Атырауда жылына 11 мың шақырым кәбіл өнімін шығаратын «ПКФ Континет Ко ЛТД» ЖШС зауыты іске қосылды.
«Зауытта бірнеше маркалы талшықты-оптикалық және жезді кәбіл өндіріледі. Ресейлік шикізат пайдаланылады, ол арзан әрі жеткізу жағы қиындық тудырмайды. Мәскеулік жеткізушілермен шарт жасастық. Жалпы жоба құны - 715 миллион теңге. Біз жылдық 14 пайызбен «RBK BANK» екінші деңгейлі банктен сомасы 483 миллион теңге кредит алдық. Пайыздық ставканы субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауды көздейтін бизнестің жол картасы бойынша бізге «Даму» 7 пайыздың орнын толтырып береді. Бұл мемлекет тарапынан үлкен көмек», деді зауыт бас директорының орынбасары Ирина Филимонова.
Ең заманауи жабдықпен жарақталған кәсіпорын ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды.
«Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын сәтті аяқтап, облыс екіншінің де қарқынын төмендетпеді. Барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша бізде бір жарым триллион теңгеге жобалар іске асырылуда. Бұл облыс үшін жаңа салалар - фармацевтика, мұнай, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Жобалар өңір экономикасын көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс жасайтын болады», - деп хабарлады зауыттың ашылу рәсімінде облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов.
Барлық ұжымда 50 адам жұмыс істейді. Атырау облысының тұрғындары. Қажетті мамандардың бөлігі қаладан іздестірілді, жартысы өндірісте оқытылды.
Бұдан бұрын да өңір мұндай өнімді импорттаған, сондықтан өткізу жағынан проблема туындамайды. Өнімді мемлекеттік мекемелер, көлік, телекоммуникация, мұнай компаниялары салалары пайдаланатын болады.