Ұлттық банк бағдарламасына сәйкес, елде құрастырылған көлікті сатып алушыларды несиелендіру үшін кезекті рет мол қаражат бөлінді. Қазақстанның даму банкі жеңілдікпен автонесиелендіруді жүзеге асыру үшін банктерге 20 миллиард теңге бағыттауда.
Қаржылық реттеушінің бұл бағдарламасы биылғы мамырда қабылданды және Үкіметтің тиісті бағдарламасына ұқсас. Екеуінің шарттары да бірдей: жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан аспайды, 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бағдарламаның егжей-тегжейіне сәл кейінірек тоқталамыз.
Азаматтарға отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен алуға жол ашқан бағдарлама республикамызда алғаш рет 2015 жылы Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында қолға алынған болатын. Дәл сол кезде рубльдің долларға шаққандағы бағамының құнсыздануы нәтижесінде, Ресейде машина атаулы арзандап кетті де, азын-аулақ ақшасы бар қазақстандықтар солтүстік көршінің нарығына лап қойды.
Сонда іске қосылған жеңілдетілген автокредиттеу және ізінше теңгенің екі еседей құлдырауы белгілі бір шамада тұтынушылардың «Қазақстанда жасалған» таңбалы «темір тұлпарларға» қызығушылығын қайта жандандыруға ықпал етті. Соның арқасында еліміздегі автоқұрастырушы зауыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатты және өндіріс көлемін сақтап қалды. Ең бастысы, оларда ұжымдарды жаппай қысқарту болған жоқ, жұмыскерлері қайтадан жұмыспен қамтылды.
Кейін мұндай автокредиттеу шараларын Үкімет төрт рет қайталады. Әр кез сайын банктер де, көлік құрастыру кәсіпорындары да бөлінген миллиардтарды толығымен игеріп отырды.
Бүгінде теңгенің ары қарай құнсыздануына байланысты, Қазақстан тұрғындарының Еуразиялық одаққа мүше елдердің, әсіресе, Ресейдің нарығына ықылас-ынтасы ауа бастады. Өйткені жылдар бойы жүзеге асырылған қуатты импорт алмастыру саясатының жемісіндей, солтүстік көршінің экономикасы долларға және шетелдік жеткізілімдерге көп тәуелді емес. Бұл оның автомобиль жасау саласына да игі әсер етеді. Нәтижесінде, қазақстандықтар жап-жақсы әрі жаңа хетчбэкті Ресейде 1 миллион рубльге сатып алуда. Бұл шамамен 6 миллион теңгеге тең.
Осыншама қаржыға елімізде жасалған седан ғана алуға болады. Мысалға, Өскеменде орналасқан «Азия Авто» зауытының өнімі – Kia Cerato New седанының бағасы 9,5 миллион теңгеге дейін барады.
Бұған бір себеп – отандық машина жасау саласының импортқа тәуелділігі. «Атамекен» ұлттық палатасының мәліметінше, автомобиль жасау – 1,8 миллиард доллардың, мұнай-газ машина жасау – 1,3 миллиард доллардың, тау-кен металлургиялық машина жасау секторы – 1,04 миллиард доллардың құрауыштары мен құрал-жабдықтарын шетелден тасиды.
Соның ішінен қазақстандық кәсіпорындар тек 100 миллиард теңгеге (шамамен 256 миллион долларға) дейінгі көлемде ғана жаңа өнімдер өндірісін жолға қоюға дайын.
Бұл жерде жалғыз автоқұрастыру зауыттарына кінә таға беруге болмайды. Олар шикізатқа да мұқтаж. Себебі 90-жылдардағы тоқырау және қайталап соққан дағдарыстар кесірінен құйма өндірісі (литье), ұсталық өндіріс (кузнечное производство), ыстық қалыптау (горячая штамповка) және өзгесі дамудан біраз кенжелеп қалды.
Бұл ретте шағын металлургиялық зауыт тұрғызу құны 100-150 млн доллар тұрады. Ал металл құю зауытының құрылысы кем дегенде 30-35 млн еуроны қажет етеді.
Қазіргі кезде машина жасаушылардың металға зәрулігінің жыл сайынғы ауқымы 2 миллион тоннаны құрайды. Соның ішінде құйма тапшылығы – 200 мың тонна. Отандық көлік құрастырушылар метал мен дайын құйма бұйымдарын Ресей мен Қытайдан тасуға мәжбүр.
Сондықтан Үкімет өндірістік базаны нығайтуға баса мән бермек. Биылғы 26 маусымда Премьер Асқар Мамин Қазақстанның машина жасау саласын дамыту жөніндегі бесжылдық Жол картасын бекітті. Онда бұл сектордың өркендеуіне септігін тигізетін құйма, ұсталық және басқа да базалық өндірістерді дамытуға көңіл бөлінбек.
Жол картасындағы шаралар отандық машина жасаудағы өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін кем дегенде 2 есеге, сондай-ақ экспортының 1,2 есеге артуына түрткі болады деп белгіленген.
Өнімдерін тым қымбат бұлдауынан қазақстандық сатып алушылар үшін сүйкімі кете бастаған отандық көлік құрастырушы зауыттар біраз уақыттан бері бюджет есебінен күн көруге бейімделді. Олардың лоббистері тіпті мемлекеттік органдарға шетелде шығарылған автомобильдерді сатып алуға тыйым салынуына қол жеткізді. Екі жылдық мораторий биылғы шілдеде Үкімет қаулысымен бекітілді.
Осыған орай, жақында журналистер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержановтан неміс автоөнеркәсібінің туындыларын құлай сүйетін министрлер бұдан былай отандық өндірушілерден қандай маркалы жеңіл көліктер сатып алатынын сұрады.
«Еуразиялық одақ аумағында «ұлттық режимнен алып тастау» деген ұғым енгізілген. Осы жылдар бойы біздің бизнес бұл тәжірибеге жүгінбеді және тиісті жеңілдіктерді қолданбады. Биыл үш қауымдастық осы ережелерді енгізу бастамасын көтеріп, Үкіметке шықты. Соған байланысты, машина жасау өнімі бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде тек қана отандық өнім сатып алынатын болады, шетелдікіне тыйым салынады», – деген вице-министр Қазақстанда Ravon, KIA, SsangYong секілді автокөліктер құрастырылатынын айтты. Ал екі жылдық тыйым аясында мемлекеттік қызметшілер үшін осы модельдер таңдалмақ.
Ол Mercedes-тер 10-15 жыл бұрын сатып алынғанын және ескіріп те қалғанын қосты.
БАҚ өкілдері елімізде жасалған көліктердің бағасы қымбат екенін еске сала келе, оның құнының қашан халыққа қолжетімді болатынына қатысты сауал қойды. Министрлік өкілі отандық өндірістегі жеңіл көліктер бағасы алдағы 2 жылда төмендемейтінін мәлімдеді. Аманияз Ержановтың байламынша, автомобиль құрамындағы жергілікті мазмұн үлесі 50%-дан асса ғана бағасы елеулі түрде арзандауы мүмкін. Қазір бұл көрсеткіш орташа есеппен небәрі 32%-ға барабар.
Бірақ мемлекеттік сатып алуды ен жайлаудың өзі қазақстандық автозауыттарға аздық етпек. Себебі, бюджеттің шектеулі болуынан меморгандар жаңа көліктер алудан аяқ тарта бастады.
Мысалға, 2018 жыл қорытындысында шенеуніктер 3 315 жаңа «темір тұлпар» иеленуге 20,68 миллиард теңге жұмсаған. Еш мораторийсіз-ақ мемлекеттік мекемелер соның 97 пайызын немесе 3 216 бірлігін қазақстандық өндірушілерден сатып алыпты. Бірақ бұл 2017 жылғы көрсеткіштен бірден 27 пайызға кем: алдыңғы жылы шенділер қызметтік көлікті былтырғыдан 1 232-ге көп алған-тын.
«ҚазАвтоөнеркәсіп» салалық одағының мәліметінше, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың таңдауы көбіне LADA 4x4 (642 бірлігін сатып алған, бұл жалпы санның 19,4 пайызы), LADA Vesta (208 бірлік), Skoda Octavia (186), Chevrolet Niva (155), Skoda Superb (152), JAC S5 (140 ), KIA Cerato (138), KIA Sorento (132), УАЗ 396295 (110) және УАЗ 390995 (109) маркаларына түседі.
Бұларды мінуді мін санаған биік лауазымды тұлғалар екі тәсілдің біріне жүгінеді: не бұрынғы лексус, лэнд крузерлерін ары қарай айдай береді немесе қымбат көліктерді белгілі бір ақыға уақытша пайдалануға беретін компаниямен келісімге отырып, жалға алады.
Қазақстанда бүгінде жеңіл көліктердің қалалық седаннан бастап жол талғамайтын түріне дейін қамтитын 60-тан астам моделі шығарылады. Арасында өзіміздің ғалымдар мен конструкторлар ойлап тапқан таза отандық марка жоқ, барлығы – Ресей, Корея, Жапония және басқа да елдердің брендтері.
«Қазавтоөнеркәсіп» салалық одағының басшысы Олег Алферовтің айтуынша, қазақстандық автоөнеркәсіп мемлекеттік сатып алулар арқылы өзі өндірген өнімнің 11 пайыздан азын ғана өткізе алады.
Олар үшін Ресей нарығы жабық деуге де болады: РФ өкіметінің үлкен «утилизациялық алым» жинауы кесірінен қазақстандық автокөлік ресейлік тұтынушыларды қызықтырмайды.
Ендеше жергілікті автозауыттарымызға айналып келіп, бәрібір ішкі нарыққа, автомобиль құмартқан қазақстандықтарға ден қоюға тура келеді. Сонымен бірге автобизнес табысы кемімеуі үшін көлік бағасын да арзандатқысы келмейді. Бір қарағанда, «олай тартсаң өгіз өледі, бұлай тартсаң арба сынадының» кебі. Сондықтан дағдарған бұл бизнеске тағы да билік көмекке келуде.
Банктер арқылы автонесиелендіру үшін Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамынан 20 миллиард теңгені 2023 жылға дейін жылдық 0,15%-дық сыйақы мөлшерлемесімен қарызға алды.
Бұл қаражаттың 14,5 миллиардын ҚДБ бағдарламаға қатысушы үш коммерциялық банкке таратып та үлгерген екен. Ресейдің «Сбербанкінің» қазақстандық бөлімшесіне 7,5 миллиард, «Халық банкіне» 4 миллиард, ал РФ-ның тағы бір банкі – «ВТБ» еншісіне 3 миллиард тиген. Қалған сома банктерге жыл соңына дейін түседі.
Осынша қаржыны комбанктер Қазақстан азаматтарына отандық автокөліктерді сатып алу үшін несие түрінде ұсынуға тиіс. Автокредит шарттары келесідей: несиенің жылдық мөлшерлемесі – 4%; несиелендіру мерзімі – 7 жылға дейін; қарыз теңгеде беріледі; жеңіл көлік бағасы 15 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 20 миллиард теңге азаматтарға 2,8 мыңнан астам көлік сатып алуға мүмкіндік береді.
ҚДБ басқарушы директоры Дастан Ахметовтің мәліметінше, автонесиелендіру бағдарламасы қолға алынған 2015 жылдан бері 16 мыңға жуық қазақстандық 71,7 млрд теңгеге қарыз алыпты. Ол қаражат Ұлттық қордан берілген. Осы тетік арқылы қолдау қорытындысында жергілікті автоөнеркәсіп өндіріс қарқынын екі еселей алды: 2019 жыл басынан бері 30 мыңдай автомобиль құрастырған.
– Болашақта жеңілдікті автокредиттеу аясында тағы 4 траншпен қаражат бөлінеді деп күтілуде. Олар алдағы төрт жылда банктерде орналастырылады, – деді Д.Ахметов.
Демек, мемлекет қолдауы арқасында ХХІ ғасырдың ширегіне дейін отандық автоөндірушілердің де, банктердің де мұртын балта шаппайды. Сарапшылар тұжырымдауынша, автонесиелендіруден тек мемлекет пен қарапайым қазақстандықтар зардап шегуі мүмкін. Егер дағдарыс қысып, қарыз алғандар жаппай онысын қайтаруға қабілетсіз болып қалса, бір жағынан мемлекеттің миллиардтары жоғалады, басқа жағынан, борышқа батып, көлігінен айырылған азамат сорлайды. Оған жол бермеудің амалына әзір ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Алдымен қиындықты қолдан жасап, кейін оны ерен еңбекпен, теңдессіз ерлікпен еңсеру – билік пен қоғамымызды жайлаған жаман әдет.
Дереккөз: Айқын газеті