$ 494.87  520.65  4.91

«Президентті алдап келген бе?»: дағдарыстың дауылы алаяқ бизнесмендердің «артын ашты»

«Қазақстан халқына құны Жапония немесе Еуропада құрастырылған көліктерден 20%-ға қымбат болатын «отандық автокөлік өндірісі» керек пе өзі?» – дейді жазба авторы.

Автокөлік саласының журналисі Ибраш Нүсіпбаев facebook парақшасына жемқор шенеуніктердің арқасында алаяқ бизнесмендердің «отандық көлік құрастырып жатырмыз» деп президентті де, халықты да алдап отырғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл экономикалық дағдарыс әлі басталмай тұрғанда жемқор шенеуніктеріміз Қазақстан халқының басын қатырып, «Қазақстанда отандық автокөлік өндірушілер бар. Оларды әлемнің көптеген елдеріндегідей экономикалық жағынан қорғау һәм қолдау қажет» деп соғып, таза алдап келді. Ал «көлік құрастыратын зауыт» иелері өз зауыттарында локализация деңгейі 50 пайызға (!!!) жетті деп кеуде соққан», – дейді ол.

«Жалған автокөлік өндірісі» саласын жағалаған шенеуніктердің бұнысы – автокөліктердің 50 пайызы Қазақстанда жасалған бөлшектерден құрастырылған дегені еді.

«Осы өтірігін олар ең биік мінберлерден ұялмай соқты. Енді міне, теңге девальвацияға ұшырап еді, «отандық» деген автокөліктерінің құны кемінде 20 пайызға күрт қымбаттап шыға келді. «Құрастыру зауыттарының» иелері «бөлшектер шетелден келеді, доллар 20 пайызға қымбаттағандықтан, автокөліктер де 20 пайызға қымбаттады», - деп ақталды.

Әй, жаңағы 50 пайыз локализацияларың қайда кетті? Сонда шындығында ешқандай да локализация болмаған ғой? Халықты қойшы, олар сонда президентті алдап келген бе? Ең сорақысы, былтыр доллар 378 теңге болған кезде құрастырылған автокөліктердің құны неге қымбаттады?» – деген сауал тастады ол ортаға.

«Әне, осылайша жемқор шенеуніктердің көмегімен алаяқ бизнесмендер Қазақстан халқын жынды қылып келеді. Анықтама бере кетсем, «таза шетелдік» автокөліктердің көпшілігінің құны өзгерген жоқ. Өйткені, олар теңгенің ескі бағамымен сатып алынған.

Осы орайда сұрақ туындайды, Қазақстан халқына құны Жапония немесе Еуропада құрастырылған көліктерден 20%-ға қымбат болатын «отандық автокөлік өндірісі» керек пе өзі?» – дейді жазба авторы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары