$ 445.66  474.58  4.78

«Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды» — Қаржы министрлігі

Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ, 2019 жылы «Астана-1», «Электрондық шот-фактуралар», «Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйелері енгізілді. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99%-ы және кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады.
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

 Пандемияға қарамастан, мемлекеттік бюджет кірісі 2019 жылмен салыстырғанда бұрынғы деңгейде сақталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов пен қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады. 

Қаржы министрлігі басшысының ақпараты бойынша, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 102,7%-ға, республикалық бюджет бойынша жоспар 100,3%-ға және жергілікті бюджет бойынша жоспар 108%-дан астам орындалды. Бұл ретте республикалық бюджетке түсетін түсімдер 562 млрд теңгеге төмендеді, ал жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 627 млрд теңгеге өсті.

 «Жалпы, республикалық деңгейде түсімдердің төмендеуі экономиканың құлдырауымен, сондай-ақ пандемияға байланысты шектеулермен байланысты», — деп түсіндірді ол. 

Салықтар бойынша серпінде ішкі өндіріс тауарларына ҚҚС 11%-ға төмендеді. Салықтардың құрылымында корпоративтік табыс салығы – 3,5%-ға, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары бойынша қосылған құн салығы – 1,8%-ға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорынан салықтар – 5,3%-ға ұлғайды. Негізгі кедендік төлемдер бойынша түсімдердің төмендеуі орын алды. 

Экономика салалары бойынша: мұнай мен металл бағасының төмендеуі есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі түсімдер 43%-ға төмендеді; көлік секторында түсімдер 10%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 9%-ға, құрылыс саласында 2,2%-ға және сауда саласында 1,4%-ға өсті. 

Ерұлан Жамаубаев салықтық-кедендік әкімшілендірудегі оң динамиканы атап өтті. 2020 жылы мемлекеттік кірістер органдары 11,4 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 58% аз, ал нәтиже көрсеткіші 29%-ға артық. Бұл салада қашықтан бақылаудың жаңа әдістері енгізілді.

 Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру мақсатында тиісті қағидаларға өзгерістер енгізілді, онда мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың қаржылық тұрақтылығы расталады. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,5 мың өтініш қаралып, 7,4 млрд теңге сомасына түсімдер қамтамасыз етілді. ҚХР экспорты – ҚР импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі айырмашылықтар өткен жылы 45%-ға дейін төмендеді. Кедендік тексерулердің тиімділігі 51%-ға дейін артты, бұл қосымша 25 млрд теңгені қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

 Қаржы министрі Е. Жамаубаев айтқандай, әкімшілендіру процестерін автоматтандыру және адами факторды болдырмау мақсатында «Экспорттық бақылау» модулі іске қосылды және навигациялық пломбаларды пайдалану басталды. Қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижесі байқалады. 

 Мемлекеттік кірістер комитетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтінішін өңдеді. Олардың 91% операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады. 

«Өткен жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97% – электрондық түрде. Көбінесе адамдар жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінеді», — деді Е. Жамаубаев.

Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ, 2019 жылы «Астана-1», «Электрондық шот-фактуралар», «Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйелері енгізілді. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99%-ы және кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады. 

Қаржы министрінің айтуынша, «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік берді. 

«Тәуекелдерді басқару жүйесінің» қолданылу аясы кеңейтілді.  Жалпы, министрдің айтуынша, тәуекелдердің 86 түрлі модельдері құрылды, 12 млрд астам цифрлық құжаттар өңделді. Соның нәтижесінде, цифрландыру мен әкімшілендіру есебінен 2019 жылы қосымша 916 млрд теңге қамтамасыз етілді. 

2020 жылдан бастап онлайн-БКМ қолдануға жаппай көшу жүргізілді. 

«Өткен жылы енгізілген “Е-терезе” ақпараттық жүйесі рұқсат құжаттарын беретін 13 ақпараттық жүйені біріктірді. Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды», — деді ведомство басшысы. 2020 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілендіру және цифрландыру есебінен қосымша 710 млрд теңге салық түсімдері қамтамасыз етілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары