$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл – экономикамыз үшін нағыз апат»: қазақстандық сарапшылар мұнай бағасының күрт түсуіне алаңдаулы

«Қытайдың корпоративтік қарызы да өсіп келеді. Мұның барлығы дағдарыстың бұрыннан болғанын көрсетеді».
фото: egemen.kz
фото: egemen.kz

Кеше Қазақстанда мерекелік демалысқа орай биржалар жабық болғандықтан, ақша курсы қандай болуы керек екенін түсіну қиынға соқты. Енді бүгін Ұлттық Банктің алдында екі нұсқа бар. Бұл туралы Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов айтты.

Белгілі экономист Рахым Ошақбаев «Хабар 24» телеарнасында доллар бағасының күрт көтерілуіне орай тікелей эфирде дөңгелек үстел өткізді. Оған Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов және Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов қатысып, мұнай бағасы мен доллар бағамына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Олжас Төлеуовтің айтуынша, мұнай бағасының бұлай құлдырауы 1991 жылдан бері болмаған.

«Мұнай бағасының бір күнде күрт төмендеуі баға соғысына байланысты орын алды. Бұл – мұнай өндіруді төмендетуге Ресейдің көнбеуіне қарсы жасалған шара. Айналып келгенде, бұл жағдай барлығына әсер етуде, оның ішінде ақша, қаржы нарығына да»,-дейді ол.

Сондай-ақ ол Ұлттық Банктің алдында екі нұсқа бар екенін жеткізді.

«Біріншісі, Ұлттық Банк курсты 385-390 деңгейінде ұстап тұрады. Ол үшін қор, ресурс та жеткілікті. Бұл жағдайда теңге рубльге қарсы күшейе түспек. Екіншіден, Ұлттық Банк курсты еркін айналымға жіберуі мүмкін, бұл – қалыпты тренд. Бұл жағдайда доллар теңгеге шаққанда 400 теңгенің айналасында болуы мүмкін»,-дейді ол.

Ал Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов әлем елдері бұл жағдайға бір күнде келмегенін, бұл әлемдік экономикадағы бұрыннан қордаланып қалған мәселелердің шыға бастағаны деген ойын білдірді.

«Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі арта бермек, оның үстіне өткен жылы басталған сауда соғысын да ескеруіміз керек. Қытайдың корпоративтік қарызы да өсіп келеді. Мұның барлығы дағдарыстың бұрыннан болғанын көрсетеді. Сондықтан экономика мен қор нарықтары қайта қарауды қажет етеді», - дейді ол.

Сөз арасында Тимур Әбілқасымов Ұлттық Банктің қазіргі курсты ұстап тұруға қоры бар екенін және мұнайдың бірер күнге төмендеуі бізге қауіп төндіре қоймайтынын айтты.

Тағы оқи отырыңыз: «Шетелдік валюта операцияларына мораторий жарияланды» - теңге мен мұнайдың құнсыздануы туралы

«Біз ұзақ мерзімді бағаға қарауымыз керек. Алдағы 1,5-2 ай бойы мұнай бағасы 20 доллар көлемінде болса, бұл – экономикамыз үшін нағыз апат», - дейді ол.

Дереккөз: baq.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары