Қазір «Даму» қоры кәсіпкерлерге материалдық қолдау көрсетіп жатыр дегенмен, бизнесті дамытуға немесе ашуға бөлінген ақша мақсатсыз пайдаланылуда, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, «Эхо Казахстана» сайтына сілтеме жасап.
Мысалы, осы қордың басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев Нұр-Сұлтандағы баспасөз конференциясында қор бөлген 2 миллиард теңгеден астам қаржы мақсатқа сай пайдаланылмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, журналистермен кездесу барысында Сәрсекеев қордың өткен жылғы жетістіктерін хабарлады. Оның айтуынша, қор 2019 жылы 23 мыңға жуық кәсіпкерді қолдаған. Берілген несиелердің жалпы сомасы 600 миллиард теңгеден асыпты.
Бұдан бөлек, ол қордың кәсіпкерлерге қолдау көрсетпейтін жағдайларын да атап өтті. Айтуынша, кейбір кәсіпкерлер бастапқыда мектеп құрылысына ақша алып, кейін сол жерде мейрамхана немесе басқа да ойын-сауық орындарын салуға кіріседі екен.
Сондықтан дәл осындай жағдайларда қор кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетпейді. Өйткені, мұндай мекемелер құрылысы мемлекеттік қолдаудың басым секторына жатпайды.