$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда жасалған

Алматыда «Қазақстанда жасалған» көрмесі өтті. Онда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мемлекеттік жәрдем алған кәсіпорындардың өнімдері қойылды.

 

Көрмеге азық-түлік, құрылыс, жиһаз, киім, арнайы техника, құрал-жабдық, кәдесый және полиграфиялық өнім өндірісі саласынан 100 компания қатысты.

«Даму» қоры 2010 жылдан бастап 23 мың кәсіпкерге қаржылық қолдау көрсеткен. 140 мыңнан астам кәсіпкер бизнесті жүргізу бойынша консультативтік көмек алды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек келушілерге бәсекеге қабілетті әрі сапалы отандық тауарларды алуға кеңес берді.

«Ең алдымен бір терезе принципіне сәйкес қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру маңызды. Рұқсат беру процесін жеңілдетіп, әр кәсіпорынға нақты қолдау көрсету керек. Сондай-ақ, банктермен жұмысты бір жолға қойған абзал. Банктердің бас офистерінің 40 %-ы Алматыда шоғырланған. Барлық депозиттер мен несиелердің, сауда айналымының 40 %-ы Алматының үлесінде», - деді Б.Байбек.

Қала басшысы еліміздегі ЖІӨ көрсеткішінің 5/1-і Алматыда қалыптасатынын жеткізді. Мемлекеттік кірістің үштен бірін Алматы қамтамасыз етеді. Бүінде оңтүстік Астанада елдегі барлық ШОБ-тың 15 %-ы шоғырланған.

500 мыңнан астам адам осы салада қызмет етіп жүр.

Көрме соңында қалалық әкімдіктің коммуналдық кәсіпорындары мен кәсіпкерлер арасында бірқатар келісімге қол қойылды. 

Шынын айту керек, «қазақстандық өнімге» тауар деп айтуға ауыз бармайтын сапасыз, бағасы қымбат дүние ретінде көзқарас қалыптасқан. Отандық тауардан гөрі Қытайдың, не Ресейдің өнімін сатып алу әлдеқайда тиімді және пайдалы деп ойлайтын жайымыз бар. Алайда шетелдің затын сатып алу арқылы, «қазақстандық» деген атаумен шығарылып жатқан мыңдаған өнімді байқамаймыз. Ал осыдан он жыл бұрын дүкендеріміздегі жағдай басқаша болғаны мәлім. Бірақ қазір қазақстандық тауарлардың көрсеткіші молайып, шетелдік заттарға бәсекелес атанып жатқаны жасырын емес. Тек тиісті жарнама жетіспейді. Бұл жөнінде тағы сөз қозғай жатармыз. Ал әзірше өзімізден шыққан тауарды сатып алу ниетін арттырған жағдай туралы айтып өтсек.

Осы жылы отандық өнімді қолдау мақсатында елімізде айрықша акция басталды. Бір реттік шара емес, нәтижелі әрі пайдалы болды. Бұл «Қазақстан-2050» жал­пы­ұлттық қозғалысы белсенді­ле­рінің «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясы. Әкімшілік ресурсыз, бұйрық-талапсыз-ақ әлеуметтік желі арқылы танылып, дүкендер желісінде «Қазақстанда жасалған» жазуы бар өнімдер қойы­лып, сатылып жатты. Атал­мыш игі істі 11 ақпанда Үкімет­тің кеңейтілген отырысында мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастауды ұсынған еді. «Бар­лық қазақстандықтарды, бүгін­гідей қиын жағдайда, біз­дің, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесі­міз деп білейік», – деген еді Президент. Бұл үндеуден кейін «Қазақстан-2050» ұйымы бірден ірі дүкен желілерімен және өндірушілермен келіссөз жүргізуді бастады. Мемлекеттік маңызы бар істі ірі супермаркеттер мен дүкендер қолдап, сауда сөрелерінің тұсына «Қазақстанда жасалған» деп жазылған түрлі-түсті белгі-тақ­тайшалар жасалды. Ол өнім­дер дүкеннің ең көрікті және көрі­нетін жерлеріне қойылды. «Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы біз тек ел экономикасына ғана көмектесіп қоймаймыз, сондай-ақ отандық кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген мыңдаған адам­дарға қолдау көрсетеміз. Олар біздің арқамызда жұмысын жалғастырады, отбасын асырап, ұрпақ өрбітеді, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысы үшін салық төлейді. Біз қазақстандық өнімді қажет болғандықтан емес, солай дұрыс болғандықтан сатып аламыз», – деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин.

