$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстандағы автокөлік өндірісі биыл екі есеге қысқарды

Қазақстандық автоөндірушілер ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жеңіл автомобиль өндірісін былтырмен салыстырғанда 92,2 пайызға дейін қысқартқан, яғни небәрі 428 дана автокөлік жасап шығарыпты. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлады деп жазады Radiotochka.kz.

Ал, жүк көліктерінің өндірісі болса аталған мерзімде 14,2 пайызға қысқарып, 247 дана көрсеткішін құрап отыр.

Айта кетейік, Қазақстан аумағында үш ірі автомобиль жасаушы зауыт жұмыс істейді, олар: "Азия Авто", "Сарыарқа Автопром" және "Агромашхолдинг". Олар Kia, Chevrolet, Skoda, Hyundai, SsangYong, Peugeot, ВАЗ сынды көліктерді жинаумен айналысады. 2015 жылы бұл өнеркәсіп орындары 12,45 мың дана жеңіл, 1,66 мың дана жүк көліктерін құрастырып шығарған. 

Қазақстандық автомобиль бизнесі қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, биыл ел тұрғындары арасында отандық су жаңа көліктерге деген сұраныс азайып кеткен. Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында дилерлер небәрі 6991 көлік сатып үлгеріпті. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 59 пайызға төмен. Тіпті, 2015 жылғы көрсеткіштер де 2014 жылғымен салыстырғанда 40,4 пайызға аз екені белгілі болып отыр. Демек, биыл елімізде жаңа көлік сатып алушылардың қатары алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге қысқарған.

ФОТО: Forbes.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары