$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да клуб мәдениеті қайта жандануда

Елбасы Н.Назарбаев 2000-жылды «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жариялағаны белгiлi. Сол жылдардан берi Оңтүстiк Қазақстан облысында 56 мәдениет үйi мен клуб ашылған. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темiрхан БАҚ өкiлдерiне 2016 жылдың алты айының қорытындысы бойынша берген есебiнде мәлiмдедi.

90-жылдардың басында қаржы тапшылығы мен жекешелендiруге байланысты облыстағы 752 клубтың 554-i жабылып, 198-i ғана қалған екен. Осы жылдар iшiнде жаңадан 13 мәдениет үйi мен клуб салынып, клубтардың 70 пайызы күрделi және ағымдағы жөндеуден өттi. Бүгiнгi таңда Сарыағаш ауданында 4 мәдениет үйiнiң құрылысы жүргiзiлуде.

– Жалпы, облыс бойынша 27 мәдениет үйi жөндеу жұмыстарын қажет етедi. Мәселен, Мақтаарал ауданында – 7, Қазығұртта 2 мәдениет үйiнiң жобалық-сметалық құжаттары дайын болмағандықтан, жөндеу жұмыстары басталмай отыр. Әйтпесе, мәдениет саласына қазынадан 3 млрд. 269 млн. теңге аударылды, – дейдi Асылхан Темiрханұлы.

Облыс өнерпаздары ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында көптеген жетiстiктерге қол жеткiзiптi. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Қазына» би ансамблi қаңтар айында Алматы қаласында өткен «Розы Казахстана» атты халықаралық би фестивалiнде бас жүлденi, шiлдеде Болгарияда өткен халықаралық би фестивалiнде II орынды иеленген. Дәл бүгiнгi таңда «Қазына» Аустрияда өтiп жатқан халықаралық би фестивалiне қатысуда.

Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын «Оңтүстiк-Цирк» мекемесi де үлкен табыстармен қарсы алды. Былтыр халықаралық «Шабыт» фестивалiнде «Цирк» номинациясы бойынша 1-орынды иеленсе, биыл IХ халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалiнен 2-орынды еншiлеп қайтты.

Биыл облыста өтетiн мәдени iс-шаралардың ауқымы зор. «Алтын сақа» атты балаларға арналған фильмдер фестивалi ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ, «Менiң Қазақстаным» халықаралық ән байқауы да композитор Ш.Қалдаяқовтың туған жерiнде өтедi деп күтiлуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары