$ 479.38  531.63  5.27

Бизнес – алынбас қамал емес

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданғалы бес жылдан асты. Сол арқылы бірінші рет кәсіп бастап, бизнес ашқан адамдар саны жыл санап артуда. Соның бірі - пайғамбар жасынан асқан кәсіпкер кейуана Қалдыкүл Қайыпова.

Әлгінде айтқанымыздай, 66 жастағы Қалдыкүл апа 1976 жылы Алматыдағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі училищесін технолог мамандығы бойынша бітірген. Содан бері нан өнімдерін пісіру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Еңбекқор жан көп жылдар Қаратау қаласындағы наубайханада технолог, шебер, директор секілді қызметтерді мінсіз атқара жүріп, 2000 жылдары өзінің дербес наубайханасын ашу туралы ойлана бастайды. Нан пісіру - көзін ашқалы бергі айналысып келе жатқан кәсібі, өмірлік ісі, неге айналысуға болмасын? Оның бүкіл қыр-сырына қанық. Осылайша 2003 жылы «Қайыпова» жеке кәсіпкерлігі құрылып, «Әнел» атты шағын наубайхана дүниеге келді. Таза әрі жаңа технологиямен пісірілген ас атасы күнделікті дүкендерге өткеріліп тұрады. Табыс жаман емес. Кәсіпорын негізінен тапсырыспен де, айналым бойынша да жұмыс істейді. Ал, жұмысшы-мамандарға келсек, бес баланың ардақты анасы, көнекөз технолог көбінде өзінің балаларына арқа сүйейтін. Перзенттері де сенімін ақтамай қалған жоқ. Бүгінде екі ұлы мен келіндері осында өзіне көмекші. Былайша айтқанда, бұл - отбасылық бизнестің зор үлгісі. Және сол бизнестің бастауында алпыстан асқан бейнетқор ана тұр дегенге алғашында сене де алмайды екенсің. Апамыз әлі де тың әрі қуатты. Қажыр-қайраты кез келген жастан кем түсіп тұрған жоқ. «Еңбек адамды қартайтпайды, қайта, күш-жігеріңді еселей түседі екен», - дейді күліп Қалдыкүл апа.

Қалдыкүл Қайыпова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы туралы білмейтін. Жалпы, ол кісі қаржылық операциялардан мүлде бейхабар еді. Барлығы кездейсоқ басталды. Жемісті жұмыс істеп жатқан наубайханасындағы өндірісті, соған орай, ғимаратын да кеңейтпекші болған ол «ЦентрКредит» Банкінің облыстық филиалына несие алу мақсатында өтініш береді. Кепіл мүлкі ретінде өзінің Қаратау қаласындағы пәтері мен наубайханасын ұсынды. Алғашында 16 пайыздық мөлшерлемемен несие бергелі отырған банк кейін мөлшерлемені 14 пайызға дейін түсірді. Ал, бағдарлама талаптары бойынша пайыздық мөлшерлеме 14 пайыздан аспаса, оның 50 пайызы мемлекет қаржысымен субсидияланады, яғни несие алушы клиент 7 пайызын өзі, қалғанын мемлекет төлейді. Әрине, мұнда аудан басшылығының да рөлі зор. Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері кәсіпкер ападан керекті ақыл-кеңесті аямай, үнемі жол көрсетіп отырды. Нәтижесінде Қалдыкүл апа 2,2 миллион теңге несие алып, аумағы 200 шаршы метр болатын жаңа наубайхана тұрғызды. Ғимаратқа 740 мың теңгеге газ кіргізіп, құны 1,5 миллион теңге болатын нан пісіретін жаңа технология орнатты. Бүгінде «Әнел» наубайханасы 20-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда күнделікті 2 мың дана нан пісіріліп, Қаратау қаласындағы ондаған сауда нүктелеріне жеткізіліп отырады. Сондай-ақ, тапсырыс бойынша барлық нан, торт өнімдерін әзірлейді. Кәсіпорынның технологиясы күніне 2,5-3 мыңнан астам нан шығаруға қабілетті. 

- 35 жыл бойы халық үшін нан пісіріп, 10 жылдан бері оны жеке кәсіпке айналдырсақ та, кәсіпкерліктің біз білмейтін қыр-сыры, ұңғыл-шұңғылы көп екен. Жылдар өтіп, тәжірибем молайған сайын біраз дүниеге қанығып, жетік меңгеріп келем. Бұрын несие дегенді де білмей келіп едім. Енді міне, өмірімде бірінші рет несие алып тұрып, салған жерден-ақ бірден мемлекет қолдауына ие болып отырмын. Бірнеше рет Кәсіпкер әйелдер форумына қатыстым. Одан да біраз жаңа дүниелер үйреніп қайттым. Жалпы, бұнымен тоқтап қалатын ойымыз жоқ, алға қойған жоспарларымыз өте көп, - дейді Қалдыкүл апа. Қарияның ертеңгі күнге ерекше сенімі мен жарқын оптимизмі өрімдей жастың өзін қайран қалдырарына дау жоқ.

Жұмысы үнемі қауырт, шаруасы шаш-етектен келетін кәсіпкер әйелдерге әр күннің, әр сағаттың құны алтынмен тең. Олар кейде мерекеге де жеткілікті мән бере алмайды. Бұл сөз біздің кейіпкеріміз «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлмира Қоңқашеваға да қатысты.  Біреулердің сүйікті ісі - тігін тігу, тағы біреудікі - тамақ пісіру болуы мүмкін, ал, Гүлмира Қадырқызы сол тамаққа пайдаланылатын жайманы өндіруге соңғы 15 жылын арнап келеді.

Бұл кісінің мінезін бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Тегеурінді, текті, талапшыл. Бір-ақ рет сөйлейтін ер мінезді. Өте еңбекқор. Оның жұмыс орнында темірдей тәртіп пен кіршіксіз тазалық салтанат құрған. Өзі көп жылдар әйел адамға онша қатыссыз қызметте, атап айтсақ, көлік және көлік бөлшектерін саудалайтын фирманың Тараздағы өкілдігін басқарыпты. 2000 жылдары нарықты зерделей келе макарон өндіретін шағын ғана цех ашқан. Онда 6-ақ адам жұмыс істеп, күніне 50-100 килограмм өнім өндіріп отырған. Ол кезде расында да облыста бұл өндіріс түрі дамымай, кенжелеп қалған болатын. Сол шағын цех бүгінде айына 200 тоннадан астам жайма шығаратын алып зауытқа айналды. Алғашында «лазаньяға» қамыр әзірлейтін қытайлық құрылғыны жаймаға ыңғайластырып, сонымен жұмыс істесе, бүгінде өз тапсырыстарымен жасалған итальяндық технологияны пайдалануда. Алып екі цехта жайманың 10-ға жуық түрі шығарылады. Жұмыс толығымен автоматтандырылған. Мұнда 150-ден астам адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Еңбеккерлерге түскі тамақ тегін беріледі екен. Барлық қызметкер, тіпті хатшы қызға дейін ақ желең киіп алған. Кеңсе тұрмақ, өндірістік цехтардан да қамыр қалдықтары мен ұнның ұшқан тозаңын таппайсыз.

-  Мен үшін сапа - басты орында, - дейді Гүлмира Қадырқызы, - Бір өндірушілерге өнімнің неғұрлым мол шығарылып, жан-жаққа тынымсыз таралып жатқаны ұтымды, ал менде ондай көлем қуалау деген жоқ. Аз шығарсам да тап-тұйнақтай, барлық талапқа сай болуы тиіс. Сынған, майысқан қамырды ешқашан оратпаймын. Менің жұмысшыларым да ондай жүрдім-бардым әрекетке бара алмайды, өйткені, менің талаптарымнан хабардар. Егер соны біле тұра абайсызда жерге түсіп қалған қамырды қорапқа сала салса, онысы бейнекамераға түсіп қалады.

Осы уақытқа дейін «Арзу» атты сауда белгісімен танымал болған зауыт 2012 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізіліп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиесінің пайыздық ставкасын субсидиялады. Енді «Арзумен» қоса «Ертөстік» атты бренд арқылы жайманың ұсақтау түрін шығаруды ұлғайтты. Бүгінде зауыттан шығатын өнімнің барлық түрін arzu.asia сайтынан таба аласыз.

Біз Гүлмира Қадырқызының кеңсесінде «Арзу» мен «Ертөстікті» басқа да өндірушілердің кептірілген қамырларымен салыстыра отырып қарадық. Расында да, кей брендтегі орамдардың ішінде майысқан, шектен тыс қалың немесе қалыңы мен жұқасы араласып кеткен, сарғыш реңкке тым қатты боялған жаймалар жүр. Кейіпкеріміз өзі технолог болғандықтан өнімнің  құрамына, дұрыс әзірленуіне қатты мән береді, қадағалап отырады. Тіпті, оралу үрдісінің өзінде маркетингтік тәртіп-талаптарды қатаң сақтап, қамырдың пакеттерге өз ретімен салынуына көңіл бөледі. Сондықтан, күні мен түнін кейде тұтастай осында өткізуге тура келеді екен.

Соған қарамастан, Гүлмира Қоңқашева үш перзент өсіріп отырған аяулы ана, ардақты әже. Жолдасы Талғат та осы зауытта тізе қосып бірге жұмыс істейді, директордың орынбасары. «Байтал шауып бәйге алмас» деген қазақ, осындай ақылшы ер-азаматым болмаса, мұншама істі дөңгелете алып кетерім неғайбыл еді» дейді зайыбы туралы Гүлмира Қадырқызы. Астанада қызмет істейтін үлкен ұлынан екі немересі бар. Екінші ұлы да елордада тұрады. Ал, сүт кенжесі Саяжанның жасы 6-ға енді толады. 45 жасқа тақағанда дүниеге әкелген ерке қызы десе Гүлмира апайдың жаны бөлек. «Кейде сол Саяжаныма көңіл бөлуге уақыт таппаймын, бірақ  күтушісі оны кез-келген уақытта өзі әкеліп көрсетіп тұрады» дейді ол.

Гүлмира Қадырқызының тағы бір қасиеті - қайырымдылыққа бір иығын беріп тұрады. Иә, бір қарағанда қаталдау, онша-мұншаға ықылас таныта бермейтін дәті берік жан болып көрінгенімен, көп әріптестеріне қарағанда қолы ашық. Мереке кездерінде өз өнімінен толтырып көлікке тиеп алады да, балалар мен қарттар үйіне жол тартады. Бұл әдеттен жаңылмай келе жатқанына қанша жыл. Міндетті түрде мол дастарқан ұйымдастырып, қой сойдырып, қазан-қазан ет астырады. Әншілер мен бишілерді алдырады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз шат-шадыман думанды мерекенің көрігі қызады. Қазандағы сорпаға  «Арзу» жаймалары салынып, жиналғандарға ет тартылады. Кеш соңында әкелген қайырымдылық көмегін мекеме басшыларына тапсыруды да ұмытпайды. Ал, Жаңа жыл мерекесінде өз өнімдерін тарту еткенімен шектеліп қалмай, балалар үйінің балғындарына Аяз атаның атынан сыйлық та жасайды. Мұндай атымтай жомарттықтың сыры соншалық тереңде деп ойламаңыз, бұл Гүлмира Қоңқашева үшін кәдуілгі нәрсе.

-  Жағдайы бар әр адам солай жасауы тиіс, - дейді ол, - Мен де көпбалалы отбасында, он баланың жетіншісі болып дүниеге келдім. Мен көрген балалық шақ не тапсаң да өзгелермен бөлісуді, қиындыққа тап болған жандарға барынша жәрдемдесуді өмірдің ең ажырамас бөлігі ретінде санама сіңірді. Және оның  қайтарымы болар ма екен деп ешқашан дәметкен емеспін. Бұл өмірде қандай табысқа жетсем де өз күшіме сенгендіктен, табандылығымнан деп білемін.

Әңгімеміздің соңында Гүлмира Қоңқашева «бүгінде жайма өндірумен айналысып жатсам, кез-келген күні ойымда басқа жұмысқа қатысты идеялар туындап, сол салаға бет бұруым да мүмкін, «қамыр жаюды» өмірлік сүйген ісім дей алмаймын» деді. Сондықтан, іскер жанның жұлдызы бизнестің басқа да салаларында жарқырап жанып, айналасына нұрын төгіп жатса, таң қалмаңыз. 

Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы - 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың біріңғай бағдарламасы аясында Астана қаласында 67 жоба мақұлданды. 

Астана қаласы Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, банктік несиелер/лизингтік компаниялардың пайыздық үстемелерін субсидиялау бойынша жалпы сомасы 11 919,5 млн. теңгені құрайтын 64 жоба мақұлданды.

Сондай-ақ, инфрақұрылымдық өнеркәсіпті дамыту бойынша 81,8 млн. теңге болатын 3 жоба қолдау тапты. Жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыру мақсатында 15 млн. теңге көлемінде 5 грант бөлінді.

Айта кету керек, Астанада «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 84 507,4 млн. теңгені құрайтын 480 жоба қолдау тапқан.

2010 жылдан ағымдағы жылдың қазан айына дейін  81 656,3  млн. теңге соманың 425 жобасы субсидияланды. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаға несие сомасы 3 676,4 млн. теңгені құрайтын 80 жоба қатысты.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылым үшін жалпы сомасы 2 791,23 млн. теңге болатын 35 жоба қатысуда. Инфрақұрылымдық жобалар электр энергиясын, жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау, жобалау-сметалық, мемлекеттік сараптама және басқа салаларды қамтиды.

