Қызылорда облысында жергілікті аймақта өсетін қамыс биыл Германияға экспортқа шығарыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, аталған мемлекетте қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылады. Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығарылған. Бүгінгі күнге дейін 122,1 тоннасы Германияға жіберілген.
«Қызылорда облысынан жыл басынан бері 13,9 млн долларды құрайтын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,7 пайызға артты. Шетелден балық, күріш, бидай қалдығы, қамыс өнімдеріне сұраныс жасалды.
Облыста өндірілетін өнімдер Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Польша, Германия, Литва және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.