$ 494.87  520.65  4.91

«Сыбаға» бұйырмаған шаруалар аштық жариялауға мәжбүр

Шенеунік біткенді елден үркітіп, берісі - Австрия, арысы - АҚШ, Канада асыртып жіберген «Сыбаға» бағдарламасының бүгінде шаруаларды тығырыққа тіреп отыр. Наразы шаруалар аштық жариялауға көшкен.
фото: aigak.kz
фото: aigak.kz

Біздің елде көп нәрсе атүсті жасалады. Тергеп-тексеру, тиімді-тиімсіз тұсын түйсіну деген атымен жоқ. Жоғарыдан айтылды болды, ұлардай шуылдап қоя беретін әдетіміз бар.  Кезінде «шетелден асыл тұқымды мал сатып алу» науқаны да тура осылай басталған еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осыдан он шақты жыл бұрын Өмірзақ Шөкеев (ол кезде Премьер-министрдің бірінші орынбасары-тын) «2015 жылға қарай жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз. Ол үшін шетелден мал әкеліп, осы саланың әлеуетін көтеру керек» деген бастама көтерді де ұзамай күллі шенеунік біткен шекара асып, шұбырып кетті. Берісі - Австрия, арысы - АҚШ, Канада асып барып, келісім жасасып қайтты.

Осы аралықта мың болғыр «ҚазАгроҚаржы» мекемесі едел-жедел түрді «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын әзірлеп тастады. Араға ай салмай жатып «2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізу мақсатында алдағы 5 жыл ішінде елімізге 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелінеді», - деп табақтай құжат жасап Үкіметтің талқылауына тастай салды. Ақыры әлемдегі ет индустриясы дамыған Австралия, АҚШ, Канада секілді елдерден 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алынсын», - деген қаулы шығып, қол қойылып, бармақ басылды да тізгіні «ҚазАгроның» сол кездегі қожайыны Асылжан Мамытбековтің қолына табысталды да кетті. Осылайша құны 7 мың доллар тұратын «америкалық күйеу бұқалар»  табын-табын болып келіп жатты. 

Бірақ оның арты не болды?  Әдеттегідей үлкен шуға ұласы. Көбінен қауіпті ауру табылып, босқа арам қатты. Амалсыз түгін қалдырмастан бәрін өртеп жіберуге тура келді. Миллиондаған қаржы желге ұшты. 

Ол аздай шенеуніктердің барып келісім жасасып келген шетелдік компаниялардың біразы алаяқ болып шыққанын қайтесіз. Өткен жылы ғана еліміздің 16 бірдей шаруа қожалығы Ресейлік «КАМагро» деген алаяқ компаниясының құрығына түсіп қалып, көп зиян шекті. 

Нақты айтар болсақ, өткен жылы ауылшаруашылығын қолдау мақсатында қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасы Үкіметтен арзан несие алып, шет елден асыл тұқымды ірі қара әкелеміз деп Ресейдің «КАМагро» деген алаяқ компаниясының құрбаны болған бір топ шаруа шу шығарған болатын. Арзан несие үшін бар тапқанын кепілдікке қойып жібергендіктен дымсыз қала жаздаған 16 кәсіпкер болмаған соң аштық жариялап, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуін талап еткен болатын. 

Олардың айтуынша, Қазақстанға мал жеткізіп беретін мекемелердің тізімін (солардың арасында «КАМагро» да бар) «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы үлестіріп отырған мекеменің өзі берген екен. Алайда, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бұл мәселені жоққа шығарып, фермерлер шеттен малды жеткізу операторын өздері таңдағанын, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі мен оның еншілес ұйымдарының қатысуынсыз жасалғанын айтып бет бақтырмай келген болатын. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырған. 

Абырой болғанда сол мәселенің биыл беті бері қараған секілді. Ел үкіметі Ресейдің «КАМагро» деген алаяқ компаниясының құрығына түскен 16 шаруа қожалығына қолдау білдіру туралы шешімге келіпті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басқарма төрағасы Жандар Омаров хабардар етті. Қазақ радиосының жаңалықтар қызметінің мәліметінше , шулы мәселеге қатысты бүгінде арнайы қоғамдық комиссия құрылып жатыр. 

Жандар Омаровтың айтуынша, бүгінде бұл мәселемен «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес екі ұйымымен бірлесіп қолға алған. «Мәселенің шын мәнінде қиын екені түсінікті болды. Бұл жерде шаруалардың өздері кінәлі. Бірақ соған қарамастан алаяқтардың құрығына түскен шаруаларға көмек беріледі. Келеңсіз жағдайға байланысты министрлігі өкілдері фермерлермен бірге Қазан қаласына барып Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің алаңында бірнеше рет келіссөздер өткізді. Нәтижесінде фермерлердің мүдделері үшін қылмыстық іс қозғауға қол жеткізді. Қазіргі уақытта министрлік 16 қазақстандық фермердің проблемаларын шешу үшін барлық шараларды қабылдауда», - дейді Ж.Омаров.

Сонымен қатар, ол «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларына зардап шеккен фермерлердің төлемдері мен үстемақысын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтата тұру ұсынылғанын атап өтті. Барлық айыппұлдар да алынып тасталады. «КамАгроның» келісімшарттық міндеттемелерін орындамағаны туралы қылмыстық істі сот қарауының нәтижелері бойынша 2033 жылға дейін одан әрі ұзарту мүмкіндігі қарастырылады. «Екіншіден, «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдары 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін қосымша төлемдерді кейінге қалдыру және несие бойынша сыйақы есептеп тұруды тоқтата тұру туралы медиация әдісін сот тәртібімен қарауға дайын», - дейді ол. 

Бірақ шаруалар Омаровтың бұл сөзіне сенгісі жоқ. Уәделеріне әбден тоыйып біткенін айтады. «Талай мәрте уәде берді. Бірақ әлі күнге дейін малға да, ақшаға да қол жеткізе алмай келеміз», - дейді алданған шаруалардың  бірі  Қайрат Жакешов.

Айтпақшы, күдерлерін үзген шаруалар бүгіннен бастап аштық жариялауға кіріскендерін мәлімдеді. Қайрат Жакешов кешеден бері нәр татпағанын айтып бейне үндеу жариялады. «Соңғы үмітіміз президентте», -  дейді ақтөбелік кәсіпкер Қайрат Жакешов. 

Қысқасы, Өмірзақ Шөкеев пен Асылжан Мамытбеков бастап кеткен асыл тұқымды сиыр дауы әлі тылай жылға азық болатын секілді.  
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары