$ 494.87  520.65  4.91

Экономикалық интеграция

Астанада IV «Еуразияның экономикалық перспективасы» атты халықаралық форум өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықты дамыту, «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы талқыға түсті. Сондай-ақ, биылғы жылы елордаға жиналған басқосу аясында жетекші ғалымдар мен сарапшылардың, парламентшілердің бүгінгі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мәселелері жан-жақты зерделенді.

 

Негізінен ТМД-ға мүше мемлекеттер парламенттері бас­тамасымен жүзеге асып келе жатқан аталған халықаралық шара 2013 жылдан бері тұрақты түрде өткізілуде. Өткен жолы ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болған-ды. Сөз реті келгенде, халықаралық форум Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің баста­ма­сымен және Ресей Федера­циясы Федералды Жиналысы Мем­лекеттік Думасының қолдауымен бірлесе өткізілгендігін айта кету керек. Бұл жиынға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан парламенттері палаталарының басшылары, Армения, Белоруссия, Қы­тай, Қырғызстан, Ресей делега­ция­лары, Еуразиялық экономи­калық одаққа және Шанхай ынты­мақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер өкілдері, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, саясаткерлер және Қазақстан мен Ресейдің аймақ басшылары да қатысқандығын айта кету керек.

Аталған шараны сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов былай деді: «Бүгін осы форумда біз еуразиялық экономикалық интеграцияның перспективаларын талқылай отырып, ең алдымен заманымыздың көрнекті саясаткері Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Одақтың мақсаттары мен ұстанымдарын басты назарға алуға тиіспіз». Төраға, бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ жаңа әлемдік экономика архитектурасының бөлінбес бөлшегіне айналуға барлық мүмкіндіктері бар екендігін де ерекше атады. Одақ ашық экономикалық қауымдастық ретінде Еуразия өңіріндегі ғана емес, сонымен қатар, Еуропа мен Азия елдерінің кооперациялануы үшін де ынталандыру бола алады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында халықаралық ынтымақтастықты жаңа белес­ке көтеретін көптеген елдер үшін маңызды интеграциялық жобаларды ұсынғанын айта келіп, олардың маңыздылығына да тоқталды. Және де Қ.Жақыпов ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» Қытай бастамасының түйіскен тұсына назар аударта кетті. «Жібек жолы аймағының экономикасын қайта түлету – Еуразияны тұтастай дамыту жоспары. Бұл жобаға Еуразия кеңістігіндегі 60-тан астам елдің қатысуы төрт миллиардтан жоғары халықты қамтуға жол ашып, көптеген елдің экономикалық белсенділігін арттырып, Жер шарының айтарлықтай бөлігінде өзара тиімді және теңдестірілген экономикалық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді деп болжануда», – деді Қабиболла Қабенұлы.

Қытай өңір елдерінің ең басты сау­да әріптесі және әлемдік экономика драйверлерінің біріне айналып отырғандығы да назарға салынды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы қыркүйектегі Астанада жария еткен «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі» Қытайдың соңғы бастамаларының бірі екендігі де атап көрсетілді. Сондықтан да, Төраға Еуразия комиссиясына мүше мемлекеттердің салалық министрліктерімен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен бірлесе Қытаймен өндірісті дамыту бағдарламасын дайындауға болатындығын алға тартты. Бұл ретте, тек мемлекеттер ақшасын ғана емес, сондай-ақ, Еуразия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі, Жібек жолы қоры және өзге де халықаралық қаржылық институттардың қаржысын тартуға да болатыны ерекше айтылды.

Бұдан кейін сөз Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинге берілді. Құрылғанына бір жарым жыл болған Еуразиялық экономикалық одақ Қырғызстанмен және Армениямен толыққандығын алға тартқан С.Нарышкин ЕАЭО-мен 40-қа тарта ел еркін сауда аймағын құруға қызығушылық танытқандығын ерекше атады. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасында осындай келісім жасалған. Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай арасындағы жобаның сәттілігіне қарай Еуропалық одақтың мүше мемлекеттермен интеграциясы арта түсетіндігін алға тартқан мәртебелі мейман Лиссабоннан сонау Владивостокқа дейінгі аралыққа созылып жатқан үлкен Еуразия ынтымақтастығының болашағына сенім білдірді. Төраға, осы орайда, Ресей Президентінің Еуразия интеграциясына сүбелі үлес қосып келе жатқан парламентшілердің маңызын атап кеткен форум қатысушыларына арнаған үндеу хатын оқып берді. Сонымен қатар, форумда Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың үндеу хаты да көпшілік назарына ұсынылды. Форумда Тәжікстан Республикасы Оли Маджлиси Намонядагон Маджлисинің Төрағасы Шукурджон Зухуров та сөз сөйледі. Шешен интеграциялық үдерістерде үш стратегиялық міндеттің өз шешімін табатынына ерекше ден қойды. Атап айтқанда, бұл энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу; елдердің коммуникациялық тұйықтан шығуы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан да, Еуразиялық экономикалық одақ Еуразия құрлығында ынтымақтастықтың жаңа моделін құруға негіз қалайтын болады және мүше мемлекеттер арасындағы стратегиялық байланысты нығайту арқылы бір-бірін үйлесімді толықтыра түседі.

Қазақстан Үкіметінде еуразиялық интеграция мәселелерімен тікелей айналысатын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев интеграция қатысушылар үшін өзара тиімді қағидатта жүзеге асуы қажеттігін алға тартты. Бұл өз кезегінде мемлекеттердің дамуына және әріптестік қатынастарды кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Б.Сағынтаев қазір Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық келісімі жүргізіліп жатқанын да тілге тиек ете кетті. Сол сияқты, Үндістан, Египет, Израиль, Индонезия, Моңғолия, Чили, Иран және өзге де елдермен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер өткендігін жеткізді.

Тағы бір белгілі болғаны – ЕАЭО мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер экономикасының жалпы көлемі 13 триллион долларға (әлемдік ІЖӨ-нің 16 пайызы) бағаланып отырғандығы. Ал мұндағы тұрғындар саны 1,5 миллиард адамнан асады екен. Сонымен қатар, халықаралық шара отырысында сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко қазіргі заманда жеке жүріп өмір сүру мүмкін еместігін, сондықтан, әрбір ел өз жобаларын жүзеге асыра алатын орта іздейтіндігін айтты. Осы тұрғыдан келгенде, Еуразиялық экономикалық одақ уақыт талабы бағытымен жүріп келеді. В.Христенко алдағы 10 жыл ішінде энергиялық саясатты үйлестіру және ортақ нарық құру жөніндегі жұмыстар күтіп тұрғандығын алға тартты. Оның айтуынша, 2019 жылы ортақ электр қуаты, ал 2025 жылы мұнай-газ және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру қолға алынады. Сонымен қатар, көліктік тасымал саласын оңтайландыру арқылы Одақ аумағында Қытай мен Еуропа арасын жалғайтын дәліздің тартымдылығын арттыру мәселесі де өз шешімін табуы тиіс.

Қытай Халық Республикасы Халық Өкілдерінің Жалпықытайлық Жиынының Қоршаған ортаны және рес­урстарды қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы Лу Хао өз елінің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатқанына екпін бере сөйледі. Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, Қытай Еуразиялық экономикалық одақтың ең ірі екінші сауда әріптесі болып табылады. Тек биылғы жылдың 8 айында арадағы сауда айналымы 57 миллиард 48 миллион долларға жеткен. Жалпы, Қытай «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы аясында Ресеймен және өзге де өңірлік елдермен әрекет етуге дайын. 2012 жылдың қыркүйек және қазан айларында Қытай басшысы Астана мен Джакартада ортақ экономикалық белдеу және теңізде ХХІ ғасырдағы Жібек жолын құру ұсынысымен шыққаны да аталды.

Келесі сөз кезегін бермей тұрып, Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов еуразияшылдық идеясы посткеңестік кеңістікте алғаш рет 1994 жылдың 29 наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтылғанын тілге тиек етті. Содан бері өткен уақыт ішінде көптеген істер атқарылды. 1996 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылса, 2001 жылдан бастап Ресей Президенті Владимир Путиннің пәрменімен Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылғаны белгілі.

