Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруа қожалық жүзімнен жылына 150 млн теңге табыс тауып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, Жылысу ауылдық округінде орналасқан «Ер-Те Агро» ЖШС 33 гектар аумаққа жүзімнің 9 сортын еккен. Атап айтқанда, Ливия, Аркадия, Кодрянка, Велес және Сәулелі кишмиш, Анюта, Байқоңыр, Женеев, Преображение сынды түрлері бар. Серіктестік иесі Сұлтан Жолдасбаевтың айтуынша, биыл жүзімнің әр гектарынан 20 тонна өнім жиналған. Сатылу бағасы – 300-400 теңге аралығында.
Шығындарды есептегенде, серіктестік жылына орта есеппен 150 млн теңге таза табыс тауып отыр. 2012 жылы бой көтерген жүзім бағы 4 жылда өз шығынын ақтаған. Маусымдық кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Өнім негізінен Қазақстан аумағында сатылады. Серіктестік өнімге сұраныс артқан жағдайда жүзім аумағын ұлғайтуды көздеп отыр.
Жалпы, Жетісай ауданы бойынша 1183 гектар аумаққа жеміс-жидек және жүзім дақылдары егілген. Оның ішінде қарқынды бау 255 гектарды құрайды. Қарқынды бауларда жүзім мен алманың италиялық, беларусьтық, украиналық сорттары егілген.