Гранттық қаржыландыру аясында 20 жобаға 59,9 млн. теңгеге несие бөлінді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми  сайты.

Алматы облысында шағын және орта бизнес белсенді дамуда. Сонымен «БЖК-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2015 жылға 3,8 млрд. теңге бөлінді.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Талдықорған қ. Журналистер үйінде өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі барысында мәлімдеді.

Жұмыс істеп жатқан субъектілердің саны 2014 жылмен салыстырғанда, 3,8 пайызға өсті, оған 327,8 мың адам жұмысқа орналасты. Алматы облысында 179,8 млрд. теңгеге өнім шығарылды, бұл өткен жылға қарағанда, 2,5 пайызға артық.

«Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасының шеңберінде жобаларды ұйымдастыру мен іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру төмендегіше жүзеге асады.

  1. Бағдарламаның мәнін баяндау (атауы, іске асырушылар, жобаға қатысушылар қандай жетістікке қол жеткізеді).

Осы жобаның шеңберінде Сіз мемлекет тарапынан тегін қаржылай қолдау ала аласыз. Бағдарламаға қатысу үшін іріктеудің басты талабы – Сізде жаңа, ерекше бизнес-жоспардың болуы, бұдан бұрын қазақстандық нарықта болмаған тауарлар мен қызметтерді ұсыну ниетінің болуы.

Алынған грант қайтарылмайды ( Сіз қаражаттарды нысаналы пайдаланған жағдайда )!

  1. Бағдарламаға кім қатыса алады/кім қатыса алмайды?

2.1. Мемлекеттік гранттарды ісін жаңадан бастаған, инновацияларды енгізетін (нарыққа қажетті өнімдерді немесе қызметтерді құратын), түпнұсқалығымен және жаңалығымен ерекшеленетін бизнес-идеялары бар кәсіпкерлер ала алады.

2.2. Грант тар берілмейді, егер:

  • Сіздің компанияңыз қайта құрылу, таратылу немесе банкроттық сатысында болса, сондай-ақ Сіздің қызметіңіз ҚР заңнамасына сәйкес тоқтатылған жағдайларда;
  • салықтар мен мемлекеттік бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер бойынша борышыңыз болған жағдайда;
  • Сіздің негізгі қызметіңіз – жылжымайтын мүлікті жалға беру.

2.3. Мемлекеттік Грантты алу шарттары:

  • Сіз жоспарланған жобаны іске асыруға грант сомасынан 20 % кем болмайтын мөлшерін дербес енгізуіңіз тиіс.
  • Сіз грант қаражаттарын келесі мақсаттарға пайдалануыңыз тиіс:

- негізгі құралдар мен материалдарды сатып алуға;

- материалдық емес активтерді сатып алу;

- технологияларды сатып алуға;

- бизнесті құру және жүргізу үшін басқа компанияның бизнес-үлгісін және брендті пайдалану құқығын алуға;

- зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығындарға пайдалануыңыз тиіс.

Грант қаражаты жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға және жалдау ақысы ретінде пайдаланылмайды.

Гранттың ең жоғары сомасы бір кәсіпкер үшін 3 000 000 теңгеден аспайды.

Компанияның құрылтайшылары бірнеше жеке тұлғалар болған жағдайда, Грант сомасы осы құрылтайшылардың санына тең 3 000 000 теңге сомасынан аспауы тиіс. Яғни, Егер Сіздің компанияңызда үш құрылтайшы болған кезде, Сіздің компанияңызға берілетін гранттың жоғары мөлшері 9 000 000 теңгеден аспайды.

  1. Бағдарламаға қатысу жолдары – толтыру үлгілері, байланыс ақпараты, қажетті құжаттардың тізілімі бар сатылы нұсқаулық.

Бағдарламаға қатысу үшін қойылатын талаптар:

3.1. «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясындағы курстарда оқуыңыз қажет; ( http://www.damu.kz/1502 )

  1. 2. Конкурсты өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін конкурсты өткізу туралы хабралмасында көзделген мекен-жай бойынша конкурстық өтінімді ұсыну қажет. Конкурстық өтінімнің үлгісін «ДАМУ» Қорының уймақтық бөлімшесінде беріледі. (байланыстарhttp://www.damu.kz/7415парағындағы кестеде келтірілген).

3.3. Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісіне жүгініп (облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармалары – Басқармалар байланыстарын әкімдіктердің сайттарынан табуға болады) және келесі құжаттарды ұсыну қажет:

  • гранттарды ұсыну бойынша конкурстық іріктеуге қатысу туралы өтінім;
  • заңды тұлғаны (жеке кәсіпкерді) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
  • салық органында есепке қою туралы куәліктің (хабарламаның) көшірмесі;
  • салықтар, алымдар мен салымдар бойынша бюджетпен есептесулер жағдайы туралы анықтама;
  • басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен бекітілген, өтінімді тапсыру сәтіндегі жалдамалы жұмысшылардың орташа саны туралы анықтама;
  • бизнес-жоба;
  • кәсіпкердің "Бизнес кеңесші" жедел курстарында қысқа мерзімді оқытудан өткендігін растайтын құжаттың көшірмесі;
  • заңды тұлғалар үшін жарғының көшірмесі (болған жағдайда);
  • қызмет түріне лицензия көшірмесі (лицензияланатын қызмет түрімен айналысқан жағдайда);
  • кәсіпкер атынан өтінімді тапсыру құқығына сенімхат, сенімді тұлға төлқұжатының көшірмесі (заңды тұлға атынан – заңды тұлға бекіткен).

3.4. Содан соң қатысу өтінімімен Қонкурстық комиссияның Жұмыс органына жүгіну қажет (Сіздің аймағыңыздағы байланыстарды «ДАМУ» Қорынан біле аласыз, 3.3. т. қараңыз).

3.5. Сіз өз бизнес- жобаңыздың тұсаукесерін Конкурс тық комисси я отырысында жүзеге асырасыз.

3.6. Конкурс тық комиссия грант беру туралы шешім қабылдаған жағдайда, ол құжаттарды Өңірлік үйлестіруші кеңеске (ӨҮК) жібереді.

3.7. ӨҮК шешім қабылдайды және ол туралы Сізге және «Даму» Қорына хабарлайды.

3.8. «Даму» Қоры 15 күн ішінде бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісімен және кәсіпкермен грант ұсыну туралы шартқа қол қояды.

3.9. Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісі ақшалай қаражатты Сіздің ағымдағы банктік шотына аударуды жүзеге асырады.

  1. Бағдарламаға қатысуды мерзімнен бұрын тоқтату шарттары. Бағдарламаға қатысушылардың жауапкершілігі.

Егер де Сіз шарттың талаптарын сақтамасаңыз, шар бұзылуы мүмкін. Бұл ретте Сізге грант беруден бас тартылуы немесе пайдаланылған қаражатты қайтаруды талап етілуі мүмкін.

Мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында шарттың қоданылу шеңберінде Сізге қойлатын талаптар:

  • бизнес-жобада көзделген міндеттерді уақытылы орындау;
  • «Даму» Қорының талап етуі бойынша грантты пайдалану кезіндегі кемшіліктерді жою;
  • Грант бойынша бөлінген қаражаттарды нысаналы емес пайдалануға жол бермеу;
  • «Даму» Қорының талап етуі бойынша 3 жұмыс күн ішінде Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын растайтын материалдарды және жазбаша түсініктемесін ұсыну;
  • «Даму» Қорының Шартты орындаумен байланысты құжаттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету;
  • Компанияның жауапты тұлғасы ауысқаны туралы «Даму» Қорына дереу хабарлау;
  • кезкелген салық төлемдері бойынша борыштың болмауына кепілдік беру;
  • Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін грант қаражаттарының пайдаланылмаған бөлігін қайтару туралы талап етуді алғаннан кейін 3 жұмыс күн ішінде оны қайтару.
  • «Даму» Қорына шарт жасасқаннан кейін 10 күн ішінде: байланыс ақпаратты, алдағы жылдың жұмыс жоспарын, қаржылық есепті, қызмет туралы есепті электрондық нысанда ұсыну және оларды тоқсан сайын жаңарту.
  1. Бағдарламаға қатысушылардың алдында ашылатын жаңа мүмкіндіктер.

Егер де СІз Осы Бағдарламаның шеңберінде жобаны сәтті іске асырсаңыз, Сіз «Несиелерді субсидиялау», «Несиелерге кепілдік беру» бағдарламаларына қатыса аласыз ( Осы Бағдарламаларға гранттық қаржыландыру бағдарламасына қатыспаған, ісін жаңадан бастаған және әрекет етуші кәсіпкерлер қатыса алады ).

  1. Жиі қойылатын сұрақтар ( FAQ - парағы )
  2. Бағдарлама бойынша статистика (іске қосылған сәттен бастап қатысушылардың жалпы саны, аяқталған жобалардың саны, игерілген қаражаттардың ақшалай көлемі, жиынтық экономикалық тиімділік, аймақтар мен компаниялардың көлемі бойынша қатысушылардың статистикасы (шағын/орта/ірі бизнес).

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы аймақтың БАҚ өкілдерін «БЖК-2020» және «Даму-Өндіріс»  (өңдеу өнеркәсібіндегі жеке кәсіпкерлер үшін) бағдарламалары бойынша әртүрлі мемлекеттік қолдауға ие болған бизнес құрылымдармен таныстырды.

«Источник» ЖШС 2015 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынаның қатысушысы болды. 2005 жылдан бастап кәсіпорын «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарын төсек-орын жинақтарымен қамтамасыз етіп, кір жууымен ғана айналысты. Осы жылдың басынан бері кәсіпорынның қызмет түрі кеңейді, енді ол төсек-орындарды - матрастар, көпшік, жамылатын көрпе, төсек-орын сатып алды. 2015 жылы «БЖК-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен 80 миллион теңгеге несие желісі ашылды. Мемлекет несие мөлшерлемесін субсидиялады, яғни 14 пайыздық мөлшерлеменің 7 пайызын төлейтін болды. Сондай-ақ мемлекет кепілдің 50 пайызына дейін немесе 6,2 млн. теңгеге кепілдік берді. Соның нәтижесіндпе несие алып, өндірісті кеңейткеннен кейін мұнда 25 жаңа жұмыс орны ашылды, ал жұмыс жасаушылардың саны 90 адамға жетті.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасынг «Лұқманова Г.А.» жеке кәсіпкері де пайдаланды. Кәсіпкер орайтын ПЭТ-ленталар өндірісі жабдықтарын сатып алуға несие алды. Батыс Қазақстандағы бірден бір осындай өндіріс 2014 жылдың басында ашылды. Желінің өнімділігі тәулігіне 280 мың метрді құрайды.

 «Қазіргі кезде кәсіпорын өз өнімдерін Ақтөбе облысының кірпіштер мен газоблоктар шығаратын «Экотон-Батыс», «Вибромастер Қазақстан», «Ситал-2», «АЗФ», «СБС» сияқтыі зауыттары мен жеке кәсіпкерлерге және басқаларына жеткізеді. Біздің өнім 100 пайыз жергілікті шикізаттан шығарылады, біз енді ресей нарығына шығуды жоспарлап отырмыз», - дейді кәсіпорын директоры Альтаир Лұқманов.

 «Ал «УрТоргСтрой» ЖШС 2014 жылы «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы болды. Кәсіпорын жиһаз және құрылыс материалдары өндірісімен айналысады. Жабдықтар және көлік сатып алуға жылдық 6 пайызбен 12 млн. теңге несие рәсімдеп, ЖШС кепіл бойынша мемекет кепілдігіне ие болды. Жабдықтардың өнімділігі күніне 18-20 текше метр газоблоктар, онда 6 адам жұмыс істейді. Толық өндірістік қуатына жеткен соң жұмыс орындарының саны екі есе ұлғаймақ.

 «Бұрын біз тақтатастар шығаратынбыз, енді газоблоктар шығаруға көштік. Бұл өте жақсы мемлекеттік бағдарлама деп санаймын. Кәсіпкерлерге мықтап көмектесіп тұр», - дейді ЖШС директоры Қадыр Байтөбетов.

Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауылдың 400-ге жуық тұрғыны өз бизнесiн ашуға мүмкiндiк алды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Өз бизнесiн ашу мүмкіндігін алғандар аталған бағдарламаның екінші бағыты «Кәсiпкерлiктi дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тiрек ауылдарын дамыту» бойынша шағын несиеге қол жеткізіп отыр.

2015 жылдың жоспарына сәйкес Ақмола облысының бастаушы кәсiпкерлерiне 711,9 миллион теңгенiң 258 заем беру қарастырылған. Оның iшiнде 223 миллион теңгенiң 95 шағын несиесiн шұғыл қайтарылған қаражат есебiнен беру жоспарлануда. Қалған 163 заемды беру үшiн ағымдағы жылдың жоспары бойынша республикалық бюджеттен 488,9 миллион теңге бөлiнген. Жалпы 2011-2014 жылдар аралығында 2,7 миллиард теңгенiң 1172 шағын несиесi берiлген.

Жұмыспен қамтуды және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуынша, 9 қазанға дейiн тұрғындардан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 413 өтiнiш түсiп, оның 230-ы мақұлданған, 511,9 миллион теңгенiң 216 шағын несиесi берiлген. Осыған байланысты 364,6 миллион теңгенiң 152 заемы республикалық бюджеттен берiлсе, ал 147,3 миллион теңгенiң 64 шағын несиесi реинвесттициялық қаражаттан берiлген.

Сондай-ақ Астана, Көкшетау және Атбасар қалаларында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бағыттары бойынша 287 адам дәрiс тыңдап, сертификаттар алған.

Кәсіпкерлік адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. Бұған кезінде атақты неміс экономистісі, Гарворд профессоры Иозиф Шумпетер (1883-1950жж) мән берді. Оның айтқан мынадай сөзі эпиграф болып саналады «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу».
Екінші жағынан алдымен кәсіпкерлік жұмысты ұйымдастырушылар. Ол туралы француз экономисі Жан Батист Сей (1767-1832жж) былай деген «Кәсіпкер — адамдарды өндірістік шеңбер ауқымында ұйымдастыратын адам».
Кәсіпкерлік терминін алғашқы рет ағылшын экономисі – Ричард Контильон (1650-1758жж) енгізді. Бұл ұғымға ол нарықтық тәуекелділік жағдайында табыс алу мақсатымен өндірісті ұйымдастырудағы адам белсенділігін жатқызады.
Экономикалық әдебиеттерде кәсіпкерлік пен бизнес ұғымдарын балама түрінде қарастыру жиі кездеседі. Бизнес пен кәсіпкерлік жақын ұғым болғанмен, оларды бір-бірімен баламалап, теңестіріп қарауға болмайды. Бизнес – табыс әкелетін кез келген қызметтің түрі. Рас, бизнес кәсіпкерлік қызметпен тығыз байланысты. Кәсіпкерлік – новаторлық іс. Нағыз кәсіпкер – ол өнертапқыш. Сондықтанда бизнеспен айналысатын адамдар, осы көзқарас тұрғысынан ешуақытта кәсіпкер бола алмайды. Нарық жағдайында кәсіпкерлік қызмет көп нышанда болады. Оларды мына түрге бөлуге болады:
1. Масштабы бойынша: шағын, орта, ірі кәсіпкерлік.
2. Кәсіпкерліктің субъектілері бойынша: кәсіпкерліктің субъектілері экономикалық қызметтің әр түрлі қатысушылары – жеке тұлғалар, келісімшарт міндеттемелерімен, ортақ экономикалық мүдделерімен, біріккен адамдар тобы, яғни ұжымдық кәсіпкерлік, серіктестік, кооперативтер, акционерлік қоғам, холдингтер және осыған тәріздес мемлекеттік кәсіпкерлер бола алады.

Кәсіпкерлік – бұл шаруашылық жүргізудің әдісі және өз бетімен жұмыс істеуге негізделген экономикалық ойлаудың ерекше типі. Кәсіпкерлікті дамытудың басты сәті нарық экономикасында бәсекелестік отанын құру үшін ғана емес, сонымен қатар еркін кәсіпкерлік үшін жол ашатын мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендіру болып табылады. Әр бір заттың немесе құбылыстың өзіне тән даму және қалыптасу тарихы бар. Сол тәрізді кәсіпкерліктің даму тарихы талай ғасырларды қамтиды. Дегенмен қазіргі түсініктің орын алуы капитализмнің қалыптасу және даму кезеңіне сай келеді. Буржуазиялық саяси экономияда кәсіпкерлік түсінігі XVIII ғасырда пайда болды, сонымен қатар «меншік иесі» деген түсінік алды.
Кәсіпкерліктің даму тарихы 4 бағытта дамыды:
1 – бағыт. Кәсіпкерлікті тәуекелдікпен байланыстырды. Бұл бағыттың негізін салушысы болып француз экономисі – Ричард Контильон болып саналады. Ол мынадай шешімге келеді: «Кәсіпкер болашақтағы мүмкіндіктерді болжап, өзіне табыс табу мақсатында мүмкіндіктерді жүзеге асырады. Сұраныс пен ұсыныс қатынасын ескере отырып, кәсіпкер тауарды арзан бағаға сатып алып, қымбат бағаға сатады».
2 – бағыт. Ж. Сей мен А. Маршалдың көзқарастарымен байланысты. Олардың ойынша өндірістік факторлардың бірі рационалдық комбинацияны жүзеге асыру және қалыпты кәсіпкерлік табыс табу.
3 – бағыт. Кәсіпкерлік теориясын құрудағы негізгісі мен перспективалық бағыт. Бұл бағыттың негізін салушы Шумпеттер. Егер шаруашылық субъектілері жаңа комбинацияны жүзеге асырмаса, ол кәсіпкер болып саналмайды. Кәсіпкерлік функцияларын мынадай адам ғана жүзеге асыра алады. Егер ол сезімтал, иновациялық өзгерістерге икемді адам болса, жаңалықты таба білетін, оның нәтижесін тиімді қолдана білетін тұлға.
4 – бағыт. Бұл бағыттың негізін салған адамдар П. Дюркер, В. Санто олар кәсіпкерлікті менеджментпен тығыз байланыстырады. Кәсіпкерлік пен менеджмент бірін-бірі толықтырып тұрады және құрамдас бөлігі болып табылады. Менеджмент көбінесе кәсіпорынның қызмет көрсету саласына көп көңіл бөледі және кәсіпкерліктің басқару стилін нығайтады.

Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, рынокта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындар ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл туралы Президентіміз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызды. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек. Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады» – дейді. Алдымен экономика, сосын саясат формуласын ұстанатын президентіміздің шағын және орта кәсіпкерлікке деген ынта-ықыласын бүкіл халық қолдауда.

Президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің одан әрі экономикалық және саяси дамуын айқындайтынын жақсы түсінеді және біледі. Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да атап өтілгендей, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баяндала отырып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуының бірден-бір шешу жолы болып оларды қаржылық ресурстармен, яғни несиемен қамтамасыз ету болып табылса, оларды несиелейтін екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің жағдайына да тоқталып өтеді.

Мемлекет бүгінде кәсіпкерлік қызмет субьектілерінің нарық экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде өз қызметтерін жүзеге асырылуына қажетті жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Міне, аз жылда республикамыз бойынша шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істеуді көздейтін жалпыұлттық институттар құрылып үлгерді. Сонымен қатар, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қоры» құрылып, табысты да талапты жұмыс жүргізуде. Кәсіпкерлікті қолдау үшін бір емес, бес бірдей бағдарлама жасалып, кәсіпкерлерімізге мемлекет тарапынан үлкен басымдықтар берілген. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және бизнестің билікпен арадағы іс-қимылдарының жаңа моделін құруға бағытталған «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруды көздейтін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер заңдық деңгейде қарастырылды. Оның сыртында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және салық салуды жақсарту жөнінен үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шағын және орта бизнесті жеделдете дамыту шаралары жөнінде бағдарламалар әзірленіп, салық заңына түзетулер енгізілуде. Дәл осы процеспен кете берсек, аз жылда-ақ Қазақстан әлемдегі кәсіпкерлік жасауға ең қолайлы мемлекеттердің қатарынан табылады. Әрине, бұл жұмыстардың басында тек бір ғана адам тұр: ол – президентіміз Н.Назарбаев.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды одан әрі ынталандыру үшін мемлекетіміз алдағы уақытта да көптеген жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырмақшы. Жоспарланған түрде, шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ құрылымындағы үлесінің айтарлықтай артуына қол жеткізіп, сол арқылы мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығының берік іргетасы – орта тапты нығайту қажеттілігі күн санап артуда және бұл жолда президентіміз көптеген мәселелерді шешуде. Жалпы, алдағы уақытта Еуразиялық интеграцияда, сонымен қатар ДСҰ-да Қазақстан шағын және орта бизнес арқылы бәсекеге төтеп беріп, ел экономикасын шарықтата алуы тиіс. Бұл біздің президентіміздің, мемлекетіміздің негізгі мақсаты болып табылады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың пайдасы, мемлекетімізге алып келер үлесі орасан зор. Дәл осы кәсіпкерліктің түрлерін дамытпай еліміздің экономикасын жандандыру, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру мүмкін емес. Жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, рынокты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде, депрессияны бастан кешіріп отырған жекелеген аудандарды қалпына келтіруде осы шағын және орта бизнес шешуші фактор. Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталды. Одан кейін «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдар қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау үшін, қаржылай және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» жарлық шығарды. Міне, жыл сайынғы жолдауында елбасымыз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынып келеді. Биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударылған.

Шын мәнінде, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру солардың үлесінде. Бұл жағдай тек дамыған елдерге ғана қатысты емес, өтпелі экономикасы бар елдерге де қатысты. Бірнеше жыл бұрын президентіміз Н.Назарбаев: «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90%-дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» – деген болатын. Көріп отырғанымыздай, бүгінде президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жағдай туғызу үшін Еуразиялық экономикалық одақ жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, ДСҰ-ға кірудің алғышарттары да түзіліп қойылған. Алдағы уақытта еліміздің экономикасы дәл осы шағын және орта кәсіпкерлік арқылы аспанға шарықтайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Егін елдің ырысы
Келесі жаңалық
Экономикалық интеграция