Келесі сөзді М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий алып, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылғы өзі басқарып отырған университеттегі сөзі қазіргі заманғы елдердің арасындағы қарым-қатынастардың жаңа қағидаларын қалауға негіз болғандығын ортаға салды. Ректор өз сөзінде, сонымен қатар, әрбір елдің бүгінгі таңда іргелі-қолданбалы ғылымсыз, әрбір ел ғалымдарының өзара ықпалдасуынсыз, ірі техникалық жобаларсыз, бірлескен кәсіпорындар құрусыз, қазіргі заман талабына сай мамандарды даярлаусыз және өзге де шараларды қолға алмай дамымайтындығына екпін түсірді.

Форумда сөз алған Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Даниал Ахметов Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде атқарылып жатқан оңтайлы істердің маңыздылығын сөз ете келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын еуразиялық интеграция тұрғысында көтерген бастамасы жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Сондай-ақ, ол Шығыс Қазақстан облысының ЕАЭО аясында атқарылып жатқан шаруаларға белсене қатысып отырғанын атап көрсетті. «Соңғы 4 жылда облыстың Еуразиялық экономикалық одақ көлеміндегі сыртқы сауда айналымы едәуір артты. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы 33 пайызға көбейді. Облыс кәсіпкерлері өз өнімдерін Беларусь және Ресей нарығына алып шығуда мол мүмкіндіктерге ие болып отыр», – деді Д.Ахметов. Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық ресурстарға өте бай екенін, бұл аталған Одақтың әлемдік аренадағы бәсекелестікте көп мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Бұдан бөлек, Д.Ахметов Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастырудың дұрыстығын, бұл мәселеге Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) қолдау білдіріп отырғаны оңтайлы шешім екенін жеткізді.

Челябі облысының (Ресей) губернаторы Борис Дубровский еуразиялық интеграция шеңберінде өткізіліп келе жатқан экономикалық форумдардың ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің іскерлік байланыстарын жаңа белестерге шығаратынына тоқталды. Бұған қоса, ол Челябі облысының Қазақстанмен қарым-қатынасында ешқандай кедергілер жоқ екеніне мән берді. Оның айтуынша, Челябі өңірі мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс ЕАЭО құрылғалы бері емес, одан бұрын да жақсы жолға қойылған. Осы арада Б.Дубровский екі тараптың қатынасын жоғары деңгейге көтеруде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өтті. Губернатордың сөзіне қарағанда, 1997 жылы Қазақстан Президенті мен Челябі облысы басшысының қол қоюымен бекітілген хаттама тараптардың бірлесе жұмыс істеуіне мол мүмкіндіктер берген.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Дмитрий Мезенцев форумда көтеріліп жатқан мәселелердің өзектілігін, айтылған ұсыныстардың көңілге қонымды екенін айта келіп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында өзара сенім мен татулыққа негізделген қарым-қатынастарды нығайту жолындағы жұмыстарды сөз етті. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда халықаралық аренада үлкен беделге ие болып отырған ШЫҰ Еуразия құрлығындағы ынтымақтастықты баянды ету, сондай-ақ, ЕАЭО аясындағы ілкімді жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстарын жандандыра түспек.

Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Заң және құқық жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Николай Самосейко Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетінің зор екенін, шикізат, өнеркәсіп, қызмет көрсету, көлік тасымалы және басқа да салалардағы мүмкіндіктері мол болып табылатынын сөзіне арқау етті. Сондай-ақ, ол Беларусьтің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтасып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Н.Самосейко Беларусь жағы Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісінен шет қалмайтынын жеткізді. Осы орайда, спикер парламентаралық үнқатысулардың, өзара ақпарат алмасудың маңызды екеніне назар аударды. Оның айтуын­ша, тараптардың бір-бірлерімен түсіністікте жұмыс істеулерінде осындай форумдардың әсері мол.

Форумда орынды ұсыныстар, ұтымды пікірлер айтқан спикерлер көп болды. Ал басқосу соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері негізге алына отырып, алқалы жиынның қорытындысы шығарылды. Мұндай басқосулардың Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыруға, осындай өзара әрекеттестіктің әлеуетін арттыруға қызмет ететіні күмәнсіз.

Сонымен, форум қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық құқық қағидаттарына, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, сондай-ақ, Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен ережелеріне өздерінің адалдығын растай отырып, ашық, өзара тиімді ынтымақтастықтың шарттарын сақтауымыз қажет деген тоқтамға келді. Сондай-ақ, ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру осы жобаларға қатысушы мемлекеттер арасындағы әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашады деген ұйғарым да форумның бір түйіні ретінде қарастырылды. Бұған қоса, ЕАЭО мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыс туралы келісім жасасу жөніндегі алда тұрған келіссөздерді және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға септігін тигізуге бағытталған күш-жігерін қолдау қажеттігі, сондай-ақ, ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыруда әріптес мемлекеттердің мүдделеріне сай өзара келісілген әрекеттер арқылы Еуразия және Азия аймақтарындағы үдемелі әрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, экономикалық әріптестікті дамытуға жағдай жасау керектігі қатысушылардың ортақ пікірі болды. Бұдан бөлек, форум қонақтары ЕАЭО мен Жібек жолы белдеуін құру ісін ұштастыру бойынша үнқатысу тетігін іске қосу арқылы ынтымақтастықты дамытуға көмектесуді жөн деп тапты.

Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.

 Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің халқын шартқа қол қойылуымен құттықтап, мемлекеттеріміз экономикалық әлеуетін халықтың өсіп-өркендеуі үшін біріктіріп отырғанын атап өтті. Ол бұның экономикалық одақ екенін және мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне қатысы болмайтынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи актіге Астанада қол қойылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды.

– Астана Еуразияның дәл жүрек тұсында орналасқан. Бұл – қазіргі заманның ең жас елордасы. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі Астана болуының заңдылық екенін атап өтті.

– Бұл Қазақстан, Беларусь және Ресей халықтарының достығының, тату көршілестігінің, өзара қолдауының ұлы жылнамасының жалғасы болатынына менің еш шүбәм жоқ. Бізді ХХI ғасырда еуразиялық интеграция әлеуетін бірлесіп жүзеге асыру міндеті күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы өзінің алғаш М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жиырма жыл бұрын жария еткенін еске салды. 

– Тек уақыт қана түбегейлі көз жеткізу қасиетіне ие. Жаңа еуразияшылдықтың екі онжылдық тарихының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Еуразиялық интеграция идеясы Ресей және Беларусь Президенттерінен қолдау тапты. Дәл сондықтан да біз бүгінгі күнге – Шартқа қол қоюға жеттік, – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияның іс жүзіне асуы қазірдің өзінде оң нәтижелер бергенін айтты.

– Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Армения мен Қырғызстанның да шартқа қосылу жөнінде нақты қадамдар жасап жатқанына назар аударды. Ол еуразиялық интеграцияны тереңдету осы үдеріске қатысушылардың барлығының мүддесі үшін жүзеге асырылатынына тоқталып өтті. 

– Басты мақсаттың бірі – экономикаларымызды бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Бізге өзге интеграциялық бірлестіктердің, ең алдымен Еуроодақтың тәжірибесін ескеру маңызды. Әңгіме қатысушы елдің бірде-бірінің деиндустриализация үдерісіне ұрынып қалмауы, ұлттық экономикада өнеркәсіптің дәстүрлі салаларының, ауыл шаруашылығының құлдырауын болдырмау туралы болып отыр. Еуропа экономикасындағы рецессияның беретін сабағы осында, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграция, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың дамуына қажетті ұзақмерзімді тұрақты жағдайды және азаматтардың бақуатты өмірі үшін жаңа мүмкіндіктерді білдіретінін атап өтті.

– Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы жер шарының  ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделгенін айтты. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті.

– Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде халықтардың тату көршілігінің түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын, оған жоғары сенім, берік достық және мемлекеттеріміздің өзара қолдауы негіз болып отырғанын атап айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті  үш елдің жастарына да сөз арнады.

– Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қатысушы-мемлекеттердің орталық ведомстволары мен үкіметтері жетекшілерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, сарапшылардың еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерістерін жүзеге асырудағы айрықша үлесін атап өтті. Ол ортақ жұмыстың нәтижесі тарихи құжатқа қол қою болғанын айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа механизмі. 29 мамыр біздің елдеріміздің естелік күнтізбелеріне Еуразиялық ықпалдастық күні ретінде енуге лайықты деп санаймын. Біздің елдеріміздің халқын, осы рәсімнің барлық қатысушылары мен қонақтарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен тағы да құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.  

Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин қол қойылған шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап айтты.

– Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз, – деді В.Путин.

Ресей Президенті әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субьектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отырғанын айтты. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қоса қамтитын ықпалдастық үдерістердің өзара тиімділігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденіп жатқанына назар аударды.

Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Армения мен Қырғызстанның еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуын атап өтті.

– Өз кезегінде Беларусь елі келіссөздер барысында қол жеткізілген  уағдаластықтарды толық жүзеге асыру жолында жүйелі әрі міндетті түрде ілгерілеуге дайын. Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы-мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн, – деді  А.Лукашенко.

Соңында мемлекет басшылары үш елдің жұртшылық өкілдерімен бейресми әңгіме өткізді.

***

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта  халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше-мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.

Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.

Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.

Еуразия атауы қазіргі ақпараттық кеңіс­тікте ең көп кездесетін сөздердің біріне айналып отыр. Қазір екі конференцияның бірі Еуразия тақырыбына арналады. Мұның себебін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен түсіндіруге болады. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы аймағымызда маңызды геостратегиялық, геосаяси, экономикалық және геомәдени бетбұрыстардың болып жатқанын көрсетеді. Әрине, Еуразияны әрбір мемлекет өз мүддесі тұрғысынан түрліше түсінеді. 

Еуразияның геосаяси маңыздылығын түсіну үшін батыстықтардың аймақ туралы кең танылған теориясын қарастырайық. Еуразия құрлығы туралы сөз болғанда геосаясат теоретиктерінің бірі ағылшын Халфорд Ж.Макиндердің heartland, яғни «жердің жүрегі» («Жерұйық») теориясына назар аудару қажет. Ол теория бойынша, кез келген географиялық кеңістіктің немесе мемлекеттің ең стратегиялық маңызды аймағы оның ортасы, орталығы болып табылады. Макиндердің пікірінше, дүниежүзінде ықпал жүргізу үшін Еуразия құрлығында, ал Еуразияда ықпалды болу үшін сол құрлықтың ортасында, яғни ішкі аймағында басымдыққа ие болу шарт. Расында, бұл теория Ресейге де, біздің аймағымызға да қатысты. Орталық Азия жоғарыда аталған neartland, яғни кіндік аймаққа кіретін географиялық кеңістікте орналасқандықтан, тек теория ғана емес, сондай-ақ, геосаясаттың нысанасына айналып отыр. Бұл атлантистік теорияның мәні Батыстың Еуразияға қалай қарайтындығын білдіріп қана қоймай, оның аймағымызға қатысты геостратегиялық ниетінен де жақсы хабар береді.

Елбасымыздың саяси ойларының дамуында еуразияшылдықтың орны өте үлкен. Елбасы кеңестік экономиканың құрылымын, мүмкіндіктерін, басқару тетіктері мен нақты жағдайын жақсы білгендіктен, 90-жылдардың басынан-ақ шашыраған посткеңестік экономикаларды қайтадан біріктірудің амалдарын ойластырды. Өйткені, Қазақстанның экономикалық шаруашылығы, өндірісі мен өнеркәсібі Ресей мен өзге кеңестік елдермен ажыра­мас­тай тығыз байланыста, бір-біріне тәуелді, әрі өзара кіріккен еді. Республи­калар арасындағы өндірістік және іскерлік байланыстардың бірден үзіліп қалуы үлкен экономикалық, саяси, әлеуметтік және ұлтаралық дағдарыстарға алып келді.

Сол қиын аласапыран кезеңде пост­кеңес­тік елдердің саяси тәуелсіздігін сақтаумен қатар, тиімді экономикалық интеграция құрудың мүмкіндігі Елбасымыздан басқа ешкімнің ойына кіріп шықпады. Өйткені, бір кездері ірі жаһандық мемлекет болған КСРО-дағы республикааралық қатынастар мен аймақаралық байланыстардың бірнеше жылдың ішінде бірден құрдымға кетуі мүмкін емес еді. КСРО сияқты күрделі құбылыс өз артына инерциясын, босаған энергиясын қалдырды. Бұл - табиғи физикалық үрдіс. Яғни, ұзақ уақыт пен үлкен кеңістікті қамтыған державадан қалған саяси бірліктер өздерін біріктіре алатын ортақ тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси құндылықтарға сүйене отырып, экономикалық тұрғыда бірлесе алады. Бұл идеяның әзірше тәжірибеден гөрі теориясы басым.

Қалай десек те, үш мемлекеттің одақ құруы КСРО-ның саяси ыдырауынан кейін пайда болған идеологиялық бос кеңістіктің орнын толтыруға, мем­ле­кетаралық индус­триялық-экономикалық қатынастардың үзілуінің келеңсіз салдарларын жұмсартуға және ұлтаралық-еларалық қатынастарды нығайтуға ба­ғытталған деуге де болады. Осы орайда, мынадай методологиялық сұрақтарды қойып, соларға жауап іздеуге тиіспіз. Құрылып жатқан экономикалық одақтың теориялық негіздері неде? Қа­зақстан еуразиялық интеграциядан қандай нақты тәжірибе алмақшы? Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесіне қалай әсер етеді?

Кез келген интеграциялық одақ белгілі саяси-экономикалық құндылықтарға сүйе­неді. Теориялық тұрғыда, еуразиялық эконо­микалық интеграция посткеңестік елдер­дің нарық, теңдік және өзара тиім­ділік сияқты жаңа экономикалық құн­ды­лықтары негізінде қалыптасады. Сонда ғана ықшамды, жаңашыл және дина­микалық одақ құрылуы мүмкін. Әрине, интеграцияға қатысты қалыптасқан қа­саң стереотиптер мен скептизмнің жойы­луы үшін одақтың қағидаттары, ереже­лері мен идеологиясы ашық және әділ негіздерге сүйенуі тиіс. Еуразиялық одақ, сондықтан Еуропалық одақтың үлгісін негізге алып отыр. Интеграцияның сәтті­лігі мен баяндылығы, бірінші кезекте, Мәскеудің стратегиялық ниетіне, бұрын­ғы қателерді қайталамауына, одақ­ты саясиландырмай, экономикаға мейлін­ше көңіл бөлуіне, мүше елдердің ұлт­тық мүдделерін сақтауына, теңдік пен әділ­дік­ті қамтамасыз етуіне байланысты болмақ.

Еуразиялық интеграцияның ядросы мен анықтауышының Ресей екендігі еш күмән туғызбайды. Қазақстан бұл елмен экономикалық түрде ынтымақтасып, бәсекелестікке үйренуде. Ресей мен Қазақ­стан арасындағы энергетикалық бәсекелестікті жұмсартуға көңіл бөлінуі тиіс. Соңғы жылдарда көршілес мемлекеттің дипломатиялық, саяси, экономикалық жағынан күшейе түскені мәлім. Ресей - Германия немесе Үндістан сияқты әлемнің іргелі, ажырамас әрі органикалық бөлшегі. Ресейге құрмет көрсеткен елдер ғана оның құрметіне ие болады. Бұл ел екінші санаттағы держава ретінде өзгеру, қайта бағалау, пайымдау, даму үстінде. Ресей екіполярлы әлемнен бас тартып, көпполярлы әлемді мойындағандықтан, ол да жаңа жағдайға бейімделіп, теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына сәйкес жұмыс істеуді үйренуде. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан - Ресейдің ең сенімді серіктесі. Ресей де - Қазақстанның ең сенімді серіктесі. Демек, «қырғи-қабақ со­ғыс­тан» қалған рефле­кстер мен кеңестік кезең­нен қалған комплекстерден құтылу керек.

