$ 498.34  519.72  4.85

Ащысайдың әлеуеті артуда

Кен өндiру iсiнде аты Қазақстанға ғана емес, Кеңес Одағына кеңiнен танымал болған Ащысай – металлургтердiң мәртебесiн арттырған мекен. Еңбек адамдарының ерен ерлiктерi арқасында мұнда кен өндiрiсi бойынша бiрнеше рет әлемдiк рекордтар жасалған. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған он оқтың жетеуiне дайындалған қорғасын осы Ащысайдан өндiрiлдi. Өндiрiс тiкелей Мәскеу арқылы басқарылғандықтан, Кеңес Одағы ыдыраған тұста Ащысайдың да тiрлiгi тұралай бастады. Дегенмен, бұл уақытша қиындықтар екен.

Расында, ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында шалғайда орналасқан ауылдағы Ж.Жабаев атындағы №7 және М.Горький атындағы №8 жалпы орта мектептерi күрделi жөндеуден өтiп жатыр. Ғимараттардың есiк-терезелерi толығымен жаңаланбақ. Iшi-сырты қайта сыланып, шатыры ауыстырылуда. Ең бастысы, ауылдағы жұмыссыз жандар «екi қолға бiр күрек» тауып отыр. Балалар жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтындарына дән риза. Ал, ұстаздар «оқушылардың сәнi кiрген, заман талабына сай ғимараттарда бiлiм алуы бiлiм сапасының жоғарылауына үлкен әсер етедi» дейдi.

Ауылдағы отбасылық дәрiгерлiк амбулатория заманауи үлгiде салынған. Ғимараттың тазалығы, мамандардың ұқыптылығы мен жұмыстағы жүйелiлiк бiрден көзге түседi.

Жастар серуендеп, салтанат құратын саябақ та толық қоршалыпты. Оның iшiндегi жолдар жөнделiп, орындықтар қойылып, саябаққа сән кiрген. Сондай-ақ, Құлымбетов және Жамбыл көшелерiне жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, бүгiнде жарықтандыру жұмыстары қолға алынған.

Ащысай ауылдық клубы кезiнде металлургтер мен кеншiлердiң мерейiн өсiрген мәдени ошақтың бiрi болатын. Мұнда түрлi жиындар мен кездесулер, концерттер өтетiн. Аумалы-төкпелi кезеңде клуб та құлазып, көркi бүлiнген-дi.

Бүгiнде клуб жөндеуден өтуде. Оған 36 434,83 мың теңге бөлiнген. Бас мердiгер – «Шымкент Гранд Строй» ЖШС-i. Жоспарға сәйкес жұмыстар қыркүйек айында аяқталмақ.

Ауыл жастарының спортпен алаңсыз шұғылдануы үшiн спорт зал талапқа сай болуы тиiс. Қазiр мұнда тоғызқұмалақ үйiрмесiне арнайы штат берiлiптi. Бильярд, тенниспен шұғылданамын деген жастарға да есiк ашық. Спортзал жөндеуден өткен соң басқа да секциялар ашылады деп күтiлуде.

Ауылдағы тұрғылықты халықтың денi мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекет тарапынан берiлiп отырған жеңiлдетiлген несиемен шаруасын дөңгелетiп отырғандар аз емес. Нақтырағы, былтыр 5 азамат мемлекеттiк бағдарлама аясында төмен пайызбен несие алса, биыл бiр тұрғын қаржы институттары ұсынған қаржымен iсiн бастап отыр. Тағы да 5 азамат несие алуға құжаттарын өткiзiп, жауабын күтуде.

Халықты кәсiпкерлiкке баулу мақсатында қаладан қаржы институттарының, кәсiпкерлiк бөлiмi мен кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары келiп, мемлекеттiк бағдарламалар бойынша көрсетiлетiн жеңiлдiктердi түсiндiрiп отырады. Бүгiнде ауылда 2176 тұрғын бар. Олардың денi – кеншiлер мен металлургтер. Қазiргi кезде ауыл тұрғындарының бiразы өзге аймақтарда вахталық әдiспен жұмыс iстейдi.

Жергiлiктi тұрғындар металлургтердiң мекенi болған Ащысайда әлi де кеннiң бар екендiгiне бек сенiмдi. «Үкiмет тарапынан үлкен қолдау көрсетiлiп, кен өндiрiсi қайта қолға алынса» деген тiлектерi бар. Бұл жайтты назарға алған Кентау қаласының әкiмдiгi инвестиция тарту мақсатында жұмыстар жүргiзуде. Нәтижесi де жоқ емес. Төрт мемлекеттен келген инвесторлар Ащысайдағы кен өндiру iсiне қызығушылық танытыпты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жанданады деген үмiт бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары