27.08.2015, 11:45

Индустрияландыру картасына жаңа екі жоба енді

Алматыда  индустрияландырудың  екінші бесжылдығы аясында 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасына тағы екі жоба енді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады.

Айта кетейік, аталған уақыт мерзімінде Алматыда құны 17,6 млрд. теңге болатын 7 жоба жүзеге аспақ. Жаңа жобалардың арқасында тағы да қосымша 1300 жұмыс орнын ашу көзделген.

Осылайша Индустрияландыру картасына «KazTechInnovations» ЖШС-ның электронды жабдықтарды жасауға бағытталған инновациялық кәсіпорын салу туралы жобасы енді. Бұл бағытта мемлекет бюджетінен 6,018 млн. теңге көзделген. Жаңа кәсіпорын 130 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, қала басшылығы «КАЗ-ДИА-ТЕСТ» ЖШС-ның құны 512 млн. теңге болатын диагностикалық тест жүйелерінің өндірісіне қатысты инновациялық жобасын мақұлдады. Жаңа зауытта 95 адам жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, 2015-2019 жылдар аралығында қалада  «COLOR International Technologies» ЖШС, «BIRUNIFARM» ЖШС, «Алматы ашытқы зауыты» АҚ , «КМК construction» ЖШС, «Нобел АФФ» АҚ өндірісті жаңғырту және кеңейту бойынша жобалары жүзеге асырылады.

Олардың үшеуі: «COLOR International Technologies» ЖШС, «BIRUNIFARM» ЖШС, «Алматы ашықты зауыты» АҚ-да  2015 жылдың 1 жартыжылдығында жүзеге асырыла бастады. Осы бағытта 607,6 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Қазір өндіріс орындарында 40 адам жұмыс жасап жатыр.

Қалған жобаларды 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.

Қалалық басқарма басшылығы хабарлағандай, индустрияландыру картасына енетін жобалардың саны арта түсуі мүмкін.

Қала басшылығы әр жарты жылда тиімділігі жоғары инновациялық жобаларды индустрияландыру картасына енгізіп отырады.