнының 50% артық емес, 

бірақ 1 басқа 107 000 теңгеден аспайды.

Мысалы: Егер шаруа қо­жалығында 30 бас ірі қара мал (сиыр) болса және ол 1 асыл тұ­қымды еттік бағыттағы бұқа сатып алса, шаруашылық 602 000 теңге субсидия алады: (30 сиыр*12000 теңге)+(30 сиыр*4500 теңге))=495 000 теңге + 107 000 теңге (1 бұқа сатып алғаны үшін)=602 000 теңге (Асыл тұ­қымды әрбір бұқаның орташа бағасы 600-650 мың теңгені құрайды).

Субсидия беру талаптары:

1.Жоғарыда  көрсетілген мем­лекеттік қолдау шарасына  қол жет­кізу үшін мынадай негізгі талап­тарға  сәйкес болуы қажет.

Шаруашылықта бұқа болуы керек. Ондағы 30 бастан аспайтын сиырға 1 асыл тұқымды бұқадан келеді.

Сондықтан,   сатып алынған бұқа шаруашылықта 2 маусымда ғана пайдаланылуы керек. Екі жылдан соң бұқа басқа фермерлік шаруашылықпен айырбасталады немесе етке өткізіліп, қосымша кіріс алынады.

Келешекте табынның әрқа­шан өнімділігін сақтап қалуын жалғастыруы үшін сатып алынатын бұқалар осы тұқымға сәйкес болуы керек.

  1. Ауыл шаруашылығы малын сәйкестендіру үшін әр малға сәйкестендіру нөмірі тағылып, олардың мәлімет базасы құру қажет.    

Бұл үшін Сіздер ауылдың ай­мақтық мал дәрігері маман­да­рына жолығып, малдың құжат­тарындағы, сырғаларындағы нөмір­лері «АШМС» мәлімет база­сымен сәйкес келетіндігін    тексеру­ле­ріңіз қажет.

  1. Ақпараттық-талдау жүйесін­де (ААЖ) тіркеуде болуы.

 Субсидия және  кеңес алу үшін Сіздер аудандық ауыл шар­уа­­шылығы бөліміне өтініш беру­леріңіз керек. Сөйтіп, еттік мал шаруашылығымен айналысқан әр фермерлік шаруашылық жоғарыда талданған үш талапты орындаған жағдайда субсидия ала алады.   

 Елбасы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс жағдайын одан әрі жақсарту үшін мал басын көбейту және одан алынатын өнімдерді экспортқа шығару жөнінде тапсырма берді.

Соған сәйкес  Үкімет арнайы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Осыған орай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ биылдан бастап еліміз бойынша агроөнеркәсіп нысандарына етті бағыттағы жас малдарды өсіру үшін ірі қара (аналық мал) мен тұқымдық бұқаларды сатып алуға несие бермекші. Аталмыш несиені беру «Сыбаға» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бұл несие атынан да көрініп тұрғанындай, ауыл шаруашылығында қазір кенжелеп тұрған ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейтуге бағытталған. Осы төңіректе жасалып жатқан жұмыстар жөнінде  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан филиалының директоры Қайриден Жәкиев былайша әңгімелеп берді. 

- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» несиені тұрмысын көтергісі келген ( мал сатып алуға, бау-бақшамен айналысуға т.б.) шаруагерге, халыққа, тұрмыстық қызмет көрсетумен және шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге бастапқы қаражат алуға мүмкіндік береді. Қордың БҚО-дағы филиалы 2005 жылдан несие бере бастады. Әуелі 60 мың теңге,сосын 130 мың, кейін 260 мың, беріректе 400 мың теңге болды. Бүгінде жеке тұлғаларға берілетін несиенің көлемі бір миллион теңгеге дейін жетті. 

Ал 2009 жылдан бері шағын кәсіпкерлікті (серіктестіктерді, шаруа қожалықтарын, жеке кәсіпкерді) көтермелеу мақсатында жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлінуде. Ондай несиенің көлемі бүгінде 12 млн. теңгеге жетіп отыр. Өткен екі жылда 123 шағын кәсіпкерлік нысанына 400 млн. теңгенің несиесі берілді, 279 қосымша жұмыс орны ашылды. Осы жылдың қаңтар айында батысқазақстандық қордың несиелік қоржынындағы қаржы көлемі 749 млн. теңгені құрады. Сөйтіп қоржынымыздың қомақтылығынан республика көлемінде екінші орынға шықтық. Ал несие үлестіру мен оның мерзімінде қайтарылуынан еліміз бойынша алдымызға ешкім түсе қойған жоқ, яғни бірінші орындамыз.

Филиал облыстың он екі ауданы мен қала маңындағы ауылдардың шаруаларын (460 елді мекен) теңбе-тең несиелендіреді. Қазір бір мыңнан астам қарызгерлер филиалдан жалпы нобайы 749 млн. теңге алып, шаруаларын күйттеуде. Филиал бүгінгі таңда бес бағдарлама аясында несие беруді одан әрі жалғастырып жатыр. 

Енді «Сыбағаға» байланысты атқарылар іс те қомақты бола түспек. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы несиелендіруді бастарда негізгі жұмыстарды жергілікті атқарушы билікпен (аудан, ауыл әкімдіктері) бірлесе жүргізеді. Солар арқылы қарызгердің барлық жағдайын біледі, несиенің өз мақсатына жұмсалып, уақытында қайтарылуын бақылап, тексеріп отырады. Бұрынғы несиелерден басты артықшылығы - үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Несие мерзімінен бұрын қайтарылса, айыппұл салынбайды. 

Несие тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге беріледі. Сосын бұл қаржы тек қана, етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы аталық мал яғни асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Несие алушы берілген қаржыға тек сиырлар мен бұқаларды сатып алып қана қоймайды, оны өсіріп, өндіріп, етті бағыттағы сиырлардан тұратын табынға айналдырады, болмаса, бордақылау алаңдарына тапсырылады. Несиенің көлемі бір миллион теңгеден 7,5 млн. теңгеге дейін жеті жылға алты пайыздық үстемемен беріледі. Қарызды қайтарудың алғашқы екі жылына жеңілдік қарастырылған. Кепілдікке шаруаның жағдайына қарай, жылжитын және жылжымайтын мүліктер алынады. Несие алушы қарызын мерзімінен бұрын (жеті жылдан) өтеп жатса, оған айыппұл салынбайды. Қойылатын талап аз емес, ең алдымен қандай шаруашылық нысаны болмасын, оның қаржылық жағдайының тұрақтылығы, төлем қабілеті басты назарға алынады. 

Қарыз алушының несиеге арыз берген күнге дейінгі соңғы үш айда салыққа, бюджетке тиісті төлемдерге берешегі болмауы тиіс. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге, басқа да қаржы институттарына мерзімі өтіп кеткен қарыздары болып жатса, несие берілмейді. Жалпы, қарыз алушының бұған дейін несиеге байланысты ешқандай жағымсыз жәйттері болмауы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұған дейін қарыз алып, оны уақытында банкке қайтара алмай, үнемі кешіктіріп, дау-дамаймен қайтарып әзер құтылғандарға «сыбаға» бұйырмайды. Осының бәрін бір деп қоялық.

Екінші мәселе - несие алушының малды бағып-күтуге қажетті мүмкіндігі, қора-қопсысы, суат көзі, мал азығының берік қорын жасақтайтын жағдайы, мал жайылатын жайылысы (бұл жерде бірігіп шаруа жүргізу жөніндегі келісім шарт арқылы да болады), болуы міндетті. Шаруашылықтың төңірегіндегі малдәрігерлік-санитарлық ахуалдың жақсылығы есепке алынады. Сосын тағы бір ескеретін жағдай - «Сыбағаны» алатын шаруаның бұрыннан малы болуы тиіс. Ол малдың саны несиеге алынатын мал басының 50 пайызын құрауы керек. Яғни сіздің он бас ірі қараңыз болған жағдайда малыңызды тезірек көбейткіңіз келсе, қалауыңыз бойынша, жиырма басқа дейін сиыр немесе қашар, болмаса бұқа алуға несие алуға болады. Нақтырақ түсіндірсем, қырық бас ірі қара алғыңыз келсе, өзіңізде бұрыннан 20 бас сиыр малы болуы керек деген сөз ғой. 

-Несие алушы мен бұл жерде сол несиеге мал сататын екінші жақ бар екенін ұмытпайық. Оған қойылатын талаптар қандай? 