Арнайы тақтайшалар мен бел­гі­лер қойылған сәттен бастап мың­даған адам акцияны қолдап, отан­дық өнімдерді сатып алғандары жөнін­де суреттерімен, пікірлерімен бөлісіп жатты. Тіпті, республикалық арналардың бірі фотобайқау жариялап, арнайы бейнематериал жасалған болатын. Ақпараттық қолдаудың арқасында, қазақстандық заттарға деген сұраныс ондаған есеге көбейіп, танымалдылығы мен тартымдылығы артты.

Аталмыш акциясының аясында Ұлттық кәсiпкерлер палатасы iс-шара­лар жоспарын әзiрледі.

Атап өту керек, бұған де­йін де 2007-2009 жылдары «Қазақстандық өнімді сатып ал» акциясы жүргізілген. Алайда бүгінгідей қарқын болмады. Биылғы шараның алғашқы қорытын­дысы бойынша, отандық дүкендердің 90 пайызы «Қазақстанда жасалған» акциясына қатысуда. Дүкендердегі тауар­лардың арасында отандық тауар­лар 40 пен 80 пайыздың арасын­да екен. Қызу қолдаудың нәтижесінде Алматы қаласындағы сауда желілерінің бірінде шара басталғалы бері отандық тауарларға деген сұраныс 300 пайызға артқан! Ал бұл тек бастамасы ғана. Оған қоса, «Қазақстан-2050» ұйымының «Қазақстандықтардың отандық азық-түліктерге қатысты таңдауы» деген тақы­рыпта жүргізген сауалнама нәти­жесі де оң өзгерістердің орын алғанын көрсетуде. Жедел сұх­батқа қатысқандардың 71 пайызы «Қазақстанда жасалған» акциясы туралы білетін болып шықты. Олардың басым көпшілігі отандық өнімдерді алу қажет деп есептейтіндіктерін айтқан. Айталық, акция туралы білетіндердің 73,1 пайызы қазақстандық тауар­ды таңдаса, акция туралы білмейтін­дер­дің тек 10,4 пайызы ғана отандық тауарды қолдайды.

Осы тұста отандық өнімдерді қол­дауға қатысты шара мен ақпарат­тық қолдау жылдар бойы жүзеге асыра алмай келе жатқан түгелдей бір министрліктің жұмысын жасап берді десек артық болмайды. Мә­селен, «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгіні қою арқылы миллиондаған тұтынушылар өзіміздің өнімдерді танып, экономикалық потенциалымызды байқады. Бұған дейін күнделікті қолданып жүрген май-сүттің ресейлік не белорустық емес, қазақстандық екенін көрді. «Білесіз бе, арнайы жазу болмағанда күнде сатып алып жүрген азық-түлік­тің жергілікті жерде шығарылғанын білмес едік. Өзімізде шығарылса, демек экологиялық жағынан таза, сапа­лы деген сөз ғой. Басқа елден келсе, міндетті түрде химиялық қосындылары болары сөзсіз. Ал елімізде жасалған өнімдерді көріп көз қуанады», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Орынбасарова. Демек, елімізде өндірілген, жасалған әр тауарға «Қазақстанда жасалған» немесе «қазақстандық» деп үлкен жазумен қатар, сөрелердің тұсына да жазу қажеттілігі туындап тұр. Олай жазудан кәсіпкердің шығынға батпасы анық. Керісінше, тауарын өткізіп, отандық өндірушілерге қолдау жасайды. Міне, осындай кезде әр азаматтың елжандылығы танылады. Патриотизм демекші, отандық өнімдерге қолдау шарасы қоғамның бірлігін нығайтып, отаншылдық сезімді оятқанын айтып кеткен жөн. Отандық өнімді сатып алу қажеттілік пен парызға айналды. «Ендігі таңда тек қазақстандық өнімді сатып аламын!» деген жазбалар соның куәсі. Тағы бір маңызды жеңіс – азаматтардың отандық өнімді сатып алу міндеті бар екені жөнінде пікірі қалыптасуда. Бұған дейін отандық өнімнің бар-жоғына мән бермейтін адамдар, енді дүкенге барғанда ең алдымен отандық тауарды іздеп, соны сатып алуға талпынады. Демек, осындай сана-сезім қалыптаспай ешкім ешқандай өнімді алмайтыны анық. Ендеше, өндірушілерге мемлекетке осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.

Жақында Астанада отандық өнімдер ғана сатылатын «Атамекен» супермар­кетінің ашылатыны белгілі болды. Бұл да отандық нарықты қолдауға жасалған жақсы үрдіс әрі тамаша жарнама. Дәл осы жарнама мен ақпараттық насихаттың мардымсыздығынан да көпшілігіміз елімізде не шығарылып жатқанын білмейміз. Алайда бизнес саласына мемлекеттің түгелдей қолдау көрсетуі оны тәуелді етіп, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сондықтан, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекке бизнестің тиісті қайтарымы мен жауапкершілігі болуы тиіс. Көп жағдайда, отан­дық кәсіпкерлер тұтынушылар сұра­нысын зерттемей істі бастайды. Ірі кәсіпорын салып алып, сұраныс жоқтығынан жабылуға мәжбүр болады. Сондықтан қазіргі таңда әр саланы жіті зерттеп, сұраныс пен ұсынысты бағалайтын кәсіби мамандар жетіспейді.

Осыған байланысты Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының биылғы XVI съезінде былай деген болатын: «Біз бірінші бесжылдықты индустрияландыру мен өңдеу саласына жатқызғанмен, әлі де экономикалық өсімнің шарықтау шегіне жеткен жоқпыз. Мүмкін бұл тұңғыш рет болғандықтан, басқа кәсіпорындар мен жоспарларды құрған болармыз, бірақ екінші бесжылдық мұндай олқылықтарды жібермей, оларды түзетуі керек, Үкімет бұл мәселені шешуі тиіс. Индустрияландыру индустрияландыру үшін емес, бәсекеге қабілетті өнім шығаруы тиіс. «Қазақстанда жасалған», «Made in Kazakhstan» – міне бізге керегі». Олқылықтарды жою мақсатында қазақстандық қамту деңгейі жоғарылауда. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылмен салыстырғанда аймақтағы тауарлардағы қазақстандық қамту 34-тен 89 пайызға жеткен. Еліміз бойынша жергілікті қамтуды кеңейту мақсатында тауар сатып алуға, ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар арасында құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 880 меморандумға қол қойылған. Осы бағыттағы өзгерістерді «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту агенттігінің мәліметтері дәлелдеп отыр. «Бүгінде жергілікті қамту үлесін арттыру бағдарламасының алғашқы 5 жылдығының қорытындысы бойын­ша мемлекеттік органдар­дың, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйені қалыптастыратын кәсіп­орындардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесінің өсу динамикасы байқалады. Сонымен, соңғы 5 жылда қазақстандық қамту үлесі 48%-дан 63%-ға дейін артты, яғни оның өсімі 15% құрады», – деді агенттіктің басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Уахитова. 2010 және 2014 жылдардағы тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудың жалпы көлемін салыстыратынболсақ, жергілікті қамтудың үлесі 15%-ға өсіп, 2 492 млрд. теңгені құраған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары