$ 443.85  474.3  4.8

«Карантиннен кейін бізді дағдарыс күтіп тұрғаны белгілі» – экономист болжамы

«Қазіргі таңда 42 500 теңгеге 7 миллионнан астам адам өтініш білдірген. Бұл – табысы аз немесе мүлде жоқ адамдардың қатары ресми көрсеткіштерден әлдеқайда көп екенінің айғағы», - дейді ол.
фото: finversia.ru
фото: finversia.ru

Мемлекет басшысы 11 мамырда елдегі Төтенше жағдай режимі тоқтайтынын жеткізді. Шектеу шаралары да біртіндеп күшін жоя бастамақ. Ал бізді не күтіп тұр? Бұл сұрақтың жауабын Bairaq.kz порталына экономист Мақсат Халық айтып берген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл жағдай экономикаға ауыр соққы болмақ. Көптеген компаниялар өз жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберді. Бұл – жағдайдың ең қарапайым көрінісі. Адамгершілігі бар бизнес өкілдері осылай жасады.

Кәсіпкер үшін бірінші кезектегі мақсаты – қаражат табу, шығынды қысқарту. Егер шығын шығаратын фактор болса, бизнес иесі оны қысқартуға тырысады. Ең үлкен шығын еңбекақы қорынан түседі. Әлеуметтік төлем, кіріс салығы, зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыруға төлейтіні бар, т.с.с.

Әрине, біз ол қызметкерлер карантин біткеннен кейін қайта жұмысына оралады деген үміттеміз. Дегенмен, халыққа қызмет көрсететін орталықтар, қоғамдық тамақтану орындары карантиннен кейін қайта қалпына келуі үшін біршама уақыт өтеді. Демек, азаматтардың белгілі бір бөлігі жұмыссыз қалуы ықтимал.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бізде 10 миллион адам еңбекке жарамды болса, оның 4,8 пайызы жұмыссыз екен. Қазір осы көрсеткіш 5,8 пайызға өскен, яғни, 580 мың адам жұмыссыз. Негізгі көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары.

2 миллионнан астам азамат өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр деген категорияны ішінара бөлу керек: кейбіреулер табыс тапса, енді бірі, тіпті, жұмыссыз. Жалпы, жұмыссыздық деңгейін азайтып, жұмыс орындарын қарастыру керек.

Қазіргі таңда 42 500 теңгеге 7 миллионнан астам адам өтініш білдірген. Бұл – табысы аз немесе мүлде жоқ адамдардың қатары ресми көрсеткіштерден әлдеқайда көп екенінің айғағы. Мемлекет үшін ең басты дүние – жұмыссыздардың нақты санын анықтау.

Қазір «Жұмыспен қамту» жол картасы даярланып, 250 мың адамды жұмыспен қамтиды деген болжам бар. Әрине, бұл дұрыс қадам. Бірақ, 250 мың жұмыссызға жұмыс тауып беру – жалпы жұмыссыздардың оннан бірін ғана қанағаттандыратын бағдарлама.

Халықтың жалпы табысы аз. Осы жалпы табысты көтеруде негізгі тетіктерді тауып, мәселені шешу керек. Карантиннен кейін бізді дағдарыс күтіп тұрғаны белгілі. Мемлекет тарапынан 4,4 триллион теңгені дұрыс бөліп, мұқтаж нысандарға тарату керек. Қазіргі уақыттың ең басты талабы – осы», - дейді экономист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары