"Forbes Kazakhstan" басылымы миллионер деп таныған белгілі кəсіпкер Марат Абиев ҚР Ұлттық музейіне өзі сақтап келген құнды жәдігерлердің бірін сыйға тартты деп хабарлайды Sn.kz музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, кеше Ақтөбеде «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция өтіп, оған осы өңірден шыққан танымал азаматтар қатысты. Шара барысында қонақтар еліміздің бас музейіне өздерінде бар құнды тарихи жәдігерлерді табыстады. Атап айтар болсақ, Құдайберген Жұбанов, Нұрпейіс Байғанин, Әлия Молдағұлова, Марат Оспанов, Қадірәлі Ержанов сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары құнды жәдігерлерді табыстаса, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалымжан Байдарбес, ақтөбелік жас миллионер Марат Әбиев, мәдениет қайраткері Қайырғали Қожамбаев, бокстан Азия және Әлем чемпионы Галиб Джафаров, қазақша күрестен Азия және Әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов, самбо және дзюдо күресінен Азия және 2 мәрте Әлем чемпионы Райса Байлиева, гір көтеруден 12 мәрте әлем чемпионы Евгений Гончаров секілді облыс мақтаныштары Ұлттық музей қорына жеке заттарын тапсырды.
Сонымен қатар, аталмыш акцияға жергілікті кәсіпкерлер де белсенді түрде қатысты. Атап айтсақ, «Динар-Электромаш» ЖШС Ұлттық музейге XVIII ғасырдың екінші жартысына жататын келі мен келсапты тапсырды.
Естеріңізге салайық, 27 жастағы Марат Әбиев 2013 жылы Қазақстандағы ең жас миллионер деп танылған болатын. Оның құбыр шығаратын зауыттан жиған дәулеті 11 миллион долларды құрайды. Әбиев Ұлттық музейге XIX ғасырда иран шеберлері жасаған көне металл құмыраны сыйға тартты.