Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Доан Тхи Суан Хйен Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы сапармен келіп, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловпен кездесті. Босқосуда тараптар қос елдің ынтымақтастық қарым-қатынасы мен сауда-экономикалық жағдайы туралы әңгіме өрбітті.
Аймақ басшысы мәртебелі мейманға Оңтүстік Қазақстан өлкесінің негізгі әлеуеттік көрсеткіштері мен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, өңірімізде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ашылған «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы жайлы әңгімелеп, онда саяхатшылар үшін бір терезе қағидасы бойыша қызмет көрсетілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Вьетнам елшісі өңіріміздің инвестициялық әлеуетінің жақсарғанын айтып, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді оң бағалады. Күріш өнімін экспорттаудан әлем бойынша көш бастайтын мемлекет өкілдері Оңтүстік Қазақстан обысының шаруаларын вьетнамдық күріш өсірудің тың тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуға шақырды. Кездесу нәтижесінде Оңтүстік өлкесімен ауа райы ұқсас келетін елге алдағы уақытта біздің кәсіпкерлер баратын болып уағдаласты.
Доан Тхи Суан Хйен бастаған бір топ делегация өңіріміздің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы жетекшілерімен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты нығайту жолдарын қарастырады деп күтілуде.