Интеграция шеңберінде Ресей, ең алдымен, өз мүдделерін қорғауға білек сыбана кіріскені белгілі. Онымен әділ, ашық және шынайы қатынас орната алсақ қана интеграция өз жемісін береді. Қазақстан экономикалық интеграцияны стратегиялық мүдделер, геосаяси тәуекелдер мен үлкен саясат тұрғысынан бағалауы керек. Әрине, еуразиялық интеграцияның қалыптасып, дамуында Қазақстанның рөлі ерекше зор. Егер Еуразиялық экономикалық одақтан Қазақстанды алып тастасаңыз, одақ өзінің еуразиялық сипатынан айы­рылып қалады. Қазақстан одақтың ерекше компоненті ретінде жаңа идея ұсынудан еш тартынбауы керек. Егер бұл одақ, Н.Ә.Назарбаев айтқандай, расында инновациялық жоба болса, онда Қазақстанмен бірге Ресей де өзгеруге тиіс. Одақ аясында Қазақстан Ресейдің өзгеруіне себепкер болуы ықтимал. Еуразиялық одақтың экономикалық құндылықтары мен қағидаларының бұлыңғыр болуы оның келешегінің жоқтығын білдірмейді. Әрине, біз бұл интеграцияны идеалдандырудан аулақпыз. Бұл интеграцияның уақытша жоба екеніне де күмәніміз аз. Мәселе өзгермелі жағдайда, құбылмалы әлемде тұрақты және уақытша факторларды шатастырып алмауда.

Интеграцияның қауіпсіздік қырларына келсек, Қытайдың Орталық Азияға экономикалық-саяси ықпалын арттыруы, сырттан халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмнің қысым көрсетуі, кейбір посткеңестік елдерде саяси дағдарыстар мен тұрақсыздықтардың белең алуы («Түрлі-түсті төңкерістер») сияқты себептер Астананың Ресеймен тығыз саяси-әскери салада ынтымақтасуына себепші болды. Түрік сарапшысы Жемил Ертемнің пікірінше, 2008 жылғы Грузиядағы соғыс Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін жылдамдатқан. Француз сарапшысы Пьер Руссленнің ойынша, Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының артуына байланысты Ресей одақты құруды жеделдетті. Оның ойынша, интеграция аймақтағы елдердің дамуына жаңа серпін, жаңа сипат береді. Десек те, Қытай Қазақстан мен Орталық Азияның институттық және экономикалық дамуына өз үлесін қосып жатыр. Қытай, Иран, Үндістан, Ресей сияқты ірі күштердің әрқайсысы Еуразия ұғымын өзінше түсінгенімен, барлығы да өңірдегі ірі де алпауыт мемлекеттер болып табылады. Геосаяси тұрғыдан еуразияшылдық ұғымы Ресейдің маңайына топтасқан стратегиялық блоктың құрлықтық конфигурациясы деуге де болады.

Біздіңше, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуының келесі тиімді жақтары мен себептерін атауға болады. Олар: Қазақстанның Ресей экономикасымен күрделі байланыстылығы, Қазақстанда ішкі саяси тұрақтылық пен геосаяси қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне жанама әсері, ортақ әуе қорғанысы жүйесінің орнығуы, Ресейдің ірі нарқына кіріп, экономикалық бәсекелестікке бейім­делудің мүмкіндіктері, геопси­холо­гиялық жағынан Ресеймен бірге болу арқылы әлемдегі ықпалы мен ата­ғын арттырудың мүмкіндігі, т.б. Сон­дай-ақ, Дүниежүзілік экономикалық дағ­дарыстың да келеңсіз әсері интеграциялық үдерістерді жеделдетті.

Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан үшін барлық тиімді және ықтимал зиянды жақтарын салыстыратын болсақ, Астана үшін артықшылықтарының басым екенін айта аламыз. Өйткені, қазір қазақтың саяси элитасы және елдің ішкі тұрақтылығы үшін интеграция өте-мөте тиімді. Қазақстанның геосаяси тұрақтылық жағдайында күшейіп алуы үшін Ресейді Батыспен немесе Қытаймен салыстыруға болмайды. Елдің болашағы тұрғысынан Ресеймен жақын ынтымақтаса отырып, оның экономикасымен бәсекелесіп, ысылып барып, дүниежүзілік бәсекелестікке дайын, қуатты Қазақ мемлекетін қалыптастыру мүмкіндігі зор және алдымызда нақ осы міндет тұр. Ал бұл мақсатты, яғни «2050» Стратегиялық жоспарын орындау үшін Ресеймен жақсы болу бірінші шарт. Осы тұрғыдан Қазақстан өзінің төңірігіне дұрыс баға беріп отыр. Ресеймен түсінісе алудың өзі үлкен геосаяси жетістік. Үлкен саясатта дөрекі қадамдар жасаудың орнына аяқты байыппен, ақырындап басып, ойды шатастыратын, жаттанды стереотиптерді бұзатын күрделі саясат жүргізу үлкен нәтижелер береді. Әрине, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі - үлкен саясатпен шектесетін үлкен экономика.

Қалай десек те, интеграцияның мәңгі емес, уақытша қадам екендігі турасында да ой түюдің артықшылығы жоқ. Интеграцияда әділетсіздіктер мен келіспеушіліктер орын алған жағдайда Қазақстан одақтан шығуға құқылы. Интеграция алдағы ұлттық дамуымыздың сапасы мен бағытын белгілеуде маңызды рөл ойнайды. Интеграция бізді Ресеймен «ауыз жаласып», табақтас болуға емес, керісінше, өз менімізді, өзімізді, өз ұлттық жолымызды табуымызға көмектеседі.

Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіруінің экономикалық себебін негіздеуге қатысты мынадай сұрақ туындайды. Еліміздің одаққа кіруі Ресейден бір нәрсе үйрену үшін бе, әлде, Ресеймен бәсекелесу үшін ойластырылды ма? Интеграциялық одақта экономикалық жағынан ұту үшін Қазақстан экономикасы Ресейдікін тиімділігі және инновациялығы жөнінен басып озуы шарт. Бұл - тым кешенді инновациялық міндет. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұрат Чемректің ойынша, Қазақстан мен Ресейдің экономикалары бір-бірін толықтырудан гөрі, бір-бірімен бәсекелес болғандықтан, экономикалық одақтың алдында үлкен міндет тұр.

Қазіргі жағдайға келсек, 2013 жылы өткен Минск және Мәскеу кездесулерінде Елбасы Н.Назарбаев интеграциялық үрдістің барысын біраз сынға алғаны белгілі. Сынның айтылуы экономикалық одақтың жұмыс істей бастағанын білдіреді. Алғашқы кездесуде саудадағы теңсіздіктер, кедендік сәйкессіздіктер мен техникалық түйткілдер туралы айтылды. Яғни, қазақ тарапы интеграцияның сапасына көңіл бөлуді талап етті. Ал Елбасының одақтың саясиланбауы керек дегені Ресей мен Батыс арасындағы текетіреске араласпайтындығын да меңзеуі мүмкін. Десек те, Еуразиялық экономикалық одақты үлкен саясат пен геосаясаттан бөлу мүмкін бе? Мысалы, Мәскеудегі кездесуде Н.Назарбаев Арменияның Кеден одағына кіруі жөнінде сөз болғанда, Таулы Қарабақ мәселесін қозғап, өзінің халықаралық саясаттағы беделін тағы бір көрсетіп қойды. Еуразиялық жобаның шеңберінде түркі факторын да ұмытпағанымыз жөн.

Одақтың философиялық астарына келсек, «Мәңгілік Ел» сияқты тарихи ұлттық идеологияны орнықтыруға бекем бел буған Қазақстан мәңгі одақтың болмайтынын, мәңгі ұлттық мүдденің ғана болатынын ұмытпауы керек. Еуразиялық экономикалық одақтың философиялық негізін орыс және түркі халықтарының тарихи, географиялық, мәдени жақындығы құрайды. Еуразияшылдық әу-баста ресейлік патшалықтың құлауының әсерімен қалыптасқан саяси, идеялық қозғалыс болғанын ескерсек, жаңа еуразияшылдықтың да тоталитарлық жүйенің ыдырауының нәтижесінде қалыптасып жатқанын ұмытпауымыз керек. Еуразиялық теория - үстіртін көзқарас немесе жүйесіз ұғымдар жүйесі емес, керісінше, саясатта жүзеге асып жатқан күрделі интеграциялық жоба. Еуразиялық одақтағы Қазақстанның алатын орны еліміздің интеллектуалдық-экономикалық серпін жасауына да тікелей байланысты болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Қазақстанда жасалған