-Ең алдымен, мал сатушының ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі ережеге сәйкес, ірі қара малдары бірдейлендірілуі ( таңбалануы, сырғалануы т. б.) қажет. Малдәрігерлік қызметті бәсекелестік немесе келісімшарт негізінде жүргізетін лицензиясы бар мамандар жүргізіп келген, әр бас малмен жеке жұмыс жасауға арналған расколі, яғни түліктерді бір-бірлеп, қамап өткізетін дәлізі болуы міндетті. Етті бағыттағы бірінші кластан төмен емес бұқашықтар немесе бұқалар асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардан алынады және олардың асыл тұқымдық, малдәрігерлік куәліктері болуы керек. Сатылатын аналық малға бес, тұқымдық бұқаларға сегіз талап қойылады. Олармен біздің филиал арқылы арнайы танысуға болады. Тап осы тұста көңіл аударатын бір мәселе бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алатындарға жергілікті атқарушы орындар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері малды қайдан, қай шаруашылықтан, серіктестіктен алуға болатындығы жөнінен көмектесуі керек. Ол малдардың жынысы, жасы, тектілігі, өнімділігі, яғни барлық сапалы өлшемдері көрсетілген ақпараттар жиынтығы компьютерлік базада тұрғаны жөн. Қарапайым тілмен айтқанда, несие иесіне малды «шертіп тұрып» таңдап алуға толық мүмкіндік туғызылуы тиіс. 

-Бұл несиені алуға қажетті құжаттардың көлемі қандай, бұған дейінгі несиелерге жиналатын құжаттардан көп пе, аз ба? Оған бұрынғымен салыстырғанда шамамен қанша уақыт кетеді? 

-Несиені алуға қажетті құжаттар ҚР Қаржы қадағалау агенттігінің 2007 жылғы 23 ақпандағы қаулысымен бекітілген. Бұрынғымен салыстырғанда толық жиналған құжаттарды қарауға төрт күн, екі жақты толтырылған несие алуға қойылатын келісім-шартты халыққа қызмет көрсету орталығына тіркетуге 1-2 апта кетеді. 

-Бұған дейін несие алушылардың арасында ол қаржыны үй, жеңіл автомашина алуға немесе той жасауға жұмсап жіберетіндер де кездескен. «Сыбағаның» қаржысын тек қана өз мақсатына жұмсалуын кімдер қадағалайды? 

-Олай болуы мүмкін емес. Біз мониторинг жүргізіп отырамыз. Қарызгер үш айдан кейін (несиені алғаннан кейін) несиесін өз мақсатына жұмсап жатқандығын нақты дәлелдейтін құжаттарын бізге әкеліп тапсырады. Осылайша есеп беріп отырады. Несиенің өз мақсатына жұмсалмай жатқандығы анықталса, біздің қор алынған несиенің көлеміне қарай 25 пайыз үстеме айыппұл салады, несие түгел кейін қайтарылып алынады.  Уақтылы төлеуден кешіктірсе, сотқа береміз. Қадағалайтындар - біздің филиалдың қызметкерлері және жергілікті атқарушы орындар, сол ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі. 

-Мал шаруашылығымен айналысқысы келіп, жаңадан құрылған, алайда малы жоқ, бірақ қора-қопсысы бар қожалықтар мен шаруаларға «Сыбағадан» үміттенуге бола ма? 

-«Сыбағадан» ештеңе тимейді, яғни бұл бағдарламадан оларға несие қарастырылмаған. Дегенмен басқа бағдарлама бойынша (бір миллион теңгеге дейін)  9,5 пайызбен үш жылға несие алуға болады. Сөз соңында айтарым: «Сыбаға» - ауылдағы мал өсірсем деген ағайынға беріліп жатқан мол мүмкіндік. Енді осындай сәтті қалт жібермей, уақытында, ретімен, тәртібімен толық пайдаланып қалайық.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы аймақтың БАҚ өкілдерін «БЖК-2020» және «Даму-Өндіріс»  (өңдеу өнеркәсібіндегі жеке кәсіпкерлер үшін) бағдарламалары бойынша әртүрлі мемлекеттік қолдауға ие болған бизнес құрылымдармен таныстырды.

«Источник» ЖШС 2015 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынаның қатысушысы болды. 2005 жылдан бастап кәсіпорын «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарын төсек-орын жинақтарымен қамтамасыз етіп, кір жууымен ғана айналысты. Осы жылдың басынан бері кәсіпорынның қызмет түрі кеңейді, енді ол төсек-орындарды - матрастар, көпшік, жамылатын көрпе, төсек-орын сатып алды. 2015 жылы «БЖК-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен 80 миллион теңгеге несие желісі ашылды. Мемлекет несие мөлшерлемесін субсидиялады, яғни 14 пайыздық мөлшерлеменің 7 пайызын төлейтін болды. Сондай-ақ мемлекет кепілдің 50 пайызына дейін немесе 6,2 млн. теңгеге кепілдік берді. Соның нәтижесіндпе несие алып, өндірісті кеңейткеннен кейін мұнда 25 жаңа жұмыс орны ашылды, ал жұмыс жасаушылардың саны 90 адамға жетті.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасынг «Лұқманова Г.А.» жеке кәсіпкері де пайдаланды. Кәсіпкер орайтын ПЭТ-ленталар өндірісі жабдықтарын сатып алуға несие алды. Батыс Қазақстандағы бірден бір осындай өндіріс 2014 жылдың басында ашылды. Желінің өнімділігі тәулігіне 280 мың метрді құрайды.

 «Қазіргі кезде кәсіпорын өз өнімдерін Ақтөбе облысының кірпіштер мен газоблоктар шығаратын «Экотон-Батыс», «Вибромастер Қазақстан», «Ситал-2», «АЗФ», «СБС» сияқтыі зауыттары мен жеке кәсіпкерлерге және басқаларына жеткізеді. Біздің өнім 100 пайыз жергілікті шикізаттан шығарылады, біз енді ресей нарығына шығуды жоспарлап отырмыз», - дейді кәсіпорын директоры Альтаир Лұқманов.

 «Ал «УрТоргСтрой» ЖШС 2014 жылы «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы болды. Кәсіпорын жиһаз және құрылыс материалдары өндірісімен айналысады. Жабдықтар және көлік сатып алуға жылдық 6 пайызбен 12 млн. теңге несие рәсімдеп, ЖШС кепіл бойынша мемекет кепілдігіне ие болды. Жабдықтардың өнімділігі күніне 18-20 текше метр газоблоктар, онда 6 адам жұмыс істейді. Толық өндірістік қуатына жеткен соң жұмыс орындарының саны екі есе ұлғаймақ.

 «Бұрын біз тақтатастар шығаратынбыз, енді газоблоктар шығаруға көштік. Бұл өте жақсы мемлекеттік бағдарлама деп санаймын. Кәсіпкерлерге мықтап көмектесіп тұр», - дейді ЖШС директоры Қадыр Байтөбетов.

Павлодар облысында 170 жобаны жүзеге асыру бойынша алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді. Сонымен қатар, 30 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы «Ертіс» баспасөз клубында өткен брифингте Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Жансейітова хабарлады. 

- Бәсекелестікке қабілетті кәсіпорындар қатарына инновациялық және ілкімді жобалар жатқызылады. Бұл бағытта мақсатты гранттарды алу, несиелерді 750 миллион теңгеге дейін субсидиялау барлық бизнесмендерге қолжетімді болады. Мемлекет ұсынған жеңілдіктерді пайдалану үшін кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім көлемі мен салық түсімдерін ұлғайту қажет, - дейді Г. Жансейітова. 
Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауыл және шағын қалалардың тұрғындары үшін жылдық пайыздық ставкасы - 14%. Төрт пайызын - бизнесмен, ал қалған 10 пайызын мемлекет жабады. Павлодар қаласының кәсіпкерлері жеті пайызын төлесе, қалғанын өтеуге мемлекет көмектеседі. 
- Қазіргі таңда бизнесмендердің кепілтік мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда мемлекет кепілгер бола алады. Бүгінде инфрақұрылым құрылысын субсидиялау жалғасын табуда, - дейді Г. Жансейітова. Еске сала кетсек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында облыс кәсіпкерлері 15,6 млрд теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді. Бұл соманың 3,4 млрд теңгесі - биылғы жылға тиесілі. Қазіргі таңда бөлінген қаржының 80%-ы игерілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар