ҚР ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық қордың активтері өзгере қоймағанын айтты. Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
"Алдын ала деректер бойынша, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) Ұлттық банктегі валюталық шоттарының 600 млн АҚШ долларына өсуі нәтижесінде алтын-валюта резервтерінің (АВР) валюталық бөлігінің ұлғаюы есебінен Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері биыл мамырда 3,1%-ға немесе 950 млн АҚШ долларына ұлғайып, 31,5 млрд АҚШ долларын құрады. Алтынды Ұлттық қорға 250 млн АҚШ долларына сату және алтын бағасының бір унциясы үшін 1 717-ден 1 726 долларға дейін өсуі есебінен алтын портфелі 137 млн АҚШ долларына азайды", - деді ол.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылғы мамырда өткен айға қарағанда айтарлықтай өзгере қойған жоқ және 58,5 млрд АҚШ долларын құрады.
"Мамырда Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілді трансферт ретінде шамамен 1,6 млрд АҚШ доллары баламасында 650 млрд теңге бөлінді. 2020 жылғы мамырда Ұлттық қордан кепілді трансферт бөлу үшін 1,1 млрд АҚШ доллары сомасына валюта сатылды. 384 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі шетел валютасының түсімі және ағымдағы жылғы мамырдағы акциялар нарығының ішінара қалпына келуі нәтижесінде алынған 670 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестициялық кіріс Ұлттық қордан сатылымдардың орнын толтырды. Халықаралық жалпы резервтер ағымдағы бір айдың ішінде 1%-ға ұлғайып 90 млрд АҚШ долларын құрады", - деді Досаев.
Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, 2020 жылы сәуірдің соңында депозиттер көлемі валютадағы және сол сияқты теңгедегі салымдардың өсуі есебінен жыл басынан бері 3,3%-ға ұлғайып, 19,6 трлн теңге болды.
"Ұлттық валютадағы салымдар 2,8%-ға (немесе 301 млрд теңгеге), шетел валютасындағы салымдар – 4,0%-ға (немесе 328 млрд теңгеге) өсті. Бағамды қайта бағалауды ескермегенде, валюталық салымдар 6,3%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі ағымдағы жылғы сәуірде 43,4% (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%) болды. Ағымдағы жылғы мамырда депозиттердің долларлануы ағымдағы жылғы 29 мамырдағы алдын ала бағалау бойынша 41,8%-ға дейін төмендеді", - деді ол.