25.07.2016, 14:14

Сарыағаштың сәулеті артып келеді

Шипалы суымен танылған Сарыағаш қаласы жылдан жылға көркейіп, дамып келеді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шаһар аумағын абаттандыру мақсатында Сарыағаш арқылы өтетін «Шымкент-Жетісай» автожолы бойын абаттандыру үшін қалаға кіреберіске жастарға серуендеуге арналған аллея жасалды. Жұмыстарды «Сарыағаш-Тазалық» МКК-сі аудандық бюджеттен бөлінген 37 млн. теңгеге жасады.

Пайдалануға берілген жаңа аллея ішіне орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, көпжылдық шырша ағаштары егілді. Сонымен қатар, 3 дана еліктің шағын сәулеттік нысандары орнатылды деп мәлімдеді Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мұнан бөлек, Сарыағаш қаласына кіре берісте «Гелиос» ЖЖҚ бекетіне дейін трассаның екі бетіне ағаштан көріктендірілген шарбақтар орнатылды. Оған қоса, аудандық бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлініп «Сарыағаш-Тазалық» МКК-ны тарапынан түнгі жарықтандыру шамдары орнатылып, гүл егетін үлкен вазалар қойылды. Бұл өз кезегінде, қалаға ерекше көрік беріп тұр.

«Шымкент-Жетісай» автожолы бойынан өтетін қала аумағындағы жарқабақтарды ретке келтіру мақсатында аудандық бюджеттен 13,7 млн. теңге қаржы бөлініп жеңіл конструкциялы қабырғалар көтеріліп, «Ағайыны аралас, жер төресі - Сарыағаш» атты сөз жазылды. Сонымен қатар, жарнама ілетін құрылғы орнатылып, түнде жарық беретін шамдар ілінді. Қаланың көше бойларына көп жылдық раушан гүлдері егілді.