Шымкенттің кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Шаһарда кәсіпке бет бұрғандар көбейді. Олар қаланың қазынасын толықтырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің түрін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда кәсіпкерлерге көмектесетін орталықтар бар, деп хабарлайды Sn.kz.
Соның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Кәсіп бастамақ болған азаматтар мен бизнесін ұлғайтуды жоспарланғандарға қор тарапынан 3 түрлі қолдау бар. Соның негізгісі — «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы.
«Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Алмас Тастановтың айтуынша, елімізде экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп жатыр.
– Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қор 3 түрлі бағдарламаны жүзеге асыруда. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы соның бірі. Үш бағыттан тұратын бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — қалалалар мен ауылдарды қамти отырып кәсіпкерліктің қанатын кеңейту болып табылады. Осы мақсатта биылдың 9 айында «Даму» қорына жаңадан келіп түскен 50 өтініштің 43-і мақұлданды. Бұл дегеніміз 7 088,1 млн. теңге. Осы жаңа жобаның 37-сіне «Даму» қоры кепілдеме берген, — дейді филиал директоры Алмас Тастанов.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен несиеге қол жеткізіп, кепілдеме алғандардың бірі – Владимир Коротков. «Phyto-Apipharm» ЖШС иесі. 2005 жылы құрылған кәспорын халықтың денсаулығын жақсарту және жастық шақты ұзартуға бағытталатын емдік дәрілер мен қоспаларды шығарады. Бүгінде серпінді дамып, қанатын кеңге жайған компания өндірісін кеңейту мақсатында «Даму» қорына жүгініпті.
Қожайынның сөзінше, осылайша олар 8,5 пайызбен 5 жылға несие алады. Банк алдындағы кепілдемесінің 20 пайызын «Даму» қоры берген. Осылайша ол өз өндірісін кеңейтуге мүмкіндік алыпты. Дәлірегі жаңа ғимарат, құрылғы сатып алған. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға жұмсаған. Қазір, заттарын ТМД және алыс-жақын шетелге де импорттамақ.