Карантиннің кесірінен елдегі азық-түлік бағасы әдеттегіден әлдеқайда жылдам шарықтап барады. Наурыз айында тауарлардың айлық инфляциясы 1,7 пайызды құрады. Ал азық-түліктік емес тауарлардың құны 5 жарым пайызға өскен. Көлік қызметі, байланыс және бірқатар коммуналдық қызмет түрлерінің құны да аспандап кеткен. Мұнайдың тым арзандап кетуінен наурыз айынан бері теңге де табан тіремей құлдырап барады. Қымбатшылыққа ол да бір себеп, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Инфляция 6,4 пайызға жетіп, Ұлттық банк болжаған коридордан асып кеткен. Шымкент базарларында алыс-жақын шетелден келетін жеміс-жидек бағасы да күрт көтерілді. Саудагерлер көтерме бағаның өзі аспандап кетті деп мұң шағады. Ал қарақұмық пен қанттың бағасы екі апта бұрын 20 теңгеге өсіп, сол межеде тұр.
Азық-түлік қоры жеткілікті бола тұра, сатып алушылар бірден азайып кеткен. Соны алға тартқан саудагерлер ұн мен сұйық майдың, жалпы тауарлардың бағасы көтеріліп жатқанын айтады.
«Сатылып жатқан бағадан лимон 500 теңгеге, қызанақ 150 теңгеге көтерілді. Қызанақты 500-ден сататын едік, қазір 650 теңге. Ал лимонның келісі 1000 теңге болатын еді, қазір 1500 теңгеге көтерілді», - дейді сатушы Сәбира Дусметова.
Ал келесі сатушы Бекзада Тұңғышбекованың айтуынша, Қытайдан келетін апельсин, мандарин мен мароккалық алма да қымбаттаған.
«Бұрын алып жүрген бағадан 1500 теңгеге қымбаттады. Көтерме бағасымен бізге алма 500-550 теңгеден түседі. Ал өзіміз 600-ден сатып жатырмыз. Бүгін қымбаттаған», - дейді ол.
Бұдан бөлек, азық-түліктік емес тауарлардың бағасы да 5,5 пайызға өсіп отыр. Оған қоса, көлік қызметі, байланыс және бірқатар коммуналдық қызмет түрлерінің құны да аспандап кеткен.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздық, карантин шаралары әлемдік экономиканың құлдырауына қауіп төндіріп отыр.
«Биылғы наурызда басқаларға қарағанда қант – 8,5%-ға, көкөністер мен жемістер – 5,1%-ға, қарақұмық жармасы – 2,5%-ға қымбаттады. Соның салдарынан, наурызда азық-түлік тауарларының айлық инфляциясы 2017 жылдан бергі барынша жоғары мәнге жетіп, 1,7% болды», - дейді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Мұнай құнының құлдырап кетуінен наурыз айындағы теңгенің 1 долларға шаққандағы бағасы 450 теңгеден асып түсті. Сол кезде Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай кезінде жылдық инфляция 6,4 пайызға дейін көтеріліп, 2020 жылға белгіленген 4-6 пайыздық дәлізден асып кетті.
Инфляцияға қарамастан, Үкімет тарапы «бағаны шектен асырып жібергендер жазадан құтылмайды» деп отыр. Сондықтан бағаны бақылайтын арнайы мобильді топтар да құрылған.
«Мобильді топтардың негізгі мақсаты – шектік бағаны асырған кәсіпкерлерге қатысты тиісті шараларды қабылдау. Бүгінгі таңда айыппұл осы шекті бағаны өсіру бойынша 265 мыңнан бастап 530 мың теңге көлемінде қарастырылған», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Азамат Рашитов.
Бағаның бұлай аспандауына карантиннің кесірі тигені анық. Бірақ, тауарлардың бағасы қашанға дейін қарыштайтынын тұрақтандыру қоры нақты айта алмай отыр. Ал бүгін төтенше жағдай режимі ұзартылғаны айтылды. Бұның да баға бағамына әсер етпей қоймасы анық.