Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшыларының ұсыныс-тілектерін ескере отырып, көрсететін қызметтерін үнемі жетілдіру үстінде, деп хабарлайды Sn.kz.
Халық арасында зейнетақы жоспарлау мәдениетін қалыптастыру және еңбекке қабілетті азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Әрине, оны жүзеге асыру үшін ең алдымен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру керек. Ал, бұл заманауи технологияларды қолдануды талап етеді. БЖЗҚ бұл тұрғыда заман талаптарынан қалыс қалмай, өз жұмысында ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін кеңінен пайдаланып келеді. Соның арқасында қордың көрсететін қызметтерінің барлығы дерлік электрондық үлгіге ауыстырылған.
Бұл ретте қордың ENPF мобильді қосымшасының орны бөлек. Ол бүгінде салымшылар мен алушылар арасында ерекше сұранысқа ие. Бұдан бес жыл бұрын БЖЗҚ мамандары әзірлеген қосымша бүгінде барынша ыңғайлы бола түскен.
Қордың қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін ұялы қосымшасы арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, сондай-ақ зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, қор филиалдарының байланыс нөмірлері мен мекенжайларын көруге болады.
Таяуда осы қызметтердің қатары жаңа мүмкіндіктермен толықты. Олар: болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін қызметтер. Зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады.
Пайдаланушылар ұялы қосымшада тіркелу үшін бір реттік парольді қолдана алады. Пароль ұялы телефонға SMS-хабарлама ретінде жіберіледі.
Ұялы қосымшада екі әдіс бойынша: жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпиясөзді (пароль) енгізу және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы авторлануға болады. Сонымен қатар пайдаланушы Android пен IOS операциялық жүйесіне арналған Touch ID және IOS жүйесіне арналған Face ID сканерлік жүйесін қолдана алады.
Қордың ұялы қосымшасы әдеттегідей Google Play және App Store дүкендерінен жүктеп алынады.
«БЖЗҚ» АҚ ұялы қосымшасы жаңғыртылғанға дейін оны 2,5 миллионнан астам адам жүктеген. Қордың аталмыш электрондық қызметі бүгінде салымшылар мен алушылар арасында ерекше танымал.
Айта кетелік, «БЖЗҚ» АҚ өзінің ұялы қосымшасын алаяқтар мен хакерлердің шабуылынан қорғауға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан жеке ақпараттардың құпия сақталуына уайымдаудың еш қажеті жоқ.