Күріш пен мақтадан бөлек шардаралықтар көп жылдық екпелерге көңіл бөле бастады. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Тұрысбеков ауылдық округінде 220 гектарға, Жаушықұм ауылында 55 гектарға, Қоссейіт ауылында 13 гектарға жүзім көшеттері отырғызылған. Жүзімнің «тайфи розовый» сортын еккен шаруалар өнімді үш жылдан соң алатынын айтуда. Ал ауданда 209 гектар жерге егілген жүзім алқабынан өнім жиналуда. Бүгінгі күнге гектарына 35 цн өнім алған диқандар 731,5 тонна жүзім жинаған.
Сонымен қатар, аудан тұрғыны А.Ибадуллаев 10 гектар алқапқа алманың «Павлинка» деп аталатын сортын өсіруді қолға алған. Ал бүгінге дейін ауданда 70 гектар жерге егілген алма баудан гектарына 25 цн. өнім түсіп, жалпы 175 тонна алма терілген.
Шардаралық шаруалар 2010 жылдан бері жалпы көлемі 1097 гектар жерге егілген бау-бақшадан мол өнім жинап келеді. Бұдан түсер пайданың мол екеніне көзі жеткен диқандар бау-бақшаны дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жиналған өнімдер ауданның ішкі нарығына шығарылуда.
Айта кетейік, шардаралық диқандар биыл қауын-қарбыздың да мол өнімін жинап, еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейге экспорттады.
Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңға дейін шардаралық шаруалардың 3338 гектар егіс алқабынан 83450 тонна қауын-қарбыз сатылымға шығарылған. Оның ішінде, өзіміздің нарықтан бөлек, 50 000 тоннасы Ресей мемлекетіне экспортталса, қалғаны өзіміздің солтүстік облыстарға жөнелтіліпті.